Фото: primeminister.kz
Биыл республикалық бюджеттің кірісі өседі. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарастыру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірлескен отырыста депутаттар мемлекеттік қарызды азайту үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын сұрады.
Премьер-Министр мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында тұрғанын айтты.
«Қарыз сомасы қауіпсіз деңгейде тұр. Жалпы ішкі өнімге шаққанда 24,7 пайызды құрады. Мемлекеттік қарызды азайту және соған қатысты бюджет шығындарын төмендету мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шараны қабылдады. Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылықты кезең-кезең төмендету ескерілген. Бұл өз кезегінде жаңа қарыздарды алуды шектейді. Екіншіден, бюджет кірісін ұлғайтуға екпін қойылған. Бұл тұрғыда салық әрі кеден саласындағы әкімшілендіру ары қарай жетілдірілмек, яғни цифрландыру жалғасады. Мәселен, былтырдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кірісі 42 пайызға өсті. Ал биыл да өсім 40 пайыз шамасында болады деп жоспарланған», - деді Смайылов депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қарызды ішкі нарықтан теңге валютасында алуға екпін қойылып отыр. Бұл өз кезегінде валюта саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Жалпы, келер 5 жылда мемлекеттің қарызы қауіпсіз деңгейде болады. Жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайыздан шегінен аспайды деп есептейміз», - деді Үкімет басшысы.