25 қыр, 2019 сағат 16:09

Мұқабасы әдемі, ішінде іліп алар дүниесі жоқ кітаптар көбейіп кетті - Сэдоогийн Хадаа

Алматыда өтіп жатқан екінші халықаралық жазушылар форумында Моңғол елінен келген Сэдоогийн Хадаа, көркем аудармаға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Моңғол елінен келген жазушы Сэдоогийн Хадааның пікірінше, көркем аударма әлемдік проблема. Аударманың өзі сын, қиын, күрделі мәселе. Көркем аударма уақытпен кеңістік көлемін қамтиды, тілдің өз шегінен шығуды білдіреді.

«Шын мәнісінде шынайы көркем аударма - ол аударманың өзінің шегінен шығу. Бір тілден басқа тілге, бір елден басқа елге, бір мәдениеттен басқа мәдениетке шығу. Бірақ бұл жәй ғана мәтін трасплантациялау емес. Көркем аударма менің ойымша электрондық жүйені қабылдамайды»,-деді Моңғол жазушысы Сэдоогийн Хадаа.

Оның айтуынша, қазір әлем бойынша жазушылар мен оқырмандар зардап шегуде. Әр елдің классик жазушыларының шығармаларын мән-мағынасы жоқ әңгімелер мен өлеңдер басып барады. Мұқабасы әдемі безендірілген, алайда ішінде іліп алар дүниесі жоқ кітаптар қаптап кетті. Интернет кеңістігі де әдебиетке өз кесірін тигізіп жатыр.

«Бұл ақиқат. Мойындауымыз керек. Алайда әр проблеманың шешімі болады. Бүгінгі форум осының бір айғағы. Қаламгерлер басқосуы әдебиет әлемінде халықаралық бағаға ие болатынына мен сенемін» - дейді Сэдоогийн Хадаа.

Бұған дейін, жазушы Смағұл Елубай Қазақстанда әдеби агент жүйесін құру туралы сөз қозғады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Міржақыптардың шығармасын шет тіліне аудару керектігін айтты.

Еске сала кетсек, Алматыда халықаралық жазушылар форумы өтіп жатыр. Оған 18 мемлекеттен 81 делегат қатысуда.