09 қар, 2020 сағат 15:17

Лира Қоныс. «Патагония аруы» (әңгіме)

Лира Қоныс алғашқы әңгімелерімен-ақ оқырмандарды елең еткізді. «Мәңгілік сағыныш» атты алғашқы кітабын қолдан-қолға өткізіп оқып жүрген жастардың «Құлпынай қосылған балмұздақ» кітабы шыққан кезде Лираға деген құрметі арта түсті. Оған сол жылдары филфактың студенті болған біз куәміз. Бірақ осы кітаптан соң Лираның есімі әдеби ортадан көрінбей кетті. Әңгіме-новеллалары жарыққа шықпай қойды. Сөйтсек, жазушы мұхит асып қоныс аударған екен. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, оның жаңа шығармаларын сұрап едік, «Ақ желкенге» кезінде көп шықтым ғой» деп ризашылық білдіріп, оқырмандарымызға жаңа әңгімесін ұсынды. Шетелдегі қазақ жазушысының тың дүниесін оқып көрелік.


Калифорниядан Нью-Йоркке қоныс аударған күні-ақ жұмыс іздеуді бастадым. Бұл шаһарға бақытсыз елдерден, жоғалған жұрттан, аты жоқ аралдардан бағын іздеп бас сұққан баршаның өткеніндей тырмысқан апталардан соң жергілікті музейлерді басқаратын компанияның антропологиялық бөліміне қызметкер керек бола қалғаны. Әмиянымның жұмырына жұқ болмайтын тиынын естіп қомсынғаныммен, мүшкіл хәлім таңдау жасатпайтын. Міне, Патагония аруын осы жолда кездестірдім.

Өмір жомарт емес деп кім айтады? Өз бәтіңкемнің бауын өзім басып кетіп құлаған күнгі көңілсіздігіме оның не қатысы бар, кеуілденсе бір кәрзеңке түймедағы гүлін үстіңе аудара салатын салты емес пе, антропологиялық бөлімнің Американың ұлттық тарихи музейінің екінші қабатында орналасқанын естігенде ұшып кете жаздадым. Ертесі күні таңда метро бекетіне түсіп келе жатып, өзіме таныс сәтсіздікті ұшыраттым. Ол бұрышта қызғаныштан күйініп, қолы қалтырап темекі шегіп тұр екен. Қараңызшы, арзандау бәтіңке кисе де сау, ұзын аяқтарым бар, білегімде қымбат әшекей жарқырамаса да мықты қолым бар, таңмен таласып Куинстегі аялдамадан пойызға отырамын да, жолаушылармен күлімсіреп есендесемін, кейбіріне «күніңіз жақсы өтсін!» деп сәттілік тілеймін. Құлағымда шаршамас шабыт сыйлайтын EXO әндері ойнайды, сүйікті Кайдың партиясын онымен бірге қосыла шырқаймын:
Don't be afraid
Love is the way
You can call me monster.

Содан соң Орталық саябақтың тап желкесіндегі аялдамадан шығып, маңайына турист толтырған музейге беттеймін. Ал, сол кезде қуаныштан жылағым келеді. Азияның бір түкпірінде өткен балалық шағымды есіме аламын, ымыртта әжем пісірген кеспеге тойып алған соң майшамның жарығымен кітап оқитын жүдеу кештерді ойлаймын, жүннен тоқылған жамаулы шұлығымды, әпкелерімнен қалған ебедейсіз ұзын көйлектерімді және бойыммен бірдей ауыр қапшық арқалап мақталы алқапта жүрген өзімді көремін. Мұндайда көшедегі бейтаныстың бәрін тоқтатып, «Қарашы, мен сол мақталы алқапта өмір бойы қалып кетпедім, қазір бала кезде өзім суретін журналдан ғана көрген мынау музейде жұмыс істеймін!» – деп айғай салғым келеді. Кейде қымсынбастан еңіреп жылап аламын да, әріптестерім аңғарып, бәрі дұрыс па десе, «көзіме шаң түсіп еді» деп өтірік айтамын. Өзімнің не қара жер бетінде, не ақ бұлттың үстінде екенімді ұғып болмас, күлгін түсті тозаң арасындағы сәттен шығып, айналама байыптап қарағанымда менің мұнда жұмыс атқарғаныма тура бір ай болған екен.

Бөлімде небәрі алты адам жұмыс істейді. Терезесі Калумбус даңғылына қараған кең бөлмені ағаш жақтаушалармен аядай етіп кесіп, сол алтауға жеке отау тіккен, одан әрі құжаттар мен кітаптар салынған сөрелер жалғасады. Әрі қарай ақ жамылғы мен тұмылдырық киіп қана кіруге болатын зерттеу бөлімі, ол жаққа тұмсық сұғуға зауқым жоқ, әлдебір қорымнан табылған сүйектер мен құмыралар тақырыбы мені қызықтырмайды, әрі ғылыми қорытындыларды жариялау міндетін атқаратын маманға ол жақта көлбеңдеп жүру әбес те. Бөлімді Мәлиса Хәрисон есімді елуді еңсерген әйел басқарады. Бой-сойын Алманиядан ауған ата-бабасынан алған ат жақты, пісте мұрынды, еуропалық дидарлы, гавайлық әжесінен қысыңқы қой көздерін бәсірелеген ширақ та суық әйел. Өмірінің он жылын ғылымда «Патагония аруы» деген атпен белгілі, ал, қызметкерлер өзара «Ұйқыдағы сұлу» деп атайтын Латын Америкасынан табылған мумияны зерттеуге арнаған. Бастапқы мамандығы лингвист, Аргентина, Чили даласын мекен ететін үндістердің Араукан тілін, оның ішінде Мапудангу диалектісін зерттейді.

Жұмысқа кіріскен алғашқы апталарда мен «Патагония аруына» назар аудармадым. Ару деп ардақтайтын несі бар, археологтардың көп олжасының бірі. Ары-бері өткенде жәй мүсінге балаушы ем. Қалай болғанда да қатып-семген мумияны екі жүз жыл бұрын өмір сүрген әдемі бойжеткен еді деп қабылдау оңай емес. Оның Әйел тұрықты болғанын Патагонияның суық желінің арқасында бүтін сақталған мүшелері айқындайтын. Ұзын кірпіктері, жартысы жидіп түскен қасы, түтілген бір шуда қолаң шашына қарап оның бір кездегі келбетін елестететінмін. Үстінде ақ гүлдер кестеленген кең етекті қызыл көйлегі болды. Мұны профессор Хәрисон той көйлегі деп түсіндіретін. Топшылауымда бұл қалыңдық киімі емес, бұл көйлектен мен еуропалық винтаж ізін танимын. Бұл испан мәдениетінің осы құрлыққа орныға бастаған кезіне тән сәннің өзгеріске ұшырауы. Бәлкім қыз баланы – оның ең бақытты некелесу күні көз жұмды деген жаманатқа қимайын ба, әйтеуір қазір тамтығы қалған қызыл киімді неке көйлегі еді деуге үзілді-кесілді қарсымын. Иығына жұлдыздар мен жарты ай бейнеленген теңбіл көрпе жамылған. Ондағы аспан денелері үндістердің тәңірілігін танытады. Испан мәдениеті жойдасыз жауласа да үндіс кеңістігін қолөнер әлі ұмытпаған. Алқымында ақ күмістен соққан теңгелі, қоңыраулы бес қатпарлы омырау-тана, маңдайына шұбыртпалы-үзбелі моншақ ілген. Мұның бәрі бұл бойжеткеннің мүсін емес, жер атмосферасын қамтитын табиғи газдардың арқасында өмір сүрген біз секілді көп пақырдың бірі екеніне сендіретін.

Бұл кезде қараша қаздар қайтып, желтоқсан жеткен. Қыстың күні бір тұтам, арқан бойы көтеріледі де, іле дөңгеленіп ұясына қонады. Жұмыс уақыты тұғырланамын дегенше ақшам түсіп, саны самсаған ғимараттағы үнсіздіктен елегізимін. Әр бұрыштан үрейдің құлағы қалқайғанда әлгі бір Бэн Стиллер сомдайтын киноны көргенім бекер болды деп ойлаймын. Алақаныңнан келер күніңді оқитын елтімін, болашағыңды болжар құшынашпын дегендерді айтпаймын, әр адам өзіне көріпкел, бұл белгілер сол күндері көңілім алабұртып, мені күткен бір құбылыстың келе жатқанын аңғартатын.

Сол күні қас қарайса да, әлдебір құжатты қабылдауы тиіс қызметкерді күтіп кідіре бердім. Мөлшерімде ол сүтпісірім уақытта жетуі тиіс еді. Әріптестерім түгел жөнін тапқан, абадан терезелерден қызыл-жасыл жарықтан тәж киген қаланың ымырттағы дүрмегі естіледі. Шәрі әлі көз ілмеген, үрей атаулы ай ауа андыздамай ма, қазір олардың сандалып жүретін шағы емес деп сыбырладым, осы күбірдің өзі маған төніп тұрған қорқынышты айқындайтын. Әсілінде ұятпен жіті жұмыс істейтін жан емеспін, жетіп болмаған қызметкерді тоспай-ақ тайып тұрар ем, бірақ еңсемді бір күш басып тырп еткізбеді. Сөмкемді қажетсіз ашып, жаптым, тартпаларға да мағынасыз үңілдім, мүмкін қазір бәрін тастап, бірінші қабатқа қарай жүгіруім керек шығар? Сұмдық қорқыныштың құрсауында оны күткенім анық.

Әне, есік ашылды. Бұл мен күткен қызметкер емес. Баяу басып жақындады. Сосын, испан тілінде Сәлем деген дауысты анық естідім.

– Hola.

– Өтінем... менің жанымдағы орындыққа отырыңыз. Қонақ қабылдауға дайын емеспін, маған көрінбегеніңіз дұрыс.

– Esta bien, no te preocupes.

Біреудің жайғасқанын желкеммен сездім. Сыбдырын құлақ естіп, көз көркін көрмесе де, жаныңда біреудің бар екенін ұқтыратын шошымалы сезім. Әлгі Бэн Стилл ойнайтын киноны бекер қарадым, енді мұның бәрін қиялым ойлап тапты, испанша сөйлеген ешкім емес, ол жүрегімнің тарсылы дедім. Сөйтіп алдарқатудың не керегі бар деді екінші ойым: бұл бөлімдегі алты қызметкердің арасында Хәрисон ханымнан басқа ешкім испанша білмейді. Сол мезетте осы қорқынышты ешқашан ұмытпай, өзіммен бірге өмір бойы алып жүретінімді түсіндім.

– Бұл кім? – дедім.

– Quin es por alla? Оның кім екенін сұрадым. Тілім бұралып, гы-гы, по по дегендей дыбыс шықты. Тек, екінші қайталағанда анық дауыстаған сияқтымын.

– Бұл мен...

Көзімнің қиығы ақ гүлдері бар қызыл көйлектің етегін шалды. Жотама жайғасқанның кім екенін сезетін сияқтымын. Тап қазір шындықты таңдасам жынданып кетерімді сеземін, амалы – мойындамау, бұл өз қиялымнан өнген елес деп сескенбеу. Әйтсе де өзім күткен қызметкер қашан жетпек деп үміт-ілгегім сол бейтаныс біреу болғаны рас.

– Сенімен әңгімелескім келді, – деді қызыл етекті. – Осында әр тәулік сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Мен өз денеммен оларға пәни жалғанның өткіншілігін түсіндіретін бейне бір құрал сияқтымын. 

– Бұл жаман емес қой? Иә, қандай жолмен болсын біреуге пайдаң тигені жақсы-ақ, – дедім қорғаншақ дауыспен. Әлгі әр қадамын санап келе жатқан қызметкердің жайбасарлығына күйіндім.

– Қалай ойлайсың, сен үшін өмірдің мәні не? – деді ол.

– Өзің армандаған істерді жасап қалу шығар... Соңғы деміңді аларда жүріп өткен жолыңа қарап өкінбесең, өзіңе-өзің риза болсаң жеткілікті емес пе?

– Дұрыс айтасың.

Құжатты қабылдауы тиіс қызметкер ең болмаса кептелістемін деп қоңырау да шалмайды, ал, біз қатар отырып, кілем тоқыған қыздардай шүйіркелесуге жарап қалдық.

– Өзім туралы айтсам тыңдайсың ба? – деді ол.

–...

Терезеден жол шетімен сылдырлап келе жатқан туристерді таситын 
ат-арбаның күлдірі, сосын жылқының кісінегені естілді.

– Есімім – Суана-Куна. Бұл араукан тілінде үміт және жаңа атқан күн деген мағынаны білдіреді.

– Әдемі екен.

– Балалық шағым, бойжеткен күндерім қос мұхиттың саласында, Патагония жазығында өтті. Бұл бір қысы желді, жазы ызғарлы ашулы мекен, сөйтсе-дағы, мәңгілік жап-жасыл, жер жаннаты дерсің... Сен нағыз чилилік, аргентиналық карнавалдарды көріп пе едің, көрмеген де шығарсың? Түгел жарқырап, алау шашқан, көбелекті еске түсіретін түрлі-түсті ғажап мереке, менің өмірім де сол көбелектің күндік ғұмырындай жалт етіп өте шықты-ау. Тыңдап отырсың ба, өзі?

Құлақ салмасқа амалым бар ма дей жаздадым да:

– Иә... – деп мақұлдадым.

– Жер бетінде ұмыт қалғаныма екі ғасыр болса да, аз өмірім Лент, Попаянда мерекесін атап өту секілді тіршіліктің тәтті жәрмеңкесінде өтті. Бірде айна алдында шашымды тарап отырып, балалық шағымды артқа тастап, бойжеткен бұла күндерге аяқ басқанымды түсіндім. Біз сол айда Семанта Санта мейрамына дайындалумен әуре едік. Сенің ол мерекеден хабарың бар ма? 

– Иә, Пасха жексенбісін атап өтетін...

Мен тіпті оның әңгімесін әу деп қостауға жарап қалдым.

– Біз шеру өтетін көшелерді гүлмен әрлеп, өз қолымызбен жасаған қолөнер бұйымдарын саудалау үшін жүгері ұнын салатын, тұз салатын шағын бөшкелерді, ағаш тостағандар мен қасықтарды бояп, күллі Патагония жазығы гүлге малынатын. Тәтті шараптар, кофе мен какаоның жұпары кернеп, теңіз құдайы Емананың құрметіне бойжеткендерге әтір таратқанда біздің көшелерімізге хош иісі сіңіп қалатын. Біз Семанта Сантаға даяр едік. Сені жалықтырып алмадым ба? Сен алғаш көрген адамыңа қалай баға бересің?

– Адамның келбетіне қарап тұжыру асығыстық-ау. Сөзіне қарап бағалармын...

– Сөзі, баяны адамның айнасы емес пе?

Мен де солай ойлаймын. Бірақ, менің сұлулығымды сен көрмедің, жарқыраған қара көздерімді, шиедей еріндерімді, сирағым қысқа болғанымен, дөңгеленген бөксемді көрмедің, жүрегімнің шексіз бақыттан шаттанған дүрсілін, Анд тауларын жаңғыртып ән салатын даусымды сен естімедің. Жалпы, анау залда жатқан «Ұйқыдағы аруға» қарап, сөзімнің бәрі жалған деуге болады.
Екеуміз де бір сәт үнсіз қалдық.

– Үлкен үш әпкем тұрмыс құрған соң, кезегім жеткенін сездім. Бір таңда анам ұзатылатынымды айтты. Біздің отбасы күйеуімді Tados Los Santos фестивалінде байқап ұнатыпты. Қызықты қарашы, оны бәрі біледі екен де, тек менің есімде сақталмапты. Әкем оны сымбатты қараторы жігіт деп сипаттады. Анам еңбекқор деп мақтады. Інім болса, жо-жоқ, сенің күйеу жігітің етжеңді, тапал бойлы азамат, дәстүрлі сомбрэро қалпағын кигенде ол кәдімгі саңырауқұлаққа ұқсап қалады, – деп қуақыланды. Ал, мен болсам... Ол туралы кім не айтса да қуаныштан сықылықтап күле бердім. Мен өз ханзадамды ең күшті Inti құдай, өзімді оның жары Mama Quilla деп білдім. Айтшы, арманмен өмір сүрген жақсы, ә?

– Әрине, біз армандарымызға рақмет айтуға тиіспіз.

– Айтасың-ау, сол армандарымның бірі де орындалмады. Сол Саманта-Санта мерекесі өмірімдегі соңғы карнавал екен. Сол жылы біздің өлкеде жауын- шашын аз болды. Ондай жылдары Тлос құдайдың рақымын алу үшін құрбан шалынатын. Жастардың көз жасы жерді суландырады деп сенетін. Мені мереке үстінде діндарлар ұрлап әкетті...

Мұнан соң екеуміз де тіс жармадық. Ендігісін әлгі қорқыныш жөнімен кетіп, оның орнына еңсені езген ауыр үнсіздік кеңірдегімді буып азапқа түстім. Жан-тәніңмен құтқарғың келетін, бірақ, қолыңнан түк келмейтінін өзің ұққан дәрменсіз, шарасыз хәл. Ешқашан сезінбеген бір қайғы.

– Мені ешкім түсінбеді, мен де оларды ұқпадым. Арқанмен матап, Ампато тауына қарай алып жөнелгені, масайтатын сусын бергені есімде. Арғы жағын білмеймін, мүмкін таудың суығына шыдамай қатып қалған шығармын? Ал, Хәрисон ханым тауып алған соң есімді жисам, арада екі жүз жыл өтіп кетіпті.

– Кейде күйеу жігітімді ойлаймын, – деді ол. – Мен үшін көп қайғырды-ау, ә? Көз жасы суалған күні Патагония жазығындағы тағы бір сұлуға ғашық боп, сосын үйленіп, сосын мына қызық ғаламнан қартайып өткен болар?

Мұнан соң өксіп-өксіп жылап жібергенім есімде, ол жұбатпақ болса да, тынышталудан бас тартқаным есімде...

Бір аптадан соң өз жобасына қатысты баяндама әзірлеп, бір құшақ сараптаманың ортасында отырған бөлім басшысына кіріп, төбеден тік түскендей айтып салдым:

– «Ұйқыдағы сұлудың» есімі – Суана-Куна. Оны карнавал кезінде ұрлап, жаңбыр құдайына құрбан шалған.

– Сіз бұл туралы қайдан білесіз? 

– Суана-Кунаның өзі айтты.

Бұл жауаптан кейін профессор Хәрисон маған қадала қарады. Жүйкесі тозған әлдекімге деген аянышты, мүсіркеулі көзқарас.

***

...Арада бір жыл өткен. Бұл кезде музейде емес, қалалық университеттің жоғалған тілдерді зерттейтін бөлімінде жұмыс істеп жүрдім. Түнгі сағат төртте ұялы телефоным безек қақты. Әлі жантаймаған, ілде көз шырымын енді алмаққа қағаздарымды жинай бастаған уақыт. Түнгі нөмірдің иесі профессор Мәлиса Хәрисон екенін көргенде таңырқадым. Лингвист тәтей көңілсіздіктен телефон шалатындай жақын адамдар емеспіз, өмірдің бір аялдамасында кезігіп қап есендесіп, сосын нөмірі басқа көліктерге отырып кеткен жүзі таныстармыз.

– Тыңдап тұрмын, Хәрисон ханым.

– Сіздің есіктің алдында тұрмын, кездессек бола ма?

Үркер ауғанда үйге қонақ шақырып, кофе ұсынбасым белгілі, тәпішкемді сүйретіп төмен түстім. Әр таңда бөтелке жинайтын дағдысымен Flashing аумағының қоқысын ақтаруға шыққан қожайынның кәрі әкесін дәлізде ұшыраттым. Ақкөңіл қария сөйлейтін Хакка-гаң диалектісін мандарин тілін зерттеушінің өзі ұқпағанда мен жетістіремін бе, екеуміз тек көңіл тілінде, жүзіміздің дарқандығы мен дауысымыздың бейбіт нышаны арқылы түсінісетінбіз.

– Ата, амансыз ба? Сыртта біреу шақырып, соған шықтым, – дедім. Ол сөйлеп-сөйлеп ескі қолшатыр ұсынды. Үйде отырып сезбеппін, көшеде жаңбыр себезгілеп тұрған. Мені байқай сала, профессор көлігінен түсті. Түнгі көйлегінің сыртынан қыстық пәлтесін желбегей іліпті, қолы ауа қармап, эмоциясын басқара алмай тұтықты.

– Мәлиса, сізде бәрі дұрыс па?

– Бүгін білесіз бе, Мен Патагония аруына қатысты күллі деректерді таптым. Ол шынымен сіз айтқандай... Айтыңызшы, ол ақпараттарды қайдан алдыңыз?

– Суана-Кунаның өзі айтты.

– Кешіріңіз мені, кешіңіз, – деп ұйқы көйлегіндегі ханым безек қақты. – Сіз бұл деректерді қай архивтен қарадыңыз? Әлде менің әріптестерім айтты ма? Өтінемін, тек жасырып қалмаңызшы?!

– Суана-Кунаның өзі айтты.

– Өзі айтты? Осы бір ауыз жауабыңызбен мені жынды қылып келесіз!

– Себебі, басқа сөзім жоқ! Хәрисон ханым, қайдағы архив, мен археологтардың жұмағы Латын Америка елдеріне түсімде де барып көрмедім! Араукан тілінде амандаса да алмайтынымды, испаншаның өзін ана тілім қазақшаның дыбысымен зорға сөйлейтінімді көрмейсіз бе? Ол құжатты қолға түсіргенде де не бітіруші едім?

– Құдай үшін маған жақсы қараңызшы! Енді профессор жылай бастады.

– Осы оқиғаны баян қылғанымда әлдебір еліріп ауыратын сырқатқа қарағандай жүзбен зер салғансыз.

– Кешіріңіз, осы жауа-быңызға өзіңіз сенесіз бе?

– Сенемін! Өткен уақыттан оралған адамдарға, тарихтың қайталану құбылыстарына қатысты ғылым неліктен жұмған ауызын ашпайды? Физиктер неге жерге қарайды? Чалканның соңғы шаманы қара табанымен шоқ кешіп, зәкір салғанда көкте неліктен бұлт жөңкіліп, найзағай ойнайды? Қарт эскимос жұлдыздардың орналасуына қарап ертеңгі жер сілкінісін қалай дәл болжайды? Бүкіл этиканы жинап қойып, осы жаңалықты менен бұрын біреу айтып қоя ма деген үреймен таң атпай маған қарай жүгіргенше, мына біз өмір сүретін әлемде жауабы жабық жұмбақтардың да барына зер салыңыз. Олар ешқашан ғылымның табиғи радиациялардың көлеңкесі дегендей сандырақтарына бағынған емес.

– Сіз ашулысыз ба?

– Иә, мен ашулымын.
Сол сәтте аспан күркіреп нөсер төпеп кетті.

– Мені кешіріңіз.

– Мына мазалауыңызды да кешіремін. Ал, күдігіңіз нағыз қорлық болды.

– Ғафу өтінемін. Екеуміз де эмоциямызды басқара алмай тұрмыз.

– Суана-Куна мүсіншінің қолынан шыққан жоқ, ол адам. Тәні семгенмен жаны кеңістікте қалды, осы әлеммен бірге жасауда. Жанның да өз айтары, тіршіліктің көшінде бір мезет көрініп қалуға құқы бар ма? Бар! Бұдан басқа жеткізетін түгім жоқ. Малмандай су болдым, сау болыңыз.

Мәлисаның не дегенін естімедім. Тамақ сұрап аяғыма оралған мысыққа дірілдеген қолдарымды әзер басқарып ас құйып тұрып жеті түнде көңілсіздіктің күлін шашып кеткен лингвист әйелді тезірек ұмытсам деп күрсінгенім, төсегіме қисайғаным есімде. Сосын Нью-Йорктың алып жолдарының шуылы да, терезені тепкілеген ақ жауынның тысыры да жұмсарып, жұқарып, жоғалып кетті.

Сол таңда түсімде Суана-Кунаны көрдім. Ол Анд тауларының баурайындағы шалғында себетіне қызғылт түсті чувирагуаларды толтырып, билеп жүр екен.

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020