2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ел бірлігі мен ынтымағын, білім мен парасаттылықты, сындарлы қоғамдық диалог пен халықтың әл-аухатын жақсартуға бағытталған көптен күткен маңызды әрі мағыналы дүние деуге болады.
Әсіресе бұл Жолдаудағы Президентіміздің Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын уақыттың жеткендігін баса көрсетуінің мәні аса жоғары.
Шындығында әлемдегі кез-келген мемлекеттің тіл саясаты – оның ажырамас құрамдас бөлігі және ел мұратын мемлекеттік мүддеге топтастырушы негізгі фактор болып саналады. Бұл ретте тілдің күнделікті өмірдегі коммуникативтік қызметі ресми мәртебесіне сәйкес болуы тиіс. Демек, мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тілімен қатар, жаһандық заманауи сұраныстарға ие ақпараттық технологиялар тілі болуы керек. Компьютер мен электронды құралдар тілі, химия, физика, информатика, медицина, көлік транспорты, география, биология т.б. сияқты кең таралған кәсіптерде өрісін кеңейтіп, салалық терминологияның базасын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс.
Мемлекеттік тілдің ресми коммуникативтік құзыреттілігі мен өміршеңдігіне салалық мамандар мен жеке мекемелер және түрлі компания қызметкерлері жанашырлық танытып, ынта жігерлерімен ат салысып, рухани күш қуатын жұмылдырса, шынайы ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сеніміміз мол. Бұл, өз кезегінде, тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың рухани құндылықтарын дамытуға зор септігін тигізбек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары
К.Қ. Күркебаев, Ж.Б. Саткенова