25 ақп, 2021 сағат 11:04

Мемлекет басшысы: Реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды

Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін, не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтуда. Олар саяси жаңғырудың сан қырлы және күрделі үдеріс екенін өте жақсы түсінеді. Ал, реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды немесе жағдайымыздың ерекшелігін әдейі түсінгісі келмейді. Біз түйткілді тұстарымызды жақсы білеміз. Ұстанымымыз - айқын. Барлық мәселелерді кең ауқымды диалог пен мәмле арқылы біртіндеп шешеміз», - деді Мемлекет басшысы. 

Осы орайда Президент саяси жаңғыру міндетті түрде жүзеге асырылатынын айтты.

«Бұл - біздің ұзақ мерзімге арналған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Мен осы мәселелерге айрықша мән беріп отырмын. Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін, не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыз әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс», - деді Тоқаев.