30 жел, 2019 сағат 08:37

Министр «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауының 3 нұсқасын атады

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы түбінде «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауының 3 нұсқасын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге сәйкес үш нұсқамыз бар. Біріншісі – ұшақ экипажының қателігі. Екінші – ұшақтағы техникалық ақау. Үшінші – әуежайдың навигациялық қызметінің қателігі. Бүгінде 5-6 техникалық сараптама жүргізілу үстінде. Ұшақты жасаған зауыттан мамандар келді. Олар біздің сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сараптамалар біткеннен кейін нәтижесін айтамыз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, ұшақтың екінші ұшқысы, бір бортсерік қазіргі уақытта ауруханада реанимацияда жатыр. Ал қалған 2 бортсерік ұшақтың артқы бөлігінде отырғандықтан аман қалды.

Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.