Фото: Aikyn.kz
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен мемлекеттік аудит органдары тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджет қаражатын пайдаланудағы заңбұзушылықтарды анықтады. Жалпы сомасы 237 миллиард теңгеден асады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Аудиторлар дерегіне сәйкес, былтыр қаржылық заңбұзушылықтардың ең көп көлемі әкімдіктердің республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ республикалық бағыныстағы квазимемлекеттік сектор субъектілерінде пайдалану кезіндегі заңбұзушылықтар болған. Мұндай деректер бүгін Мәжілістің отырысында айтылды.
Министрліктер арасында заңбұзушылықтардың негізгі үлесі Қорғаныс (5,1 миллиард теңгеден аса), Индустрия және инфрақұрылымдық даму (2,9 миллиард теңгеден аса), Мәдениет және спорт (1,3 миллиард теңгеден аса), сондай-ақ Төтенше жағдайлар (1 миллиард теңгеден аса) министрлігіне тиесілі.
Жоғары аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, тексеру шараларының нәтижесінде жиналған материалдардың бір бөлігі құқық қорғау органдарына берілген.
"Процессуалдық шешім қабылдау үшін барлығы 15 материал ұсынылды, 6 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, нәтижелері аяқталғаннан кейін белгілі болады. Екі материал уәкілетті органдарға қосымша тексеруге жіберілді, жетеуі бойынша өндіріс тоқтатылды", - деді Годунова.
746 рет оқылды