Жеңіс күні қарсаңында Семей қаласындағы Жоламан кентінде орналасқан №21 мектепте мәні зор тарихи оқиға болды. Мектеп ауласына осы Жоламаннан майданға аттанған 155 майдангердің есімі жазылған мемориал қойылды. Сонымен қатар мектеп ішінен «Жауынгер Мұқанбек Құрманбайұлы атындағы тарихи тағылым кабинеті» ашылды.
Бірден айтайық, бұл екі игілікті істің ұйытқысы – осы Жоламан кентінде туып-өскен, бүгінгі күнде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Семей қаласының құрметті азаматы, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті Марат Құрманбай.
- Елбасы жақында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, қоғамда үлкен сілкініс туғызды. Сол мақаласында ұрпақты отаншылдыққа шақыратын «Туған жер» бағдарламасын қолға алу керектігін айтқаны белгілі. Яғни, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқын сезінетін әрбір азамат өзінің туған жеріне, оқыған мектебіне қолдау көрсетуі тиіс. Өйткені, Елбасы ««Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген болатын,- дейді Марат Серікжанұлы.
Шынында да әрбір іскер дәулетті азамат өзінің білім алған мектебінен бастап, туып- өскен ауылын, қаласын құрметтеп, оның алдағы өркендеуіне өз үлесін қосатын болса, кейінгі ұрпақ буыны да осы бастаманы жалғастыруды дәстүрге айналдырады. Елбасы мақаласында айтылған осынау «Туған жер» бағдарламасын негізге алған облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбайдың меценаттығымен Жоламан кентіндегі №21 жалпы білім беретін орта мектептің 25 жылдық мерекесі аясында атқарылып жатқан істер соның айғағы.
Мектеп алдына Жоламан кентінен Ұлы Отан соғысына аттанған ардагерлерге арналған мемориалдың лентасын қиған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов те, ҰОС ардагері, запастағы полковник Ғабдулғазиз Ахмеров те атаулы күннің тарихи мәніне тоқталып, Жеңіс мерекесі қарсаңында меценат М. Құрманбайдың мемориал орнатуға ұйытқы болуы туған жерін сүйетін әрбір азаматқа үлгі екенін атап өтті.
Жиын қонақтары бұдан кейін мектеп ішінен ашылған жауынгер Мұқанбек Құрманбайұлы атындағы тарихи тағылым кабинетін тамашалады. Бұл кабинетте еліміздің 1916 жылғы ұлт азаттық күресі, 1931-1932 жылғы кеңестік ұжымдастыруға қарсы халық наразылығы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Мұқанбек Құрманбайұлы және №21 орта мектептің 25 жылдық кезеңі көрсетілген тарихи тақта бірден назар аудартады.
Кабинеттің ашылуына орай сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Мұхтарбек Кәрімов қазақ халқының бостандыққа ұмтылысы кешегі кеңестік империя кезінде бір сәт толастамағанын мазмұнды деректер келтіре отырып, әсерлі жеткізді. 1916 жылғы ұлт азаттық күрестің тек Торғай өңірінде ғана емес, Семей, Жетісу, Қарқаралы аймақтарында да болғанын бұл күнде ешкім жоққа шығармайды. Көтерілістің үлкен шоғыры бір шеті Семей губерниясы, бір шеті Қарқаралы уезімен шектескен Абыралы болысында да орын алған. Халық наразылығын осы өңірден ұйымдастырушылардың бірі – Құрманбай Найманбайұлы. Көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыған жазалаушы отряд оларды өлім жазасына кесіп, отбасыларын жер аударады. Сол кезде Құрманбайдың жары алты жастағы үлкен ұлы Мұқанбекпен және кішкентай егіз ұлымен бірге Ресейдің Новосібір қаласынан бір-ақ шыққан екен. Жер аударылған анасымен бірге Сібірге барған Мұқанбектің анасы сол жақта қайтыс болған. Сонымен бірге егіз інісінен де қапыда көз жазып қалады. Және олардың бұдан кейінгі тағдыры қалай болғаны арада ғасыр өтсе де белгісіз күйде қалып қойды. Дегенмен, көтеріліс басылып, елде тыныштық орнаған кезде Құрманбайдың ағайындары іздеп жүріп, Мұқанбекті тауып, Абыралыға аман-есен жеткізген.
Осы тұста атап өтер жайт Құрманбай әулетінің Жоламан кентінде тағдыр жолын жалғастырғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мұқанбек соғыстан оралмағанымен, артында қалған ұлы Серікжаннан өрбіген ұрпақ үлкен әулетке айналды. Осы әулеттің перзенті Марат Құрманбай бүгінгі күнде есімі елге белгілі бизнесмен, меценат, облыстық мәслихат депутаты.
-Мектеп ұжымы, Жоламандағы ақсақалдар кеңесі ақылдаса келе, ортамыздан шыққан азамат Марат Құрманбайға осыдан бірер ай бұрын арнайы хат жолдаған болатынбыз. Ол хатта Жеңіс құрметіне қойылған ардагерлер ескерткішінің тозып бара жатқанын, егер мектеп ауласына әкелінсе, оқушылар үнемі қарап күтіп әрі патриоттық көзқарасын қалыптастыруға себін тигізетінін айтқан болатынбыз. Қашан да өз ауылына қол ұшын беруге даяр тұратын Марат Серікжанұлы өтінішімізді түсіністікпен қабылдап, Жеңіс мемориалын өз қаражатына жаңадан тұрғызып берді. Сонымен қатар заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген тарих кабинетін тарту етіп отыр. Бұл деген үлкен азаматтық,-дейді №21 мектептің директоры Тоқтарбек Зейнелов.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбайдың бұған дейін Семей қалалық мәслихатының 4 мәрте депутаты болғанын айта кеткен жөн. Сол кезден бері Жоламан кентінде жол салынуына, электр желісінің тартылуына себепкер болған азамат арада біраз уақыт өткенде қазақ мектебін ашу жөнінде сол кездегі қала басшылығына ұсыныс енгізде. Соның нәтижесінде 1992 жылы №21 жалпы орта білім беретін мектеп ашылып, балалары қаланың әр мектебіне қатынап оқитын тұрғындар ерекше қуанышқа кенелді.
Ал бұл жолғы ісі депутаттың өзі атап өткендей, Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасына алғашқылардың қатарында қолдау білдіргені болып табылады.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы