03 қар, 2017 сағат 07:25

"Мемлекетіміз дінді қатаңдату емес, ізгілендіру жолына бет бұрып жатыр..."

Бүгінде мемлекетіміз дінді қатаңдату емес, ізгілендіру жолына бет бұрып жатыр. Дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға мән берілуде. Ол дегеніміз – адамның бір-біріне деген қарым-қатынасы, өз-өзін жетілдіруі, қазақы қалыбын сақтай білуі. Дін – тарих, дін – мәдениет, дін – дәстүр, дін – жаңғыру. Маусым айында бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасынан күтер нәтиже мол.

Елбасы Н. Назарбаев сәуір айында дін өкілдерімен кездесуінде Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын, мемлекет тарапынан діни қарым-қатынастарды реттеу үшін қабылданып жатқан шаралар жайын айтып өткен еді. Деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аударды.

– Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс. Біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шыққандарға көне алмаймыз. Бұл – мемлекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі, – деді Елбасы. 

Біз зайырлы мемлекетпіз. Мұндай қоғамда агрессиялы діни насихатқа жол берілмейді. Осы салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанады. 

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Бұл – дер кезінде қолға алынған маңызы зор құжат. 

Тұжырымдаманы әзірлеу қажеттілігі "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында, ҚР Президентінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауында, Мемлекет басшысының дін саласын реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларында айқындалған міндеттерін іске асырудан туындап отыр. 

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу. Тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дамуының үш негізгі басымдықтары айқындалған. 

Бірінші басымдық – заңнаманы жетілдіру мен мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды реттеу. 

Екінші – мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаларын нығайту. 

Үшінші басымдық – діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру жүйесін дамыту анықталған. 

Діни экстремизммен күресте жат идеологияға қарсы азаматтардың иммунитетін қалыптастыру маңызды. Бұл мақсатта ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, мәдениет және спорт қайраткерлерін белсенді атсалысуға тарту көзделген. 

Білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары сияқты барлық салаларда кешенді жұмыс жүргізілуі қажет. Көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру 2020 жылға дейін жүргізіледі. 

Осы Тұжырымдамада дін саласындағы негізгі үрдістер мен ерекшеліктерді талдау негізінде, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2020 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттары мен негізгі бағыттары айқындалып отыр. Мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеуге мән берілген. 

Еліміздің Конституциясына сәйкес, тілі мен діни көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты. 

Мемлекет дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда. 

Қазір қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуда жүйелі жұмыс жүргізе алатын дінтану, теология және исламтану саласындағы кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар күшейді. 

Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардағы, мекемелер мен ұйымдардағы қызметкерлердің, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын сарапшылар мен талдаушылардың біліктілігін одан әрі арттыруымыз керек.

Сондай-ақ, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша мемлекет іске асырып жатқан шараларды түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге назар аударуымыз қажет. 

Тұжырымдаманы іске асыруда күтілетін нәтижелер қандай? Тұжырымдаманың іске асырылуы жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген. Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының құзыреті мен жауапкершілік аясын нақтылайды. Осы кезең ішінде: 

– дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдардың, ғылыми-сарапшылар қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің ынтымақтастық тетігі жетілдіріледі; 

– елдің зайырлы даму қағидаттарын, Қазақстан халқының ұлттық, рухани дәстүрлерін насихаттауға шоғырланған медиа жұмыстарды жаңғырту қамтамасыз етіледі;

– дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленеді;

– зайырлы өмір салтының құндылықтары, Қазақстан халқының ұлттық рухани дәстүрлері мен конфессиялары, сондай-ақ діни экстремизмнің қаупі туралы тақырыптық деректі фильмдер, телехабарлар мен әлеуметтік роликтердің сериялары әзірленеді;

– дінтану және діни білім беру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар әзірленеді.

Қорыта айтқанда, бұл бағытта қоғамда ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихатталып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілмек. 

Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын түсіндіру шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Республикалық ақпараттық-насихаттық жұмыс тобы өңірімізде кездесулер, семинарлар өткізіп жатыр. Діни мәселелерді талқылау жиындарында айтылған тақырыптардың ауқымы кең. Шымкент қаласында бұл бағытта бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Республикалық, облыстық, қалалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мешіт имамдары, дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандары, жастар саясаты бөлімінің басшылары, білім және медицина саласының қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасуда. 

ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, ҚР Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы бастаған топ мүшелері де қаламызда өтіп жатқан жиындарда мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіріп берді. 

Сондай-ақ, оқу орындарындағы орамал тарту мәселесі, діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру шаралары және рухани құндылықтарды насихаттау БАҚ беттерінде дүркін-дүркін жазылып келеді. Әрі қарай да бұл салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу жұмыстары жанданады. Осы тұрғыда қаламызда іс-шаралар ауқымы кеңейе бермек. Бұл ретте әрбір қала тұрғыны тұжырымдаманы іске асыруға бірге атсалысуы қажет.

Қанат ҚАЛЫБЕКОВ, 

Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы