27 жел, 2018 сағат 14:14

Қызылордада Сырдарияның суы тасу қаупі туып тұр

Қызылорда облысы аумағында Сырдария бойында су тасқыны қаупі орын алып отыр. Қазір облыста бұл бағытта алдын алу шаралары жүргізіліп келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сырдария өзенінің басым бөлігі Қызылорда облысы аумағынан өтеді. Дарияның Сыр өңіріндегі ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Жоғары бөліктен Шардара су қоймасына секундына 900 текшеметр су құйылуда.  Қазіргі таңда су қоймасында 3,2 млрд текшеметр су жиналған. Ол былтырғы жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 1,5 млрд текшеметрге артық. Су қоймасынан төменгі бөлікке секундына 650 текшеметр су босатылса, оған Арыс өзенінен 10 текшеметр су қосылады.

«Қызылорда облысы аумағына секундына 571 текшеметр келіп жатыр. Қызылорда қаласы тұсындағы су торабынан 475 текшеметр су ағып жатса, ол Қазалы ауданында 420, дарияның теңізге құятын тұсындағы Ақлақ су торабында 260 текшеметрді құрайды. Қазіргі таңда облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданында дария беті таза, ешқандай мұз ұстасу байқалып отырған жоқ. Ол Шиелі ауданының Майлытоғай елді мекені тұсына дейін де дәл осындай жағдай көрініс беріп отыр. Ал Қызылорда қаласы тұсындағы 4 аумақта мұз ұстасқан. Ал Сырдария, Жалағаш аудандарында мұздың қалыңдығы 5-10 сантиметр болса, ол Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында 10-15 сантиметрге дейін жетеді. Облыста ауа райы қазіргідей болып жатса, қаңтар айының алғашқы он күндігіне дейін мұздың ұстасуы Шиелі кентіне дейін көрініс береді деген жоспарымыз бар», - деді ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.

Сыр өңірінде екі жағалауын қоса есептегенде барлығы 609,4 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Биыл облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің 31 учаскесінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

«Облыс аумағында қорғаныс бөгеттерінің қауіпті деп саналатын тұстары 56 су басу аймағына бөлінген. Оған 111 жауапты мекеме бекітілген. Су тасқынынына қарсы пайдаланылатын жанармай қоры және өзге де дүниелер сақталып отыр. Сондай-ақ, 17850 бау қамыс және басқа да қажетті материалдар қоры жасақталған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған эвакуациялық жинақтау және қабылдау бекеттері дайындыққа келтірілген. Жоғарыдан келетін су көлемін қауіпті мөлшерден асырмау мақсатында Су ресурстары комитетімен келісілген. Соның нәтижесінде Шардара мен Көксарай су қоймаларынан төменге босатылатын су көлемінің кестесі бекітілді. Бүгінгі таңда Сырдария өзені арнасында мұз ұстасу процесі жүруіне байланысты облыстың азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимге келтірілген», - деді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

2019 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында Шардарадан төменгі бөлікке секундына 900 текше метр су босатылады деп жоспарланып отыр. Оның 500 текшеметрі Көксарай су реттегішіне жіберіледі.

Бүгінгі күні Сырдария өзені арнасындағы су шаруашылығы нысандарының жағдайы бірқалыпты деп бағаланып отыр.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында дария бойындағы қорғаныс бөгеті жарылды. Одан кейін Қазгидромет Сырдария арнасынан шығып кетуі мүмкін екенін хабарлады.