09 жел, 2020 сағат 11:00

Мәжіліс техникалық реттеу туралы құжатты мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Заң жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған техникалық реттеу туралы заңды жаңа редакцияда дайындау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. 

Осы заң жобасы 2020 жылғы 11 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды. 

Бұдан басқа, депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын әрі мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. 

Құжаттағы ережелерді заңнамалық тұрғыдан бекіту - айтарлықтай оң нәтижелерге әкелетінін және Үкіметтің арсеналында бар техникалық реттеу әрі тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдарын толық пайдалануға негіз қалайды. Сондай-ақ, ұсынылып отырған жаңа заңнамалық база мемлекет үшін бақылау-қадағалау қызметінің айқындығын арттыруға, қауіпті өнімнің нарыққа шығуына жол бермеуге, сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетуге, бизнес үшін адал кәсіпкерлікке жағдай жасауға, тұтынушы үшін неғұрлым сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобына Мәжілістің тұрақты комитеттері мен депутаттарынан 253 ұсыныс келіп түсті, олар жұмыс тобының он бес отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырыстарында мүдделі министрліктер, ведомстволар өкілдерінің, бизнес қоғамдастық өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен талқыланды.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.