Фото: Мәжіліс
Кеше қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін атап өтті. Алайда әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікір алаңдарында жыл сайын «Тәуелсіздік күні лайықты деңгейде атап өтілмейді, азаттық идеясы терең ашылмайды» деп қынждылыс білдіретіндер кездеседі. Сын айтушылардың арасында елдің потриоттығын көтеріп, ұлттың рухын оятатын мерекелік безендіру, атмосфера жеткіліксіз дейтіндер бар. Осы күні Алматы сияқты ірі қалалардың көшелерінде тәртіп сақшылары көбейіп, олар әр бұрышты жіті бақылауда ұстап тұратыны белгіді. Бұл мерекелік көңіл күйді басып, тұрғындардың үрейін оятпай ма? Ult.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидан осыны сұрап білді.
Депутат Тәуелсіздік күні өз дәрежесінде тойланбайды дегенмен келіспейді, бірақ:
«Ол Республика күнінің қалтарысында қалып қоюы мүмкін. Қазір Республика күні бірінші тойланады да, одан бір айдан кейін Тәуелсіздік күні келеді. Осы тұрғыда салыстырмалы түрде айтатын шығар. Республика күнінде марапаттау, басқа да мемлекеттік дәрежеде іс-шаралар болады. Менің ойымша кейін Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан екеуі бірігіп, ұлттық дәрежеде ауқымды түрде аталып өтілетін болады деп ойлаймын», ‒ дейді депутат.
«Шаш ал десе, бас алады»
Биылғы Тәуелсіздік күні мерекесінде Қазақстанның бірқатар қалаларында полиция автокөліктеріне ту ілген азаматтарды тоқтатып, айыппұл салу фактілері тіркелді. Тұрғындар бұл жағдай мерекелік көңіл күйді бұзды деп есептеді.
Фото: Видеодан скриншот
Ал депутат Ермұрат Бапи бұған қатысты берілген тапсырмалар аясында күш құрылымдары жағдайды тым асыра бағалап жіберген деген пікірде.
«Қазақта сөз бар ғой, «шаш ал десе, бас алады» деген. Желтоқсанға байланысты тиісті құзыретті, күш құрылымдарына тапсырма берілді. Оның үстіне, Әбязовшылардың митингісі жөнінде хабар тарады. Қоғамда толқу және неше түрлі оқиғалар болып қалуы жөнінде тапсырмалар берілді. Оны күш құрылымдары алды да, ту көтергеннің бәріне бірдей айыппұл салды», ‒ деді Е. Бапи.
Алматы ‒ қоғамдық-саяси, азаматтық дәрежеде белсенді қала
«Неге әсіресе Алматы көшелерінде осы күні полиция көбейіп кетеді?» ‒ деген тілшіміздің сұрағына мәжілісмен:
«Себебі Алматы біздің елдегі ең негізгі қоғамдық-саяси қала. Біздің елімізде басқа мегаполисте қоғамдық-саяси, азаматтық дәрежеде белсенді қала көп емес. Жалпы елдің мәдени-рухани, сана, таным, түйсік дәрежесіндегі астанасы болғандықтан ол солай», ‒ деп жауап берді депутат.
Осы ретте Ult.kz тілшісі: «Сонда полиция халықтың қоғамдық-саяси белсенділігін басу үшін тұр ма?» ‒ деп сұрады.
«Полиция не үшін тұрғанын мен білмеймін, бірақ осы мейрам күндері күшейтілген режимде жұмыс істеуі үшін тапсырма берілді. Ал полицейлер ту ұстап келе жатқандарды тоқтатып, оларды жазаға бұйырып жатыр. Ол санаға сыймайтын масқаралық», ‒ деді.
Депутат Ермұрат Бапи бұл мерекелік көңіл күйді басып, тұрғындардың үрейін көтермейді деп есептейді екен. Ол:
«Біздің халық не көрмеді? Біздің халық Қаңтарды да, Желтоқсанды да, Жаңаөзенді де көрді. Одан артық қандай үрей болуы мүмкін?» ‒ деді ол.
