02 ақп, 2022 сағат 15:02

Медициналық қалдықтарды кәдеге жарату ерекше бақылауға алынуы керек - депутат


Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов медициналық қалдықтарды жинауды ретке келтіру керектігін айтты. Бұл қазақстандықтардың денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіреді.

Бұл туралы мәжілісмен еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Д.Тұрғановтың айтуынша, медициналық қалдықтардың өсу проблемасы, әсіресе, бүгінде коронавирус пандемиясы кезінде еліміз үшін өте өзекті. Медицина қалдықтарымен дұрыс жұмыс істемеу халықтың денсаулығына қауіп тудырады. Бір рет қолданылатын шприцтерді, тамызғыштарды, таңғыштарды дезинфекциялау режимінің бұзылуына байланысты дезинфекцияланбаған қалдық медицина мекемелерінің қоқыс контейнерлеріне тасталады. Бұл одан әрі әртүрлі инфекциялардың пайда болу және таралу қаупін тудырады. 

Сонымен қатар, депутат медицина қалдықтарын өңдеу және кәдеге жарату қоршаған ортаға патогенді немесе улы ластаушы заттарды шығару арқылы жанама түрде денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. 

Д.Тұрғановтың сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері тарапынан жасалып жатқан шаралар жеткіліксіз екені анық. Атап айтқанда, сапасыз кәдеге жарату себептерінің бірі аталған қызметтерді лицензиялауға жататын қызмет түрлерінің тізбесінен алып тастауға қатысты болып отыр. Алайда министрлік әлі де заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге бастама көтерген жоқ. 

Оның пайымынша, мұндай кәсіпорындарға Экологиялық кодекске сәйкес белгілі бір талаптар қойылуы тиіс. 

«Бұл талаптар орындалып жатыр ма, оны кім бақылайды? Қайта өңдеу қызметін ұсынатын компанияларда тиісті қондырғылар бар ма және олар қажетті талаптарға сай ма? Медицина қалдықтарын кәдеге жарату ережелерін бұзғаны үшін қолданылатын жазалар қаншалықты тиімді?» – деп сұрады депутат. 

Дүйсенбай Тұрғанов осыған байланысты медицина қалдықтарын кәдеге жарату бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметіне бақылауды күшейту, нақты стандарттар әзірлеу арқылы қажетті құрал-жабдықтарды кәдеге жарату бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарға қойылатын талаптарды күшейту, сондай-ақ қажетті құжаттарды әзірлеу қажет деп санайды.