29 қаң, 2022 сағат 22:03

Мемлекет басшысы: Азаматтардың құқығының бұзылмауына мүдделімін


Азаматтардың құқығының бұзылмауына мүдделімін. «Хабар» телеарнасына сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтар алаңдаушылық танытуда, оны түсінуге болады. Сондықтан мен Бас прокуратураға әрбір оқиға бойынша тергеу жүргізуді тапсырдым. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарынан танымал құқық қорғаушы Айман Омарованың басшылығымен қоғамдық комиссия құрылғанын білдім. Мен бұл шешімге қолдау білдіремін. Шынымен де бізге қазір орын алып жатқан, қайғылы күндері орын алған жайттарды жан-жақты анықтау үшін тәуелсіз қоғамдастықты тарту қажет», деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Эльмира Әзімова, танымал құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетовалар тергеу орындарына барып, ұсталғандармен кездесу өткізіп жатқанын, оларды ұстау жағдайларымен танысып, шағымдарына құлақ асатындығын баса айтты. 

«Бұл өте пайдалы жұмыс деп санаймын. Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың құқықтарының бұзылмауына мүдделімін. Әрбір жағдай тергелуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.