15 қаз, 2024 сағат 20:46

Министрлік Черчесовтің сөзіне байланысты Қазақстан футбол федерациясынан түсінік талап етті

Фото: Getty Images Sport

ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды Ult.kz.

"Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады", - делінген министрлік мәлімдемесінде.


Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Тіл туралы" Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілген.

"Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз.
Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз", - дейді министрлік өкілдері.


Бұған дейін Сенат депутаты Геннадий Шиповских ҚХА мүшесі ретінде Станислав Черчесовтің қазақ тілін француз тілімен шатастырған әрекетіне қатысты Спорт министрі мен Қазақстан футбол федерациясына үндеу жолдаған еді.