03 ақп, 2022 сағат 13:21

Министр түлектер мен мұғалімдерге арналған дайындық тестің бағасын 2 есе түсіруді тапсырды


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектер мен мұғалімдерге арналған дайындық тестерінің бағасын 2 есеге түсіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық біліктілік тестілеудің сынама тестін тапсыру бағасына, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру бағасына, магистратураға түсу бойынша дайындық тестілеу бағасына қатысты қазіргі уақытта әртүрлі ақпарат алып жатырмыз. Біршама өзгерген. Әртүрлі дәлелдерді де естиміз. «Бұл міндетті емес», «дайындық тесттер», «өз еркімен тапсыратын тесттер», «міндетті тесттер ақысыз» деген дәлелдер айтылуда» - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында. 

Министрдің атап өтуінше, бірақ, мұндай дәлелдер ойға қонымсыз. 

«Сондықтан мен келесі тапсырма беремін. Осы дайындық тесттерінің бағасы 2 есе азайтылсын. Оны қайтадан қараңыздар. Бұл тапсырма бойынша тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Өйткені, дайындық тесті болса, өз еркімен тапсыратын тест болса да түлектер мен мұғалімдерге қолжетімді болуы керек. Сондықтан бағасын 2 есе түсіруді тапсырамын», - деді ол.