Фото: Pexels.com
Қызылорда қаласының №2 сотында 21 жастағы Т.-ға қатысты «Бопсалау» бабымен айып тағылған қылмыстық іс жабық отырыста қаралды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Соттың анықтауынша, айыпталушы кәмелетке толмаған қызды беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, одан 700 000 теңге талап еткен. Сонымен қатар, ол жәбірленушінің сөмкесінен 35 000 теңгені тартып алған.
Айыпталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптама, оқиға орнын тексеру, беттестіру хаттамалары және жәбірленушінің айғақтарымен дәлелденді.
Сот Т.-ны кінәлі деп таныды, бірақ оның жасы мен бұрын сотталмағаны ескеріліп, жазасы жеңілдетілді. Заңға сәйкес, ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, жаза мерзімі ең жоғары мерзімнің үштен екісінен аспауы тиіс.
Сондықтан Т.-ға 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қызылорда облысында жас қызды сыныптастары 8 ай бойы азаптап, есірткі беріп, секс-құлдықта ұстағаны туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырған еді.