02 ақп, 2021 сағат 08:57

Меморгандарды автокөлікпен қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы әзірленеді - министр

Мемлекеттік органдарды автокөлікпен қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қаржы министрлігінің қызметіне қатысты екі мәселеге ерекше назар аударды. Бұл – бюджет шығыстарын оңтайландыруды және салықтық-кедендік әкімшілендіруді күшейту, оның ішінде цифрландыру арқылы жақсарту. Президент тапсырмаларының тез арада орындалуын қамтамасыз ету үшін келесідей шаралар қабылданады. 

Бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында: 

- республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландырудың әдістемелік негізі әзірленеді; 

- мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесіне «Сатып алудың бірыңғай терезесі» сервисі қосылады; 

- мемлекеттік органдарды автокөлікпен қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы әзірленеді; 

- дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаражат тиімділігінің мониторингі мен бақылауы күшейтіледі; 

- мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізіледі», - деді министр. 

Бұл ретте, Ерұлан Жамаубаев Үкімет басшысы Асқар Маминнен барлық мемлекеттік органдар мен бағдарлама операторларына осы жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде мемлекеттік және салалық бағдарламалардың көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлары бөлігінде Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін мониторингілеу әдістемесіне ұсыныстар енгізуді, ай сайын Қаржы министрлігіне мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөніндегі тиісті ақпарат беруді қамтамасыз етуді тапсыруды өтінді. 

«Осы шаралардың барлығы Мемлекет бсшысының тапсырмаларын және жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін қосымша ресурстарды анықтауға, сондай-ақ бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.