01 ақп, 2022 сағат 14:00

Маңғыстау, Атырау облыстарының түлектері үшін 10 мың грант бөлінеді


Биыл Маңғыстау, Атырау облыстарының түлектері үшін 10 мың грант бөлінеді. Бұл гранттар бойынша аталмыш өңір түлектері кез келген облыста білім алуға құқылы. Тек диплом алған соң туған өлкесіне оралуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырсында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай ақпарат берді. 

«2022 жылы гранттар саны 10% артады. Бұған қоса техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады. 

Білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінетін болады. Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді», - деді министр. 

Оның айтуынша, экономкалық мамандықтардың бакалавриаттарын дайындау мерзімі қысқаруы мүмкін. 

«Экономика үшін кадрларды жедел даярлау үшін биыл пилоттық режимде 2,5-3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле басталады. 

Жоғарғы білім беруде «онлайн-оқыту» жаңа нысанын енгізу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара», - деді Асхат Аймағамбетов.