Фото: Ақорда
Франция президенті Эмманюэль Макрон Астанаға ресми сапары аяқталғаннан кейін X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақ тілінде жазба жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы. Қазақстан мен Франция солардың қатарына кіреді", - деп жазды Макрон.
Сондай-ақ ол өз оқырмандарына Қазақстан мен Франция арасында көптеген келісім жасалғанын хабарлады.
"Бұл - күрделі сын-қатерлерге қарсы біздің ынтымақтастығымыз. Онда жастарымыз бар! Мәдениетіміз бен тілімізді байланыстыратын дәнекер ретінде Астанада кездестірген жастар достығымызды бейнелейді", - деп жазды Президент.
Айта кетейік, кеше Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын форматта келіссөздер жүргізді. Одан кейін Қазақстан мен Францияның кеңейтілген форматтағы келіссөздеріне қатысты, сондай-ақ бірнеше нысанды аралады.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция бірқатар құжатқа қол қойды, соның бірі – Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық минералдар бойынша ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен декларация.
Сапар аясында екі елдің бизнес-топтарының өкілдері де бірқатар келісім жасады.