Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті тағы да Ислам Каримовтің өзбек мемлекетін, елдеріміздің арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан бірегей үлесін атап өтті.
– Тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір болғандықтан, оның бүкіл қайраткерлігі біздің халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсуге қызмет етті. Осы құндылықтарды сақтай білу өте маңызды. Екіжақты кездесулер барысында да, халықаралық ұйымдар жұмысы аясында да біз кез келген мәселеге қатысты өзара тиімді шешім таба білдік. Бауырластық байланысымызды бұдан әрі де нығайта беру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзияев екіжақты қарым-қатынастың мейлінше өзекті мәселелері, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар жөнінде пікір алмасты.
Ұлт порталы