Солықтаған жанның мұңы. Мұндай азапқа, мұндай бақытсыздық пен шығармашылық шаттыққа шыдау үшін Ақын боп дүниеге келу міндет. Әйтпесе, не есің ауысады, не өзің жарылып, шашылып кетесің ғарышқа. Әлбетте, Тәңір әділетті. Саған салмағы жерден 2 кг ғана жеңіл мұңды берсе, сол мұң - сенің құдыретті xәліңе айналады. Ол xәлге кірген адамға жын да, періште де теңеу тасысып, өлең жазысады. Сен тек оларды жұмсай біл. Өмір - шексіз қозғалыстағы мозаика. Ал, санаңда ноталардың тінінен өрмекшінің аяғымен мозаика тоқу - бұл ғажап шаруа. Көркемдік - міндетті сұлу болу керек деген қате түсінік. Көркемдік кейде осы Мәрленнің өлеңдеріндегі арпалысқа түсіп жатқан антилогикалық, кереғар дүниелердің гармониясы да бола алады. Біз көруге құштар поэзия осындай болса керек.
Ақберен Елгезек
Шизофобия
Денесін жұлдыз түрткілеп,
...оянбай.
Жалаңаш үйлердің жүзін сүрткілеп,
Жанымды жұтып қоярдай.
Жалмаған ұшқан түтінді,
Жанары неткен жалмауыз.
Аңғартып қатулы қабағы үкімді,
Санама келіп салды ауыз.
Көкірегінен теуіп қаумалап,
Қарқыны жасытты түннің.
Жетіп келді оймен жанымды жалмамақ,
Мен болсам қашып құтылдым.
Кеудесін тұманы қаптап,
Мұң шалқыр әлемде қалып.
Самсаған жарықтың құмары баптап,
Түн қалды әрең демалып...
Бар ма еді түр - түсінде айып,
Жарқырауына енді алаң.
Жоғалтар іздің күлкісін жайып,
Орала берме, сен маған!
Серт
Жап-жас Жайық жылжығанда жай көлкіп,
Аппақ түнін айғыздайды Ай бөртіп...
Жырдың тәнін мүсіндеумен кепті аңқа,
Жұғымына жұқ болды екен қай дертім?!
Қажымаған жанарынан жас парлап...
Жауын қашан?!
Дәуір қашан басталмақ?!
Тағдыр берген тәтті айқайдан шайлыққан
жүрегіне қарайды,
аңтарылып Аспан жақ.
Бақытымды уақытымның соты ұрды,
Жағасында жан-жүрегім оқылды.
...Ғұмырына өзек құйған кие ішіп,
Бір кәрі шал түсімде...
тамырымды талдап өртеп отырды!
Толқынында аунақшыған көз - секем,
Сәттерінен сағы сынған сөзше өтер.
...Әжімденген ағашына жармасып,
алақанын аймалап
тұрғанымды сезсе екен...
Сәулең болса, шырақтарға шағылды,
Әурем болса, сағымдарға сауылды.
Сен - ең Ұлы сезім жазған Өлеңсің,
Келдім саған...
бердім саған жанымды!
Мән таба алмай... нәр таба алмай кей күннен,
Су сияқты ойдың шетін жейді іргем.
...Тынысымды бұлдап жүрген Ғасырға,
Тынышымды ұрлап жүрген Ғасырға,
Жайық... енді... жыламайды...
Жайық енді жыламайды деймін мен!
Цифербург
Елегізумен еңсем өсірген тебіренуім,
Бұлыңғырдан бу ұшқан.
Бөгде күйде өнген қылық етіне Қырғи -
Еңірелі кім,
былдыр да бұлдыр дыбыстар...
Сылдыр қасиетінде қалқып жапырақ қанар,
Өртенген аспаптағы жасын үн.
Бұрқылынан бүтін әлпеттер қақырап қалар
бейнеден нота тасыдым
сырқырауға бейім сүйекке қатқан,
олжа сүйреген аңшыдай.
Ұйыған жанымның жасы иектен аққан,
инелік өңді тамшыдай...
Үркіген қиял үстінде қара ағаш қаңсып,
Көңіл терезесін ұрды ол да...
Бұғыша қарғыған буы араласқан су,
гүлді көтеріп тұрғанда,
пейілге пернелердегі аңсар аударар
майшамнан аққан қоймалжың.
Соршыл шылымдарын өртеп шаршаған қала
Шіңкілге құштар ойлардың!
Солғын қауыздың бойында базына балқып,
Жанарға жапты түн Айды.
...Балы сорыққан күннің сазына малтып,
Солықтаған жаным мұңайды...
Маталған бастардан безген топырағына
тамыр байлайды маң қилы.
Ол
сананың сары кеудесінде оқылады да,
Жүрек ішінде қалғиды...
Қасиет
Анам...
Мен туралы түс көрген.
Үмітінің үрейінен шошынды ол,
Қою ұйқы қолындағы келбетпен.
Ажарында зіркілдеген алқыныс,
Жүрегінде жер кепкен,
Жанарында тұнған Бейне - Өмірге де
көшірме -
менің сорлы сыйлығым!
Тас төбемнен тарс еткізген тосын жол,
Өкпе құшқан ұйып таң...
Бұлғаңымен сылбыр күннің құйрығы,
Бағытынан жерінген Жел бұйыққан.
Бейқам ізді жұта салған аш түнгі ой,
Шақтың өкси беретіні қиындау,
Сенен емес!
Қасіретімнен қаштым ғой!
Ши шығарған қайғыруға бұйырмау,
Уыстағы тәтті уыз ба уақыт-құм?
Қарсы алдымда қалшылдаған тағдырға -
Өмірде бар Өлең үшін Бақытпын!
Арбауында Арым кетті Арудың,
Көкей сезім аңсайды екен күйгенмен!
Менің тауым шағылды,
Әлденені сүйгеннен,
Әлденеден жиренген жан жұбатып,
Таспен ұрып талдыруға мұңды алдым!
Ана,
мені көре бермесеңші түсіңде!
Мен - түгелдей суға толған зынданмын,
Қайнап жатқан Қасіретім бар ішімде...
Аномалия
"Сколько стихов не тебе посвященных..."
Жас көлкіген жанардай...
Ай көзінен сөгіліп құмбылдығым құшқан ой,
жұлым - жұлым жылдардан жанымды оқып жатырмын!
...бұйра - бұйра толқындай тұманыңа шақырдың.
Өкпе айтпайды...
біз өткізген түнге ешкім!
сор татыған сөздерден сыз сіңірген қаланы,
кеудем ішіп барады.
бұрынғыша...
сен күн сайын телміретін әйнектің
саңылауынан енген самал
ұрғылайды сананы.
...тас талқан ба таңғы өңің,
айлар салған айғыздан тән айдының тазармай?!
...Мен сенделдім,
күлім қаққан көзің күткен,
өзім күткен өлеңімді жаза алмай...
Кезбе бұлттай буылтық шұбатылған шексіздің
құрбандығы екенін
біле тұра, жүрегімді сұрадың!
Құлағымнан күн сыбырын сылдым да,
сөз құраған пақырдың құлдай құнсыз дертіне
жан арбалып...
саған барып жыладым!
Көктем келмей қойса ше?
Күлер ме едік?!
Қайтем, жұмсақ пейілдерді жер жеді...
Көңіліміз де енді алаң!
Қоштасарда
қораптағы соңғы талды тұтаттым,
қимастықпен қарадық...
Мен - түтінге... Сен - маған...
Селдір шашың секілді
иіледі сары гүл,
...мен оны да сүйе алмаймын бәрібір!
Барыңды өртеп сан мұңың,
Көшелердің көлгірсіген жаңбырын
шердей жұттың,
алайда,
Сен күнәдан тазасың,
Өмір емес...
"Өлең сүрген" жандардың,
қайталаған тағдырын!
Көп түңілткен күмәнді көкірегіңе ойған кім,
ғұмырды ессіз кешуді тоқтатуым
туралы
ерініңді тістеп тұрып ойландым...
болмайды екен...
Мен осындай аңқау... албырт Адаммын!
Көзім – өксік, сөзім – сор,
Сордан ұшқан сезім – шер...
Қатып қалған қағидаға бөтенмін,
... Пікірімдей қаңғыбас жазмышымды көтердің!
... Екеумізді баққа ораған кей шақтың
киімін жинап қоқыған,
осы сәтке алдағы Айлы түндерде
күліп қарап
отырам...
әрине,
Сен жылайсың...
есің жимай естеліктер отынан!
Түйсігімнің түйсінгені Тәңірге...
Сенің Ақын болғаныңда не кінә?!
Менің Ақын болғанымда не кінә?!
***
Мен...
Ессіздің өмірін сүремін!
Сөйлейді жапырақ алдымда,
Зиялы,
қияли бар ортам...
шұбырған жанның да,
...меңіреу маңның да,
уайымы жоқ менде.
Білемін!
Аяғы әктелген ағашпен
таң ортақ,
Жалғыздық қашқысы келеді,
жармаса беремін...
тым сұрғылт ойлардың сыртында
сәби жүр,
...үңілем.
Біреуден жалығам,
Біреуден түңілем, күтемін...
маңызсыз...
Есімде ескі үйдің есігі,
Аунақшып шығамын түнімен,
түстердің кесірі.
ойланам,
күндерім - бейсауат,
аңыз - сыз...
сезімде ендігі у,
Бұл -
жай ғана өзімнің түріме,
тасадан телміру.
әйтпесе, Барым - сол! Жаным - сол!
Тағы да...
қаңқыған қиялға шағылса өң,
Сандырақ қаптаған сәтімді
сағыншы...
Шаршадым...
бәріне кінәлі санам деп!
баянсыз жолдарды кезумен,
қашанғы жүреді адамдар...
амал жоқ?!
***
Кеше көрген бейненің есте елесі,
Кеш демеші,
...ештеңені,
Осы Өлеңнің жаныма көшкен өңі.
Күн... аңсау мен қимаудың дәл арасы,
қадалып қарамашы,
Қарай-қарай жүректе көз өледі!
Ал, әуелде... тасыған өзен едім,
Кетем, бірақ... мүлде өзге қала күтер,
зарығып дала бітер!
Көңіл-қошын таба алмай өлкенің де,
Жалғыздықта... өксірсің ең кемінде...
Бәрі де енді басталды...
Бұл тағдырды мүмкін бе ойдан ұту?!
Жыл билейді санада, қайда күту?!
Бақ қонады деседе төзгенге...
Шын!
Саған барар жолдарым өзгермесін!
...Біз жүрген тротуар,
Сағынышын бойына тыға тұрар...
***
Тағдырдың қара қанатты құстары ұшады,
Жан дүниемдей жер беті.
Ертең-ақ... кербез көктеммен қыс қауышады,
қартамыстанған келбеті.
Түрінде не бар төбеме төгілген гүлдің,
Төндірер түннің бұлты әлін.
Көлеңкесіне жылдардың көмілген күннің,
Күбірін кешіп жүр тәнім...
Аспаннан асыл ойлардың маңызы маңған,
Тамшысын ішкен ішкі өңім.
Өзгермейді екен адамдар... тамызып алған
өксік татыған түстерім,
таңдардан жұпар сіңірген таза жүрекке,
Қас қағым қалды ол қалжырап.
Көкірегіне кеткеннің жазарым өкпе,
Айқай ішінде ар жылап...
Сетінеп кеткен сәттердің сөзі сырғалы,
Жасын сүртуге аз күшім.
Бетке ала бер деп жарықты көз ұшындағы,
Жағамды жыртқан жазмышым.
Ақ маңдайында ақымның сорлаған әжім,
Сығыраюмен сөнді өрім.
Енді...сезімдер туралы толғана аламын,
Осы үшін бе еді көргенім?!
Сертім қалқыған қажыды айдынымда мұң,
Жабыққан жанға жол сыңар.
...Мен өзімді ойлап жұтындым қайғының бәрін,
Бақытым, бәлкім, сол шығар!
Алагеуім
Ауада – жердің иісі…
(Эльза Ульмер)
Сергек көңілмен ояндым... ұйқым да қанды.
Ішіндегісін ішкенмін көктегі ожаудың,
Сондағы әсер ме бөлеген сиқырға маңды?
Парақтан көрдім шұбалған шимайын түннің,
ЖаҺандағы ойлы жалғыздай қол тигіздім бе?!
...Неліктен ғажап кездерді өртейміз Күнге?!
Омақаласа жазуды оқып алдым да,
Сәттерді ақтардым қиялмен қоқыған қырда.
Жабығу дендеп дауысты күйреп ішкенге,
"Тәңір күбірін" тыңдаймын күйзелістен де.
Шаршаған сана тылсымға боялуды айтып,
Шақтардың "шаңына" илігіп пәк сезімдерім,
Тәнін аймалап бағымның қалжырап қалдым,
Түн кешкен ессіздігімді жоямын қайтіп?!
Зор санап әлін тұр біреу күштіге күліп,
Түтін билеп жүр сәуленің үстіне мініп...
Бірге билейік...
болмаған әлемімде ешкім,
Мүмкін, сіміріп алқызыл таңның бейнесін
жанымның бұрын естіген әуенін кештім?!
Салбырап басы арық тал тыңдап тұр оны...
Осылай келіп кете ме Ақынға бақыт,
Бұл үнді тыңдап алдым ба жатырда жатып?!
...Неге өмір төге береді жарығын бойға,
Менің шынайы күрсінген дәуірім қайда?!
Марлен Ғилымхан – 1998 жылы 4-наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенті.