10 нау, 2021 сағат 13:13

Мәжілісте ауаның ластануы мәселесіне қатысты ұсыныстар айтылды

Мәжілістің жалпы отырысында Елдос Абақанов еліміздегі қалаларда ауаның ластануы мәселесіне қатысты тиісті шешімдер қабылдау керектігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда қалалардағы ауаның ластануы дереу шешуді қажет ететін ең әлеуметтік сезімтал мәселелердің бірі болып отыр. Ғалымдардың пікірінше, ауаның жаһандық ластануы өмір сүру ұзақтығын орта есеппен бір жылға қысқартады. Нашар ауа тыныс алудың қиындауына, ентігу, жөтел, жүрек аурулары, өкпе қатерлі ісігінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Ауа ластануының теріс әсерін болдырмау үшін атмосфераның жай-күйіне ластанудың экологиялық мониторингісі жүргізіледі. Менің ойымша, халыққа сапалы және сенімді экологиялық ақпарат беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы керек», – деп тоқталды ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Оның айтуынша, Қазақстанда ауаның тұрақты ластану дәрежесін анықтау үшін атмосфераның ластану индексі бойынша есептеліп (ИЗА), деректер «Қазгидромет» бюллетенінде жылына тек бір рет қана жарияланады. Ал АҚШ, Канада, Қытай, Еуропа елдерінде халыққа деректерді ұсыну кезеңділігі бір сағаттан бір тәулікке дейін максимум болатын Ауа сапасының индексі (Air Quality Index) пайдаланылып, негізінде келесі ластаушы заттар өлшенеді: РМ2,5 және РМ10 қатты бөлшектері, күкірт диоксиді, азот диоксиді, озон, көміртегі оксиді. 

«Дамыған елдерде атмосфера сапасының көрсеткіштері тұрғындарды ластану деңгейі туралы жиі хабардар етеді. Жоғарыда айтылғандардан Қазақстан жалпы көріністен анықталатын заттардың жиілігі мен құрамы бойынша ерекшеленеді деп айтуға болады. Сонымен қатар, 2015 жылы ескі санитарлық-эпидемиялық нормативтердің орнына ластаушы заттардың жаңа шекті рұқсат етілген концентрациясы қабылданғанын атап өткім келеді. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ауа сапасының ұсынылатын параметрлеріне сәйкес келмейтін РМ2,5 және РМ10 зиянды заттары үшін шекті рұқсат етілген концентрациялар енгізілген. Мәселен, біздің нормативтерімізде жоғарыда келтірілген PM2,5 бойынша орташа тәуліктік көрсеткіштер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынғаннан 28,5%-ға жоғары», - деді Е. Абақанов. 

Депутат жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, келесі тиісті ұсыныстарды жасады.

«Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған параметрлерге РМ2,5 және РМ10 бойынша шекті рұқсат етілген концентрациясын сәйкестікке келтіру. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге алдағы уақытта қажетті ғылыми жұмыс жүргізу арқылы қолданыстағы нормативтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп есептейміз. Екіншіден, азаматтарды неғұрлым сапалы және өзекті экологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ластанудың жоғары деңгейі кезінде халықтың денсаулығын қорғау үшін қажетті әдістемені қабылдау арқылы тиісті халықаралық тәжірибеге сәйкес Ауа сапасының индексіне (Air Quality Index) көшуді жеделдетуді қарастыруды сұраймыз», - деді ол.