Қазгидрометтің болжамына сәйкес, күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болса, солтүстік-шығыста нормадан артық жауады деп күтілуде. Сол үшін бүгін Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев шаруаларға биылғы өнімді шығынсыз жинап алуды міндеттеді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бұл туралы министр Үкіметінің отырысында мал азығымен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселесі қаралған жиында айтты. Министрдің айтуынша, егін жинау техникасының екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру қажет және жұмыстың тоқтап қалуына жол бермеген абзал.
«Менің ойымша, биыл жиналатын астық көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығаруға да жетеді. Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырып, сегіз жүз мың тоннаға жуық келісімшарт жасалса, резервтік қор - 448 мың тонна. Бұл астық көлемі қажет болған жағдайда тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Осылайша, еліміздегі азық-түлік қорныың жеткілікті екенін және ол ең бірінші халыққа жұмсалатынын атап өткім келеді. Сонымен қатар, азық-түлік, мал-жан үшін биылғы жылы шөпті шет елге шығармаудың жолдарын да қарастырдық», - деді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.
Баршаңызға белгілі тамыз айы егін жинайтын мезгіл. Нақты айтқанда осы айдың үшінші онкүндігінен бастап жаппай егін жинауға кіріседі. Осы орайда Ауылшараушылық министрлігі мен Энергетика министрлігі бірігіп, облыс операторларын мұнай өңдеу зауытына бекіту кестесі жасалды.
Сонымен қатар, биыл еліміздегі құрғақшылыққа байланысты 23 тамыздан бастап шөпті елден шығаруға уақытша тыйым салынады. Келер айдан бастап, жем-шөп экспортын квоталау енгізіледі. Елдегі қиын жағдайға қарамастан, малды қыстан алып шығу үшін облыстардың басшылары жем-шөп дайындау жоспарларын дайындады.
Биыл топырақтағы және атмосферадағы қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егілген алқаптардың жағдайы едәуір нашарлады және бұл тек Қазақстанда ғана емес. Егіс алқаптарындағы жағдайдың нашарлау үрдісі әлемнің көптеген астық егуші елдеріне әсер етті.
«Егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді және сапалы тұқымдар егілді. Фермерлер уақытында тыңайтқыш сеуіп, арамшөп пен түрлі өсімдік ауруларына қарсы егіс алқаптарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек. Сол себепті де құрғақшылықтың салдарын зерттеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылды, олар астық егетін аймақтардың барлық аудандарын зерттеді», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Еліміздегі ауа райы қандай болса да, шаруалардың жұмысына ешқандай қиын жағдай тудырмаудың жолдарын қарастыру керек деді министр. Оның айтуынша, осыған байланысты, әрбір жақсы күнді барынша тиімді пайдалану керек. Егін жинау техникасының екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру қажет. Жұмыстың тоқтап қалуына жол бермеген абзал. Осының бәрін ескере келе, өнімділікті арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үкіметінің отырысында мал азығымен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселесі қаралған жиын өтті. Осы жиында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев шаруаларға биылғы өнімді шығынсыз жинап алуды міндеттеді. Өйткені, Қазгидрометтің болжамына сәйкес, күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болса, солтүстік-шығыста нормадан артық жауады, деп күтілуде. Министрдің айтуынша, егін жинау техникасының екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру қажет және жұмыстың тоқтап қалуына жол бермеген абзал.
