Кеше елордада Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы өтті. Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ, еліміздің машина жасау өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың басшылары қатысқан форумға әлемнің 20 елінен 100-ден астам делегат келді.
Жиын басында Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың форум қатысушыларына арнаған сөзін оқып берді.
«Құрметті форум қатысушылары, сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының IV форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл форум жаңа экономикалық жағдайда машина жасау саласының алдында тұрған мақсаттарға жетуде практикалық шараларды әзірлеуге жол ашатындығына сенімдімін. Бүгінгі міндеттер сіздерден ең жаңа технологияларды енгізуді, өнімділікті арттыруды және экспортқа бейім, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруды талап етеді, сол себепті индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасында машина жасауға айрықша назар аударылды», делінген Елбасының сөзінде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Индустрияландыру картасының аясындағы әрбір оныншы жоба машина жасау саласында жүзеге асырылған. Бұл салада бас-аяғы 250 миллиард теңгенің 88 жобасы жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде Қазақстан өзінің машина жасау саласындағы артықшылықтарын пайдаланып, ел экономикасындағы шешуші секторлардың біріне айналуға тиіс.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында еліміздің темір жол, авиациялық технология және машина жасау салаларындағы жетістіктері туралы баяндады. Отандық электр мобильдер өндіру барысына да тоқталды. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап отандық қана емес, әлемдік машина жасау саласында сұраныстың төмендеуі, жаңғыртуға бөлінетін инвестицияның азаюы, кәсіпорындарды несиелеу шарттарының қиындауы сынды кері үрдістер байқалыпты. Нарықтағы осы ахуалды назарға ала отырып, бұл саланы дамытуға да жаңаша тұрғыда келген жөн деп санайды министр. Бұл салада өндірісті тежейтін проблемалардың бірі кәсіпорынды қаржыландыру мәселесімен байланысты, соның салдарынан әлеуетін толық іске асыра алмай жатқан кәсіпорындар бар екен. Дегенмен, Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл проблема да қазір шешіліп жатыр. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі арқылы бірқатар жобаларға қаражат бөлінуде. Қарапайым тұтынушыларға берілген 7500-ден астам автонесие де отандық автокөлік өндірісінің дамуына оң ықпал етіпті.
Машина жасау саласында болып жатқан ірі өзгерістердің бірі іштен жанатын қозғалтқышты автокөлік өндірісіне қатысты. 2030 жылдан бастап Қазақстанда мұндай көліктерді шығару көлеміне шектеу қойылмақ. Алдағы бес жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто» жобасын дамытудың екінші кезеңі жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорын жылына 120 мың көлікке дейін шығарады деп жоспарланған. Қостанай облысындағы кәсіпорындарға да үлкен үміт артылып отыр. Яғни, отандық кәсіпорындар арасында бәсекелестік қалыптасып үлгерді деуге де болады. Алайда, әлем елдері іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерге емес, үнемді әрі экологияға зиянсыз қозғалтқышы бар көліктерге иек артып жатқанын ескеріп, алдағы уақытта Қазақстан да осы бағытты ұстануға көшпек. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі былай деді:
– Еуроодақта 2050 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышты көліктерге шектеу қойылатынын білесіздер. Автокөліктің пайдаланылу мерзімін ескерсек, бұл – 2030 жылдан бастап мұндай көліктерді шығару шектеледі деген сөз. Сол себепті, осы үрдістің аясында Қазақстанда қазірдің өзінде электр мобильдер тестілеуден өткізілуде. Алдағы уақытта соған сай келетін инфрақұрылым қалыптастыру, Алматы мен Астанада жанармай құю стансаларының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр.
Елімізде электр мобиль шығару ісі қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қостанай облысындағы «СарыаркаАвтопром» компаниясының базасында биыл 5 электр мобиль құрастырылғаны белгілі. 2020 жылдан бастап компания осындай көліктердің сериялы өндірісін жолға қоймақ.
Машина жасау саласының маңызын арттыратын тағы бір көрсеткіш – оның халықты жұмыспен қамтудағы рөлі. Бұл салада жаңадан ашылған 1 жұмыс орны жанама түрде ондаған жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді екен. Бұл туралы «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев айтты.
– Елбасы Н.Назарбаевтың машина жасау саласына айрықша көңіл бөлуі бүгінгі шараның маңызын арттыра түседі. Президенттің тікелей назар аударуының арқасында еліміздің экономикасын индустрияландыру саясаты белсенді түрде жүргізілуде. Ал машина жасау индустрияландырудың негізі болып табылады. Себебі, бұл салада ашылған бір жұмыс орны – өңдеуші сала, жеңіл өнеркәсіп, мұнай химиясы сынды басқа салаларда 100 жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді, – деді Мейрам Пішембаев.
Мейрам Пішембаев айтып өткендей, еліміздің экономикасында ауыл шаруашылығы ерекше орын алатынын ескерсек, ауылшаруашылық машиналарын жасауға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Ауылшаруашылық машиналарын жасау комбайн, трактор, тіркеме, тағы басқаларын шығарумен шектелмейді. Ауыл шаруашылығындағы өңдеуші техникалардың барлығы қамтылуға тиіс. Заман талабына сай мал шаруашылығын түгелдей автоматтандыруға көшіру керек. Яғни, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті міндеттердің маңызды бір бөлігі машина жасау саласымен тікелей байланысты деуге болады.
Форумға келген шетелдік делегаттардың бірі, германиялық Price Waterhouse Coopers агенттігінің халықаралық сарапшысы Кристоф Штюрмер жиында әлемдік автоиндустриядағы соңғы трендтер туралы айтты.
– Күнделікті ішетін сусын, тұтынатын телефон сияқты, автокөлік те бір бұйым. Оның басты айырмашылығы – қымбат бұйым екендігі. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде экономикасы қуатты, әл-ауқаты жақсы елге айналып үлгерді. Жаңа нарықтарды бағындыра бастадыңыздар. Ал өнеркәсіп өндірісі нарықтағы сұранысқа, халықтың талап-тілегіне тәуелді. Бұл елде автокөлікке деген сұраныс бар, автокөлік өндірісін дамытуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Себебі, халықтың жаңа өнімдерге деген сұранысы жоғары, – деді халықаралық сарапшы. Оның айтуынша, қазақстандық автокөлік құрастырушылар жылдамдық, үнемділік және қоршаған ортаға зиян келтірмеу сынды талаптардың үдесінен көрінетін көлік түрлерін шығаруы тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Игорь Бургандинов