10 қар, 2016 сағат 08:47

Қызыларайға шетелдіктер қызығады

2014 жылы жасалған халықаралық Sustainable Destinations Global рейтингі әлемнің үздік 100 туристік бағытын анықтаған болатын. Сол тізімге Қазақстаннан тек Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Қызыларай оазисі ілікті. Бұл біздегі табиғаттың осынау кереметіне қызығып отырған шетелдік туристердің артып келе жатқанын көрсетсе керек.

Қызыларай тауының етегіндегі Шабанбай би ауылына алғашқы шетелдік саяхатшылар «Авалон» тарихи-географиялық қоғамы мен Қарағанды экологиялық музейінің бірлескен жұмыстары арқасында 2009 жылы келді. Осы қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері 2008 жылы «Сарыарқаның қола шеңбері» экспедициясының аясында Қарағанды облысындағы туристік саяхатқа қолайлы деген көптеген жерлерді аралап шық­ты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, оларға экотуризмнің не екенін, шетелдік туристерді не қы­­зықтыратынын түсіндіруге тырысты. Бірақ, солардың ішінде оң жамбасқа келгені Шабанбай би ауылы болып шықты. Оның өзіндік себептері де бар. Табиғат тамашалары, тарихи ескерткіштері мен жан-жануарлары өз алдына, мұндағы ауыл халқы да қазақы қонақжайлығын танытып, алғаш келген саяхатшылардың өзін бірден баурап алды.

– Экотуризмнің негізгі мәні – шетелдік туристерді жергілікті ха­лықтың салт-дәстүрімен қызық­тыру, – дейді «Авалон» қоғамының президенті Виталий Шуптар. – Сырттан келген қонақтар таби­ғатпен үндесіп өмір сүрген ха­лықты көргісі келеді. Оларға жайлы қонақүй мен дайын дәмхана қызық емес. Мұнда келгенде ауыл адамдарымен біраз уақыт бірге өмір сүріп, олар не жесе соны жеу, не істесе соны істеу үшін келеді. Қысқасы, олар дамыған елден жеткен кірпияз мырза болмай, көрші ауылдан келген қарапайым қонақ сияқты болғысы бар. Шабанбай би ауылындағы ағайындарымыз сондай мақсатпен тескентау асып келген таңсыққұмарлардың көңілінен шығып отыр.

Қазір бұл ауылда шетелдік қонақтарды күтіп алатын жеті үй бар. Әдетте, туристер мұнда қо­на жатып, үш күн болады. Осы уақыт ішінде олар биіктігі мың жарым метрден асатын Ақ­сораңның басына шығып та, Қызыларайдың арқарларына тамсанып та, қола дәуірдің көзіндей Беғазы кешенін аралап та, Желтау жартастарындағы көне жазуларға көзайым болып та үлгереді. Ал қазы-қарта, жал-жаясы арылмайтын қазақтың дастарқаны оларды жеңсік асқа қарық қылары екі бастан белгілі.

turizmКейінгі жылдары туристер Шабанбай би ауылына қысы-жазы келетін болып алған. Олар негізінен Германия, Нидерланд, Франция, Швейцария, АҚШ сияқты елдерден бес-алты адамдық шағын топ болып келеді. Көбінің жасы, әдетте, елуді еңсеріп, алпысқа қараған. Дені жарты әлемді айналып, жалғанның бар қызығын тауысуға айналған.

– Қазақтың жазира даласына қызығатындары көп, – дейді Виталий Шуптар. – Еуропалықтар мұнша байтақ даланы көре қоймаған ғой. Еркіндік дегеннің не екенін осы біздің даламызға қарап түйсінгендей болып жатады.

«Авалон» қоғамы прези­дентінің айтуынша, экотуризмнен туристік фирмалар емес, негізгі жүкті көтеретін жергілікті тұрғындар пайда көруі тиіс. Әйт­песе олар табиғатты күту, баптау, аялау жайын естен де шығаруы мүмкін. Оларды ынталандырудың бір жолы – табыс табуларына кедергі болмау керек. Олай болса, күй талғамайтын экотуризмді дамыту ауылдағы ағайынға тиімді болуы тиіс.

Ақтоғай ауданы