«… Бесік пен көрдің арасы —
Есік пен төрдей жақынын…»
Сағи.
Сағи ақын тірі болса, қазір жетпіске келер еді. Мүмкін, өзі саналы өмірін өткізген, ал бірде… тура алпысқа толған күні таңғы ұйқыдан оянбай, мәңгі ұйқыға кете барған Алматысында, мөп-мөлдір, мейлінше шынайы, содан да сыршыл өлеңінде тұнып қалған балалық-жастық дәуренін өткізген Ақтөбесінде тойлатып та жатар ма еді? Мүмкін, өзінің табиғи дегдарлығынан өретін сыпайылығына сайып, мына ділі қатайыңқырап кеткен, байғұс көніп, бетпақ жеңіңкіреп кететін заманның ыңғайына билей алмай, өмірі «мен!» деп көрмеген мінезімен осы күнін өзіне ең жақын, өзімен табиғаттас адамдармен сыпайы ғана атап өтер ме еді?
Өзін алдарқату үшін мәніссіз ойыншықты қалап тұратын пенделіктің салты болмаса, мерейтойды атау-атамауда тұрған не бар?..
Ол алпыс жыл жасап, артына асыл ізін, сәулелі ізін қалдырды. Қазақ дейтін халықтың кәдесіне жарарлық, қасиетті із.
Бір өкініш бар: туасы өлеңмен өмір сүріп келе жатқан қазақтың бүгінгі кісісі «заман» деп, «уақыт салты» деп сылтаурата жүріп, жанға қажет қазынадан, жанның тұмау — сүзегін емдейтін қазына — өлеңнен, әдебиеттен аулақтап, өзіне аса жараса бермейтін өріске қарай шалықтап жүр. Дегенмен, қалыбынан асып кете алмай жүргені ме, әйтеуір, әзірге қазақ үшін өлеңнің, нағыз ақынның қадірі қаша қойған жоқ. Қазақтың іздейтінінің, өзі үшін іздеуге тиісінің бірі — Сағи. Сағи Жиенбаев дейтін ұлттың көрнекті ақыны.
«Ақынның болмысы — Алланың қазынасы-дүр» депті адамзаттың соңғы пайғамбары. Бұл — болу мен болғансудың арасын қызыл сызықпен бөліп қоюға онша құлықты бола бермейтін, сонысының кесірінен пайғамбарлығынан пайғамбарсығанын айыру аса қиынға түсетін, тыюсыз, ерке, еркін өскен «қазақы баланың дей салғаны» емес, әлгі Аллахуыңыздың өзі адамзаттың ауған түйесін түзету үшін жіберген арабтың киелі пікірі.
Бұдан, әрине, әдеби «ақсақалдар мен қарасақалдар парламентінің» қарарымен ақындық санатына еніп алған өлеңшінің бәрі қорыққанда ғана есімізге түсетін Құдіретке жай қазақтан гөрі бір табан жақын тұрады деген дарақы түсінік тумаса керек.
Себебі, ең ұлы неміс — Гете: «Алла-тағала — өзіміз үздіксіз биіктей алсақ қана шексіз асқақтай беретін құдірет, ал біз неғұрлым төмендеп, төлежіген сайын, пақырлығымыз сүмірейе түскен сайын, оны өз бейшаралығымыздың аяғына байланған сүмелек сүйретпеге айналдыра түсеміз», — деп ескертіпті. Рухани дүниесі тарының қауызындай тар, ой-санасы қортық адамсымақтың Құдайды өз бойына қарай өлшеп, бейшаралығын одан әрі әшкерелей берерін айтқаны, қысқартыңқырасақ, «Қортықтардың құдайы да қортық болады» дегені-ау деймін.
Осыны ескере алсақ, Аллахудың да, Ақынның да, Өлеңнің де болмысы асқақтай түседі де, «қалам тартқан қазақтың бәрі де — ақын» еместігіне, халық азаматының рөлін ойнап, пайғамбарсынғандардың дүмшелігіне, қолдан құйылған пұттың Құдай бола алмасына көзің жете түседі. Бұл — нені болса да «қазақша вариант» бойынша оп-оңай оңайлатып алатын өзіміз, Біз, қазақ ескере жүретін нәрсе. Ақын, өлең, әсіресе, қазақы өлең туралы сөйлеудің ойсыз кісі үшін ғана «сүйкейсалдың» оңай шаруасы болатыны сондықтан. Себебі, әркімнің өз бойына сәйкес сыйынатын құдіреті, тым құрыса… пұты бар. Сен айттың екен деп пұтын қирата қойса жақсы… Бұл — бір. Екіншіден, бәйгеге ат қосып үйренген халықпыз, әдебиетке де соның өлшемімен қарап, дау жоқта дабыра көсеп, әр ақын, әр жазушының жеке бір әлем екенін естен шығарып алатынымыз сонша, бір «әдеби ақсақалымыз» «әдебилеу» жиында «Абайдан кейінгі екінші ұлы ақын Шәкәрім деп жүр, олай емес, екінші орын Мағжандікі», — деп кейіген… «Шәкәрім мен Мағжан араздасатын болды-ау» деген «уайыммен» күліп едік. Үшіншіден, қымбатыңа қиюға да киесінен қорқатын небір үлкен ұғымдар аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей кеткендердің тапсынып айтар тақпағына айналып, ақжем болғанын ескерсең, «байғұс көніп, бетпақ жеңген мына заманда кімге уәж айтып, нені дәлелдеймін?» дегенге тірелесің. Қазақы себеп — мүйізі шаңырақтай қазағыңның өзін тура жолдан тайқақтатып, бәрі оңашада күбірлегенмен, дауыстап айтпайтын себеп тағы көп…
Қазақы өлеңдегі үлесін «Алланың қазынасы» категориясына дау-дамайсыз жатқызуға болатын үлкен ақынның бірі — Сағаң, Сағи Жиенбаев туралы бір ауыз пікір айтып, көңілімізді білдірейік деген жауапкершілігі үлкен ниеттің қиын көрінгені сондықтан.
Сағаң жетпіске келіпті.
Бұл — үйреншікті терминмен айтсақ, қазақ поэзиясының тойы. Үйреншікті деп отырғаным — орынды-орынсыздығын ойланбастан, «еліміз егемендігін алды, теңгеміз шығып жатыр, қазақты әлемге танытады…» дегенді әр хабар сайын әлденеше рет мәтелдейтін қазақ теледидары сияқты, көрінген өлеңшінің туған күнінде айтатын әңгіменің жаттанды болғаны сонша — жазып отырған кісінің өзі де сенбейді. Мұнша тойшыл, бопсашыл, «ат мінгізгіш» болсақ та, ұлы ұғымдарды да күні не көңілі түскенге шапан орнына жаба салатын берекесіз болмасақшы!..
Сағаң тойы — өлең дейтін, патшадан жоғары, пайғамбардан ғана төмен тұратын рухани қазынаның барына сауда білгенсіп, сарт болғансып жүрген, «өгіз бұзаулайтынына» сенетін халықтың назарын бір аударып қоятын, соңғы тойлар дәуіріне бой үйретіп алып, қарынмен, қалды… бөксемен ойлай бастаған жұртыңа жан, жүрек азығынан безгеннің айуанға қосыларын айқайлап бір айтатын той. Рухани дүние тойы. Мұндайда төрт аяғы тең жорға Ғафу… немесе арнау өлеңі Алатаудың мұзын ерітіп жіберетін Тұманбай көкелерімнің десі басым болар еді — ондайды маңдайымызға жазбапты.
Өзіме салса, өлеңге деген ең ұлы құрмет — оны оқып, өз діліңе сіңіріп, нәр ету, ақынға деген ізеттің ең үлкені — (қолыңнан келсе) оның болмысының бір бөлшегін болса да, өз кеудеңе көшіріп алу.
Оның үстіне:
«Өлең — сөздің патшасы» болса, оған қара сөзбен таңдай қаққаннан өзге не айтып жарытасың? Өзің оқы.
Бірақ… ұялмағанның бәрін әнші, ұтылуды, өмірдің, тіршіліктің — халықтың пайдасына ұтылуды білмейтіннің бәрін ұлық тұтып отырған, насихатқа ғана, тасмаңдай болса да, тасқа басылған сөзге ғана сеніп үйреніп кеткен көпшілік бар, «ақын болу, азамат болудың» азабын айналып өтіп, қулығын ғана жаттап алған тағы бір ағайын-дар тобы бар, …соның бәрін ойлағаннан ғана, әр нәрсені атымен атап, орнына қойғың келеді. Қоя алмайсың, әзір қойыла да қоймас. Қойғызбас та. Бірақ «жақсы менен жаманды айырудың» Абай айтқан қызыл сызығын жұрттың есіне салып қойғанға, қолдан келсе, не жетсін…
Білген кісіге, қазақ Өлеңіндегі Сағаңның баяғыда-ақ халық танып, тамсанып, жүрегіне басқан ақындық болмысы, әдебиеттегі бірегей, ешкім таласа алмайтын өз орны, өз өлеңінің сәулелі, нұрлы жолы, арзанға аза салмайтын, бірақ, «Мен — бармын!» деп менменсіп, өзін міндетсуді, «мен ұмыт қалдым!» деп түлкіжылауға салуды, «мені ескермейді!» деп дүниенің бәріне қара жағуды білмейтін, өлең, халық, адалдық, адамгершілік алдындағы ақын жауапкершілігін білдіретін табиғи, содан да сыпайы, текті бейнесі баяғыдан белгілі. Сол бейне, сол болмысты өмірімен, ісімен, тіпті, күнделікті тірлігіндегі мінезімен, дүниеге, тіршілікке көзқарасымен сомдап, дәлелдеген Ақын өмірінің мазмұндылығы, мағыналылығы, өзгеге шуақ бере алар сәулелігінің дәлелі — Өлең.
«Өлең, шіркін, өсекші…» депті Абай көкем. Өлең — адамның ішкі әлемінің айнасы екенін, оның өзің де біле бермейтін толық тұлғаңды сыртқа айна-қатесіз алып шығып, жария етерін айтқаны. Сондықтан, «адалмын!» деп жиі айқайлайтынның қулығы өлеңнен көрініп қалатыны да, біз ойлайтыннан мыңдаған есе күрделі өмірді терең түйсініп, сезінгендіктен, біз ойлайтыннан да биіктеу, киелі, қасиетті ұғымдар бар екенін ұққандықтан, өмірдің кіндігін өзің кескеннен бетер кергудің аты шолақтық екенін білгендіктен, адамшылықтың алды — дүние, өмір алдындағы кішіпейілдік пен жан-тәніңмен, ізгілікке, жақсылыққа тілектестік екендігін байқағандықтан, өзі бола тұра, «мен!» деп нығызсуды білмейтін Ақынның ақындығы өлеңінен бәрібір көрініс тауып, сәулелі жолына менмұндалап шақырып тұратыны да, ойлай білгенге, аян. «Ақымақтың ақылы — қулық» дегенді жиі айтатын менің ең жақын дос-ағам, қазақтың ғажайып ақыны Жұматай Жақыпбаев «әркім басын көтеріп өмірінде, әлі жеткен жеріне апарады» дейтін…
Сағаңның өлеңінде сол «ақымақтың ақылы» жоқ. (Өлеңді жазған біледі, сол әлімсақтан бергі қазақ поэзиясын оқыған, кімнің төркіні қайда, нағашысы қайда, болмаса, кім кімдерге бастау болды, соны аңдаған біледі — өлеңде де пайдалы, пайдасыз қулық болып тұрады. Өзгесін айтпағанда, орыс тіліндегі әлемдік әдебиеттен «әдемі жолмен ұрланған» жаттанды сезім, жаттанды мінез, үйретінді «мықтылық» біздің сауатты әдебиетімізде ғана емес, кей ақын-жазушының мінез-құлқынан, ортада өзін ұстауынан да кездесіп қала береді. «Ақылды қулықтың» ақымақшылығы сонда). Сағаң не жайлы толғаса да, адал, ақжелең, кіршіксіз көңілмен, сәбидің эмоциясындай айқын, жасырары жоқ табиғилығымен ағынан жарылады. Оның поэзиясындағы бояу да қанық, қулықсыз табиғаттың бояуы, адам жанының табиғи тебіренісі. Сонысымен де Сағи ол. Оның өз тұстарынан ерекшеленіп, дербес бір сыршыл, нәзік, сыңғыры сырлы құпия жарасым құрап тұруының себебі де сол дүниені Сағи болып қабылдап, Сағи боп көре білетіндігінде.
Сағаң әрқайсысы «бір елдің мұрасындай» Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр, Төлеген, Фариза, Ақұштап… сияқты айтулы өкілдері бар, қазақ өлеңінің қадірлі керуеніндей ұрпақтың өкілі. Сол дарынды лекті сан алуан үн мен бояудан, сыр мен сымбаттан тұратын біртұтас поэзия кешені десек, сол кешеннің ішінде өз күмбезі мен айшығы дербес, өрнегі бөлек, қазынасы бірегей Сағи сарайы да өзгелермен тек өзіндік, дербес болмысы арқылы үндесіп тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Сағи да өзінің қуатты, дарынды тұстастары сияқты кейінгіге өнеге беріп, өрнек сыйлаған, өз мектебі бар ерекше ақын, оған өз поэзиясы ғана емес, кейінгі поэзиядағы айна-қатесіз танылатын Сағиға тән нәзік шуақ пен кестелі келісімнің өзі дәлел. Ол — Сағи лирикасынан түскен сырлы сәуле — үлкен ақын шығармаларының өзінің жанындағыларға, өзінен кейінгілерге түсірген құнарлы шуағы. Шағын мақалада Сағи ақынның күмбезі күмбірлеген Өлең Әлемін айту, талдау, асығыс болса да, түгендеп беру мүмкін емес. Ол шарт та емес шығар. Сағи поэзиясының ерекше болмысын саналы, сергек көңілдің таразысынан өткізіп, толыққанды, жан-жақты кәсіби баға беру — ғылымның, әсіресе, құдай көпсінбесін, көбейіп келе жатқан жас ғылым кандидаттарының, сыншылардың міндеті.
Сағидың кітаптары — әлденеше рет оқылған, бағзы біреулері бала кезден құлағыма сіңген өлеңдер, балладалар, поэмалар. Үлкен ақынның үлкен өмірінің бейнелі сөз болып қағазға түскен сәулелері. Көз жүгіртіп көрелік:
Білмеймін — танып дауыстан,
Аңсай ма далам елжіреп,
сағына күтіп… — Алыстан
Сағидың даусы келді, — деп…
Оның даусын Дала баяғыдан таниды. Дала өзіне ұқсас ұлын даңғазасыз-ақ кеудесіне басады.
Қара бір жердің өзін де
Қаттырақ басқым келмейді!
Бұл — Сағаңның ішкі дүниесінің мінезі, поэзиясы!
…Көздегі жас па, сағым ба,
әйтеуір біреу мұнартты…
Менің де көкем сияқты,
Сенің де көкең сияқты.
Ауылға біздің күн болып,
Жақындап қалған кім мынау?!
Көздегі жаспен бірге еріп,
Төгіле жаздап тұрдық-ау…
Бұл — Сағаң тұстастарының бәрі бастан өткерген ауыр жылдар елесі. Бірақ, Сағаңның айтысы ерекше!
…Жалғыз екен демеңдер — жебеушім бар,
Жан-жағымнан қоршап тұр нелер шыңдар,
Мені көрмей тұра алмас көк орманым,
Құз басынан құлдилап келер сулар.
Бұлар барда, көңілді бұлт басқан ба,
Бұлар менен қашпайды, жұрт қашқанда,
Жалғызсырап отыр ем, көрдің бе, әне,
Жұлдыз біткен жүгіріп шықты аспанға.
…Ұшып келіп таулардың баурайынан,
Көктемім жүр оралып шалғайымнан,
Менің көңіл-күйімді бағады ылғи
Саусағыммен сипалап маңдайымнан…
…Неге жалғыз болам мен бұлар барда,
Қуанғанда біргемін, мұңайғанда.
Менің көпшіл жүрегім, енді ажырап,
Жалғыз өзі жата алмас бір аңғарда…
Дүниеге зілі жоқ, содан да өмірге кейіс көрсетуден аулақ адамның табиғатпен, күллі әлеммен бірігу сәті бұл!
…Біреу жылап жатқан жерде… шыдаман,
Кім сорлы екен жоқтау-зарды құраған,
Талай әуен ұмыт болды ескіріп,
Ескірмейді неге осынау бір-ақ ән?
Дүниемен бірге, дабыра-айғайсыз, байбаламсыз, зілсіз мұңаюдың көрінісі осы.
Жас кеттім, Жарқамысым, жалғыз кеттім,
Жаныма жарық болар таңды іздеппін,
Құлшынып, қия белде қиял қуып,
Көкейден қоңыр сазды әнді үзбеппін…
Бұдан әрі ақынның туған жер топырағына деген сағынышына ораулы сыр кетеді:
…Оймауытым, мөп-мөлдір аспан құсап,
Күндіз-түні мен сені тұрам көріп!..
Мынаны қараңыз:
Құралай көзді сұлумен,
Қоштасып, ақ таң атқанда,
Бозбала күннің буымен
Алшаңдап келе жатқанда,
Өн бойыңды өртеп жалындай,
Асау бір желік қысқанда,
Аспан мен жерді айырмай,
Ақбоз ат мініп, ұшқанда,
Аш белді шандып, шарт буып,
Айсыз бір тұнық түндерде,
Найзаны көкке лақтырып,
Найзағай шаншып жүргенде,
Шалғынды қиған шалғыдай
Жалынға сүңгіп денеммен,
Қайратым, қажып, дәл бұлай
Қартаям деген жоқ ем мен.
Көңілім бұлттан әрі асып,
Ойлаған жоқ ем, батырым,
Бесік пен көрдің арасы —
Есік пен төрдей жақынын…
Адам өмірінің күллі стихиясын сыйдырған осы өлеңге не дер едіңіз?!
…Өзгеше еді сондағы бұлбұл әні,
Өзгеше еді баудағы гүлдің әрі,
Сан көктемді көрсем де, содан бері
Сондай көктем көре алмай жүрмін әлі.
…Сондағыдай гүлдердің ашылғанын,
Зәңгір көкке жұлдыздар шашылғанын,
Сондағыдай ай туып, ақырындап
Таң атқанша аспанға асылғанын…
Көре алмадым сондай бір шалғын көптен,
Келер ме екен сондай бір балғын көктем,
Дария мұзын шайқалтып, күтірлетіп,
Құяр ма екен тағы бір жаңбыр көктен?!
Бұл — көктемнің, табиғаттың, құстардың, бозторғайлы боздаланың сұлу, сыршыл өмірін жырлап емес, кеудесіне көшіріп алып, өзімен бірге алып жүре білген Сағи ағамның бір ғана сәті! Ақындарға да енші бөліп беруге (приватизация?!) үйренген сыншы ағайынның біреуді «таудың», біреуді «махаббаттың», біреуді «ауылдың» ақыны деп бөлуіндегі» топас солақайлық-ай! «Ұлттық теңгенің», «Инвестқордың»… тіпті «сыртқы саясаттың» ақыны да болуы бек мүмкін. Сағаң — лирик. Сағаң — барлық үлкен ақындар сияқты дүниенің күллі болмысын жүрегінен өткізе білген ақын. Сағиша өткізе білген…
…Бауырым, ойға алғанның,
Барлығы қолдан келсе ғой…
Басына адал жандардың
Бақытты жинап берсе ғой. —
деп алаңдайтын ақын көңілі, мына бір жерде:
Қолымда егер болса менің құдірет,
Жердің үстін тазартар ем бір рет,
Бетпердесін ашар едім талайдың,
Патшағардың, міне, нағыз түрі, — деп.
Тарс жұмылып талай көздер обаған,
Талайларға туар еді зобалаң…
Алшаң басып жүрер еді алаңсыз.
Еш пендеге зәбір-зілі жоқ адам…
…Талай жылғы кеселінен арылып,
Бір тазарып қалар еді дүние… —
деп мұңая армандайды.
Жүрер ең шарлап дүниені
Асау бір желдей ат мінсең…
Онсыз да — құйттай жүрегім,
Не көрмей келе жатсың сен.
…Тимей-ақ жерге табаным,
Шықпай-ақ әлі бесіктен,
Құлағын жарған даланың
Құлындай дауысыңды есіткем.
Қанаты көкке дірілдеп,
Ұшқалы жүрген құс па екен —
Сонау бір жердің түбінде
Жұлдыздай ағып түсті әкем…
Мәңгіріп иесіз белеңде
ызыңдап ұшқан желменен,
Арманыңды әппақ сенің де
Сонда бір алғаш жерлегем.
…Өткенде бір мұң жаңбырдай
жауып бір жауып тоқтаған,
Жарқ етіп көзім алдында,
Жалынға сүңгіп кетті ағам.
…Көруді қайта жазбаған,
Жалғадым солар арманын —
күл болып кете жаздаған
көтердім қара шаңырағын…
…Келді ме сенің дәуренің
енді бір мұңнан серпілмек —
көріп ең аппақ сәулені
Көзіңнің жасы мөлтілдеп.
…Уланып зәрлі қайғыдан,
Жай оғы тесіп өткенде,
Құшағың содан айрылмай
Қалдың сен сонау көк белде…
Көңіл де, көз де шайлығып,
Шықтым мен үнсіз сан белге,
Қанатың оқыс қайрылып,
Қалмадың, жүрек, қай жерде…
Бұл — бәрін өзінен өткерген, бірақ бәрібір тіршілікке, өмірге зілін, кегін сақтамай, шәйі орамал кепкенше ұмытып, тазарып үлгерген, себебі, дүниені, өмірді кірлетпеу үшін күресе, кешіре, мейір төге білетін жүректің өмірбаяны.
Сағаңның әрқайсысы бір дастанның жүгін көтеріп тұрған, көркем де келісті лирикалық балладалары, әрқайсысы бір зерттеуге жұмыс боларлық тамаша поэмаларын, «Ертегі елінде» сияқты терең сырға толы топтамаларын ұғу, түсініп түйсіну, одан соң «қалың елің, қазағыңа…» сол ұлан-ғайыр қазынаның қадір-құнын жеткізіп айту мүмкін емес. Сағи қазынасы, әрине, онсыз да халыққа дер кезінде жетіп, саналының, саңылауы бардың бойына, болмысына сіңген, қазақ дейтін халықтың рухани көкжиегін кеңейте, байыта түсуге себепкер болған. Бола да бермек.
Сағи ағамды жел сөзге, желдірменің желігіне, қыздырманың қызылынан өзге нәрі жоқ арзан бопсасына қимаймын. Өлеңді, барлық өзім іштей сүйетін қазақ ақындарының бәрін де бойларына жараспас ұсақтыққа, пендешілікке қимайтыным сияқты…
«Айқай салып, аласартпа шындықты!..» деп кетіп еді Жұмекен ағам. Айқайдан ұтамын дегеннің алдынан жарылқасын. Сағаңның өлеңінің сәнді сарайына жүректен шыққан ақжелең ықыласпен ғана енген жарасады. Менікі — ықылас қана.
Мейірхан Ақдәулетұлы
14 мамыр 2004 жыл
"Ақтөбе газеті"