24 қар, 2016 сағат 11:59

Моцарт өлімінің құпиясы: Сальеридің жазығы не?

...Отыз бес жасында көз жұмған Моцарт­тың өлімі туралы аңыз аз емес. «Моцарт­тың талантын қызғанып, күндеген Сальери у беріп, өлтірді» деген пікірдің жиі айтыл­ғаны рас. Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шығармасынан кейін бұл әдеби миф әлемге кеңінен тарап кетті. Соңғы жыл­дары моцарттанушылар «Ұлы компо­зитор өз ажалымен өлді, Сальериге жала жабылды» деп, мұны жоққа шығара бастады. Моцарт дүние салғаннан кейін 32 жылдан кейін Сальери өз тамағын кесіп, бірақ өлмей тірі қалады. Сальеридің дұш­пандары «Сальери Моцартты өлтіргеннен кейін өзін-өзі кешіре алмай, өзін-өзі өлтірмек болды» деп, өсек-әңгіме таратып жібереді. Моцарттанушылар: «Сальери өте танымал, бақуатты болды. Моцарт ақшаға жарымай жүргенде, ол шалқып өмір сүрді. Екеуінің арасында бәсекелестік, бақталас­тық болғаны рас. Сальери Моцартты қызғанды, күндеді, бірақ, өлтірген жоқ», – дейді.

Сальери де үлкен талант еді, оның да тыңдаушылары мен табынушылары бол­ды. 21 жасында «Армида» опералық шығар­масын жазды. «Армида» Еуропаның беделді театрларында үлкен табыспен сахналанды. Мақтаған да, сынаған да әріп­тестері аз болмады. Сальеридің шығар­ма­шылығын қатты сынап, тіпті, жоққа шығарып тастағандардың бірі – Моцарт­тың әкесі, Леопольд Моцарт еді. Сальери­дің императормен қарым-қатынасы жақсы болғаны, императордың оны бағалағаны, сарайдың капельмейстері қызметін атқар­ғаны – бәрі-бәрі Леопольдтың (Моцарттың әкесі) жүйкесіне тиетін. Әкесінің ойынша, «Сальери Моцарт иемденуге тиіс қызметті, беделді иемденіп жүр». Ойын, Сальериге деген көзқарасын баласынан жасырған емес. Қысқасы, «жолы болғыш итальян­дықты» Леопольд жаратқан жоқ. Ол кезде Венаны мойындату – бүкіл Еуропаны мойындату еді. Итальяндықтар табиға­тынан музыкашыл, сауықшыл халық қой. Олар Венада үлкен танымал­дылыққа ие болып жатты. Әрине, бұл австриялық жергілікті музыканттарға ұнаған жоқ. Ал Моцарттың тәрбиесінде, композитор болып, жарқырап танылуында әкесінің рөлі аз болмағанын әсте ұмытуға бол­майды. Әкесінің Сальери туралы пікірі, әрине, Моцартқа әсер етті. Әкесі секілді Моцарт та итальяндықтарды жек көретін. Әрине, Моцарттың өзін ұнатпайтынын Сальери жақсы білді. Өзін ұнатпайтын адамды кім жақсы көрсін?! Жыл өткен сайын олардың қарым-қатынасы шиелене түсті. Бес жасынан музыка әлемінде «вундеркинд» саналып, аты жер жарған Моцартты Сальери де өзінің бәсекелесі санады. Дәрігер Э.Гульднер «Моцарт без­гек ауруымен ауырды. Безгек ауруының асқынғаны сондай, Моцарт төсекте қалшылдап, өз-өзіне келе алмай жатты, ол күннен-күнге әлсіреп, ауруы асқынған үстіне асқына түсті», – деп жазады.

Музыкатанушылар Бетховен Сальери­дің сүйікті шәкірті болғанын, Бетховен ұстазына үлкен құрметпен қарағанын жазады. Құлағы мүлдем естімей қалған­нан кейін Бетховен достарымен сөйлесуге дәптер арнайды. Мэтр дәптерге айтатын сөзін жазып, достарына көрсетіп, олар астына жауап жазған. Бетховеннің бір дәптерінде «Қазір Сальери қатты ауырып жатыр. Ол мүлдем есін жоғалтты. Ол өзін Моцарттың өліміне кінәлі санайды. У бергенін айтады» деген жазу бар. Бірақ, бұл жазу нақты Бетховенге тиесілі ме, жоқ па, бұл да әлі күнге дейін зерттеушілер арасында пікірталас тудырып келеді.

Музыка әлеміндегі үлкен фигура Сальериді уақыт, Моцарттың өлімі туралы миф «жағаға лақтырып тастады». Мо­царттанушылар Сальериді қанша ақтап жатса да, «Моцартты өлтірді» деген күйеден арылар емес.

Аягүл Мантай