2022 жылы Мемлекеттік органдардың интернет-платформасындағы қазақтілді ақпараттың сапасына ерекше көңіл бөлінетін болады.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттың мемлекеттік тілде қолжетімді болуы қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz порталы.
Бүгін Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста «Ашық үкімет» порталын және мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасын дамыту мәселелері талқыланды.
Бүгінде 17 министрлік, 54 Комитет және 17 жергілікті атқарушы орган интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына көшті.
Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов интернет-порталдардың жұмысын жақсарту бойынша қандай жұмыстар істеліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың жаңалықтарын, анықтамалық ақпараттарды, құжаттарды, НҚА-ларды басқа ресурстарға ауыспай-ақ бірыңғай платформадан алуға болады.
МО ИРБП-да мемлекеттік органдардың барлық сайттарын біріктіріп, ақпарат алу мен өзара әрекет ету бірыңғай терезесіне айналды. Құрылымы жаңартылған бірыңғай дизайн, ыңғайлы навигация және оңай ақпарат беруді, іздеуді жеңілдетеді. «Ашық үкімет» порталы бойынша жүйені тұрақтандыру, порталдың жұмысын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс істедік. Барлық сервер бір платформаға біріктірілді. Бүгінде портал жақсы жұмыс істеп тұр, бұрынғыдай техникалық ақаулар жоқ, - деді вице-министр.
Спикердің орыс тіліндегі баяндамасын естіген Аида Балаева мемлекеттік тілде сөйлеу керек екенін айтып, ескерту жасады.
Ауқымды жұмыс істелген. Десе де барлығын бөлек таныстыруымыз керек. Нәтижесінде техникалық ақаулар бар ма, жоқ па екенін, бұл жұмыстардың тиімділігін байқаймыз. Халық ешқандай техникалық қиындық көрмеуі керек. Мемлекеттік тілдегі ақпаратты көбейтуіміз керек. Өйткені қазір аудитория ақпаратты мемлекеттік тілде қолданып отыр. Ендігі жылы мемлекеттік органдардың интернет-платформасындағы қазақ тілді ақпараттың сапасына көңіл бөлетін боламыз. Өйткені орыс тілінен жасалған аударма сапасыз. Ақпараттың мағынасы жоғалып кетеді, ал ол өте тиімсіз. Екінші мәселе - мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттың мемлекеттік тілде қолжетімділігі. Осыған мән беретін боламыз. Министрліктің ендігі жылғы жұмысының стратегиялық жоспарында нақты жоба ретінде осы жұмыс қолға алынады. Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін жандарға ақпаратты жеткізу мәселесі әлі күнге дейін жолға қойылмаған, - деді министр.