Литвалық дәрігер арықтағысы келген Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына ота жасады. Облыстық клиникалық ауруханада 2 науқасқа лапороскопиялық әдіспен асқазан көлемі кішірейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Литвалық хирург Алматнас Маляцкас артық салмақтан арыла алмай жүргендерді осындай жаңалығымен қуантты. Каунас университетінің профессорының пікірінше, асқазан жай ғана бір торсық емес, ол химиялық технологиялар мен инженерлік есептеулерден аса мұқият құралған өндіріс туындысы. Алланың берген ерекше нығметі. Қорек алғаннан кейін мөлшері 500 мл-ден 1500 мл-ге жетіп, қарындағы орны кеңейеді. Ал көп мөлшерде тамақ жеу семіздік тудырады. Осылайша, білікті маман 2001 жылдан бері асқазанды кішірейту арқылы науқастардың өмір сүру сапасын жақсартумен айналысуда.
«Ота жасату үшін науқастардың жас шамасы шектелген. 16-дан төмен және 65-тен жоғары болмауы шарт. Егер науқастың жас шамасы 65-тен жоғары болса, отадан кейінгі асқынулар болуы мүмкін», - дейді профессор, хирург.
Айта кетейік, бариатриялық ота тек үшінші дәрежелі семіздікке шалдыққандарға ғана жасалады. Операциядан кейін науқас ай сайын аз мөлшерде салмақ тастай бастайды. Себебі тамаққа тәбеті азайып, қомағайлық процесі төмендейді. Бір отырғанда тек екі ас қасық тамақ ішетін болады. Семіздік салдарынан пайда болған буын аурулары да жойылады. Дәрігер қант көрсеткіші де төмендейтінін айтады.
«Асқазанды тұйықтау кезінде ол титанды қысқыштармен тігіліп, екі жаққа бөлінеді. Кішкентай асқазанға жіңішке ішек тігіледі. Солай адам операциядан кейін өте аз тамақ жейді. Тамақ кішкентай асқазан жақпен өтетіндіктен ағзалық заттар сіңіріліп үлгермейді. Бұл операция 80% артық салмақтан арылуға мүмкіндік береді», - дейді Алматнас Маляцкас.
Айта кетейік, Литвалық хирург еуропада бариатрияны, яғни семіздікті емдеуді тұңғыш зерттеген ғалым. 17 жылда 2500 азаматты артық салмақтан арылтқан. Ол шымкенттік мамандардың шеберлігін шыңдау үшін арнайы келген болатын. Өңір дәрігерлерінің тәжірибесі толысып, отаны өздері жасай алатын дәрежеге жеткен соң, аймақта семіздіктен қиналғандар қатары едәуір азаяды деп күтілуде.