30 там, 2016 сағат 10:49

Мархабат Байғұт: Интернет жө­нінде де сөзден іске көшпесек, боққа батқанымыз – батқан

Әлімізге қарамай, осы төңіректегі мәселелерді қашаннан-ақ қозғап жүрміз ғой. «Көксандығыңыздың» (теледидар) көп болса отыз пайызы ғана пайдалы, қалғаны қас дұшпаннан бетер. Дедік. Баяғыда. Ғаламторыңыз арамторланып алып, саналарды жаппай жаулай бастағанда, «Өркениет пен көркемниет» дегенді мәністедік. Шырылдап. Өкінішке қарай, біз пақырыңыздың шырыл-пырылымыз кімге дәрі…


Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы

Ғаламтордың арамторлығын айту­шылар арамтер. Жазылып та жа­тыр. Амал қанша. Қазіргі ке­зең­дегі кеселдердің, кесір-кеса­пат­тар­дың бәрі көркемдік-эсте­тикалық тә­лім-тәрбиенің кері кетуінен.  Интернет итермелеп ит­­жүректен­дір­ді. Бірнеше ұрпақ­ты. Сайттар са­наларды жаулап, улап жатыр. Кі­таптан, көркем әде­биеттен әдейі­леп безіндіру бар. Де­генмен…

Оңтүстікте сөзден іске көшудің әжептеуір әрекеттері байқалады. Об­лыстық «Отырар» кітап­ха­на­сын­да «Оқырмандар отауы» жұ­мыс істейді. Осы отаудың батыл бас­тамаларын Пушкин атындағы об­­лыс­тық және Абай атындағы қа­ла­лық кітапханалар қолдап, жал­­ғас­тырып әкетеді. Үшеуінің үйлесімді тірлігін Қайрат Рыс­құл­беков атындағы жасөспірімдер және Ыбырай Алтынсарин атын­дағы балалар кітапханалары да қолдап, қуаттап отырады. Осылайша бірнеше жоғары және арнаулы орта оқу орындары, ондаған мектептер көркем әдебиетке, кітапқа бірте-бірте бетбұрыс жасауда. Түл­кібас ауданында төрт-бес жылдан бері арнайы оқулар ұйымдас­ты­рылып келеді.

Егер ерен еңбектен, талап­шыл­дықтан қашпаса, шынайы құлшыныс болса, кітапханашылар мен мұғалімдер ағартушылық па­рыздарын патриоттықпен сезінсе, ба­лаларды баурай білсе, біраз нәр­селер тындыра алады екен. Құры босқа құрыдық дей берсек, құр­дым­ға кетуіміз мүмкін.

Бір кездері КазГУ-іңіздің фило­логия факультетіндегі Сагалович дейтұғын сұлу апайымыз атақ­т­ы шығармаларды кинофильмдер бойынша заулататындарға «екі» қойып, кітаптан оқығаны бі­­лініп тұра­тын­дарға риясыз ри­за­лық танытатын. Дәл қазір бар­лық мектептер мен өзге де оқу орын­дарында тап осындай талап қою қажет-ақ. Қы­тайда, т.б. бір­қа­тар елдерде ғалам­тордың арам­тор­лығына шектеу қоятын заңдар қа­былданғалы қашан. Қазақтың қоз­ғалар түрі жоқ.

Біз тағы да біразырақ бұрын, әлімізге қарамай, «Абайды оқы, орында!» деген мәселе көтер­дік. Ха­кімнің: «…барлық нәрсенің де  өлшеуі  бар. Өлшеуінен  асырса, боғы шыға­ды» дегенін ең алдымен жүзелеуге  тиіспіз. Интернет  жө­нінде де сөзден іске көшпесек, боққа батқанымыз – батқан.

 "Қазақ әдебиеті"