Маңғыстау облысында карантин жарияланды. Мұндағы Жармыш ауылындағы ірі қара құтырма дертіне шалдыққан. Тұрғындардың дабыл қағуына түйе мен жылқының жаппай өле бастауы себеп болыпты. Қазір ауылдықтар қырық бас малынан айрылған. Олардың айтуынша, келген шығын көлемі де аз емес: 28 миллион теңге. Малмен күн көріп отырған қарашаға әкімдіктегілер айқай-шу шығармау керектігін айтыпты. Жұрт ауру әбден жайылған соң барып әрекетке көшкен әкімдіктегілерге өкпелі. Ал сау малды егу жұмыстарын алдағы күндері бастамақшы екен.
Қолдағы қарасына сеніп отырған жармыштықтар үшін бұл ауру төбеден жай түсіргендей болды. Өйткені басты күнкөріс көзі саналатын түйенің нарықтағы бағасы 700 мың теңгеге жуықтайды. Ал бұлар аз күнде 40 бастан айырылып отыр. Онда да ресми дерек бұл. Ал айдалада өліп жатқан жануарлардың қанша екені белгісіз. Қазір тұрғындар өрістен қайтпай қалған малдарын іздеп, айдаланы кезіп жүр. Айтуларынша, мал арасындағы індет туралы жергілікті басшыларға өткен жылдың аяғында ескертілген. Бірақ олар мән бермепті.
Бейсембі Бекмағамбетов, Жармыш ауылының тұрғыны:
- Ақтауға соңғы өлген жылқыларды жібердік. Егер құтырған болып шықса ғана вакцина саламыз дейді. Ал оған шейін өліп жатыр мал. Түйе көп өліп еді, енді жылқы өліп жатыр.
Қауіпті індеттің негізгі белгілері өткен жылдың қыркүйек айында пайда болыпты. Ал, өлген мал саны 30-ға жуықтағанда ауылдықтар дабыл қаға бастаған. Олар тіпті өлген мал мен ұсталған қасқырдан сынама алып, Астанаға да жіберген. Ондағылар сараптама жасалған үш түйе мен жылқының және қасқырдың құтырғанын анықтапты. Мұндағы халық енді малды қойып, өздерінің өмірі үшін алаңдаулы, тіпті жаппай екпе алып жатыр. Шенеуніктерге сенсек, ауру малдан бірнеше рет сынама алынғанымен, құтыру дерті расталмапты. Тек соңғы зерттеулер арқылы ғана індеттің бар екені анықталып, іле-шала ауылда карантин жарияланған. Енді ауылдағы барлық жануарға вакцина егу жұмыстары басталмақ.
Жаманқұл Әлиев, Жармыш ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы:
- Ауыл әкімшілігі тиісті шешім қабылдап, шектеу шарасы жөніндегі шешім шығарды. Бұл жөнінде енді тиісті малдар егілу керек. Ауру шыққан мал дезинфекциядан өтуі керек, адамдар да дәрігерлік бақылаудан өту керек. Осы жөнінде шаралар жасақталып жатыр. Қазір біз аудандық ветеринарлық станциямен хабарласып отырмыз, олар енді егу жұмыстарын бастаймыз деп отыр.
Мамандардың айтуынша, құтыруға қарсы екпе аудандық ветеринарлық станцияға енді жетіпті. Ал, олар Жармыш ауылындағы 12 мың бас үй жануарын егуді бүгін-ертең бастамақ көрінеді.