Өзім біраздан бері білетін бір таныс жігіт жақында армандап жүріп АҚШ-қа барып қайтты. Әлгі азамат Американы армансыз аралап, қайтарында қазақшылығын ұмытпай жақын-жуық, ағайын-туыс, жора-жолдастарына сәлем-сауқат алыпты. Мұхит асып келген базарлыққа жұрт мәз болады. Алған сыйлықтарын айналдыра қызықтап қарап, астына үңілсе, білінер-білінбес етіп «made іn Chіnа» деп жазып қойыпты дейді. Сонда жиналғандар бастарын шайқап: «Қытайың Американы да жаулап алған екен-ау?!» депті.
«Американы қуып жетіп, басып озды…»
Бүгінде дамуы жөнінен адымдап алға шыққан Қытайды алпауыт АҚШ та, жымысқы Жапония да, ақсүйек Англия да, мүләйім Франция мен өркөкірек Ресей де мойындайды. Бұлардың қай-қайсысы да әлемдік геосаясат пен геоэкономикада Қытайдың пікір-көзқарасымен санасуға мәжбүр.
«Көп қорқытады, терең батырады» демекші, Қытай елінің басқалардан бірқатар артықшылықтары бар. Халқының саны (1,3 млрд.) жөнінен алда болса, жер көлемі жөнінен Ресей мен Канададан кейінгі үшінші орында.
Бұған қоса, Қытай ғарыш кеңістігін игерген, ядролық қаруға ие және әскерінің саны да көп қуатты да айбынды держава.
Жаңа тарихи кезеңде Қытай реформасының негізін салған Дэн Сяо Пин: «біздің үйіміздің төрт қабырғасында төрт терезе болуы керек. Біріншісімен біз білім-ғылым, екіншісімен – технология, үшіншісімен – тәжірибе мен біліктілік, төртіншісімен – капитал құйылады» деген екен.
Күні кешеге дейін жұртшлық ең бай елдер дегенде алдымен Америка мен Жапонияны ауызға алатын. Солардың байлығы мен жетістігін айтып тамсанатын. Ендігі жерде Қытайды мақтауға көшті. Өйткені, ол кейінгі бір-екі жыл көлемінде ЖІӨ жөнінен Қытай АҚШ пен Жапонияға қуып жетіп, басып озды. Көпшілік оны киім-кешек, тұрмыстық тауар-бұйым шығаратын «әлемдік зауыт-фабрика» деп атайтын болды. Себебі, Қытай жаһандық экономикадағы оза шапқан теңдесі жоқ тауар өндірушіге және инвесторға айналды.
«Басып озды» дегеннен шығады. Сонау 60-жылдары Кеңес одағында «Таяу он жылда Американы қуып жетіп, базып озайық!» деген дақпырт пен дарақылыққа бой алдырған ұран болған. Күнделікті газеттер осындай ұранмен шығып отырған.
Сол айтқандай, басқалар бұрылып кетсе де социалистік даму жолынан таймаған Қытай Халық Республикасы КСРО сияқты ұрандатпай-ақ, үндемей жүріп, үлкен істер тындырып, ХХІ ғасырда АҚШ-ты шаң қаптырып, басып озды. Әрі десеңіз, Қытай Америка тәрізді басқа мемлекетке (Ирак, Ливия және Иран) күш көрсетуден, қоқан-лоққы жасаудан аулақ.
Соңғы 30-40 жылдың көлемінде ҚХР (1979 жылғы Вьетнаммен соғысты есепке алмаған- да) ешбір елмен әскери қайшылық пен қарулы қақтығысқа бармаған.
Сондықтан болар, халықаралық саясаткерлер мен сарапшы мамандар бүгінгі таңда «Қытай сыртқы елдермен қарым-қатынасында «жұмсақ күш» саясатын қолданады» дегенді айтады.
(Халықаралық қатынас ғылымына «жұмсақ күш қолдану» саясаты деген терминді ең алғаш 1990 жылы американдық саясаттанушы, Гарвард университетінің профессоры Дж. Най енгізген. Оның түсіндіруінше мұнда бір ел екінші елге әскери-техникалық күш-қару қолдану емес, керісінше бейбіт сипаттағы экономика, сауда-саттық, мәдениет пен өнер, идеология, гуманитарлық көмектер арқылы ықпал етіп, өзіне қаратып алады).
Қытай елінің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен, алыс-жақындағы мемлекеттермен қарым-қатынасынан осындай «жұмсақ күш қолдану» саясаты айқын аңғарылады. Әлімсақтан айтылатындай, Қытайдың сыртқы экономикалық қатынасында: «жақын дос та, алыс дұшпан да жоқ», тек екі жақты пайдалы мақсат-мүдде ғана бар!
Сырттай қарағанда Қытай АҚШ және Еуроодақпен бәсекелес, бір-бірімен ымыраға келмес қирғи-қабақ елдер сияқты көрінеді. Бірақ, бұлардың қай-қайсысы да саясат басқа, экономика басқа екенін, екіжақты сауда-экономикалық қатынастан пайда таппаса, зиян шекпейтіндерін жақсы біледі.
Басқалармен салыстырғанда ЕО пен АҚШ-тың Қытай үшін ең ірі сауда-экономикалық әріптестер екені, алғашқысымен екі арадағы тауар айналымының жылдық мөлшері 600 млрд. долларға жетіп, кейінгісінен 521 млрд. доллардан асқаны осының жарқын дәлелі.
Осындай себептен шығар, еуропалық альянс 2003 жылғы желтоқсанда Қытайды «стратегиялық әріптес» деп таныды. Мұндай жылы қабақты аңғарған Пекин Брюссельге Еуроодақ тарапынан қару-жарақ экспорты бойынша енгізілген эмбаргоны алып тастау туралы ұсыныс жасады. Бұл орайда АҚШ-тың Тайваньға қару сатып отырғанын алға тартты. Ұсыныс Англия мен Франция тарапынан қолдау тапты.
Ал, Қытай мен АҚШ арасында геосаясатта қарама-қайшылықты жәйттер баршылық. Ол қайшылықтар Вашингтонның Тайваньды қолдауына және АТР (Азиялық Тынық мұхиты аймағында) жүргізіп отырған саясатына байланысты. Мысалы, Пекин өзінің Филиппинмен екі арадағы Оңтүстік Қытай теңізіне қатысты талас-тартысына Ақ үйдің айдалада жатып араласып, Маниланы саяси-әскери жағынан қолдап отырғанына наразы. Осы дауды қараған Халықаралық төрелік соттың мәселені Филиппиннің пайдасына шешкенін АҚШ-тың ықпалымен болды деп есептейді. Және де мұндай дау-дамайдың тек екі жақтың келіссөздер мен келісімі, ымыраға келу арқылы шешілгенін қалайды. Ақыл-айласы, қулығы, дипломатиялық шеберлігі жеткілікті Қытай сыртқы саясатта оңайлықпен ешкімге есе жібере қоймайды.
Сыртқы сауда-экономикалық байланыста Қытай алыстағы Африка мен қиян-қиырдағы Латын Америкасы-Кариб бассейні елдерін де назардан тыс қалдырмаған. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы Қытай мен Африка елдерінің өзара тауарайналымы 210 млрд. долларды құраған болса, 2020 жылға қарай 400 млрд. долларға жетеді деген үмітте. Африкалықтарға бір ұнайтыны, қытай билігі олармен қарым-қатынаста АҚШ пен Батыс секілді ешбір саяси талаптар қоймайды, ішкі істеріне араласпайды, өзінің даму үлгісін таңып, тықпаламайды. Ұстанымы сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыс екі жаққа да тиімді болуға тиіс.
Осы сияқты аспанасты елінің Латын Америкасы-Кариб бассейні мемлекеттерімен сауда-саттығы кейінгі он бес жылда 22 есеге өсті. Сөйтіп, Қытай екінші деңгейдегі сауда-экономикалық әріптеске айналды. Келешекте қос тарап тек шикізат тасымалдаумен шектеліп қалмай, өңдеуші саладан гөрі өндірістік салаға, инновация мен жаңа технологияға ден қоймақ. Мұндай қарым-қатынас Латын Америкасының дамушы елден өсіп, дамыған елдердің қатарына қосылуына ықпал етері даусыз.
«Біреуге қарыз беріп кіріптар қып қою» әлімсақтан адамзатқа тән қасиет дейтін болсақ, шет мемлекеттерге инвестиция салу және несие-қарыз беру Қытай стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі. Мәселен, 2002 жылы ол сыртқа 6,9 млрд. доллар инвестиция шығарған болса, 2012 жылға қарай бұл көрсеткіш 84,2 млрд. долларға жеткен. Инвестицияның қамту аймағы көршілес Гонконгтан бастап, Азия, Еуропа және Африка мен Латын Америкасына дейін созылып жатыр. Көршісімен тіл табыса алмайтын кейбір елдер сияқты кергімей «алыстан – арбалап, жақыннан – дорбалап тасиды».
Сірә, өсемін, өркендеймін дейтін мемлекет осылай етуі тиіс.
Орталық Азия – маңызды стратегиялық аймақ
ҚХР үшін Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан) маңызды стратегиялық аймақ. Аумағы 3,9 млн. шаршы шақырымды құрайтын бұл аймақта 51 млн. халық тұрады. Жерінің қойнауы сирек кездесетін бағалы металлдарға, мұнай мен газға, басқа да табиғи ресурстарға бай. Осыны мықтап ескерген Қытай 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, Орталық Азия республикалары тәуелсіздік алып, әрқайсысы дербес мемлекет болған бойда бұлармен қарым-қатынас жасауға ұмтылып, бос қалған базарларын күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларға толтырды. Әлі күнге Орталық Азияның сауда нүктелерінен: базар мен дүкендерінен, негізінен, қытайлық арзанқол киім-кешегін, тұрмыстық зат пен бұйымдарды көресіз.
Мұнан соң Қытай құбыр арқылы Қазақстан мен Түркіменстаннан, Өзбекстаннан арзан мұнай мен газ алуға қол жеткізді.
2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қатысуымен құрылған (кейіннен Өзбекстан қосылған) халықаралық ШОС (Шанхай ынтымақтастығы ұйымы) арқылы аталған мемлекеттердің тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ, экономикалық-әлеуметтік салалардағы бірқатар мүдделері тоқайласты. Мұның шеңберінде ғылыми-техникалық, технологиялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық та дамуға бет алды.
Қытай басшылығы Ресей және Орталық Азия республикаларымен қарым-қатынаста шикізат тасымалдау және сауда-саттықпен шектеліп қалмау керектігін дұрыс түсінеді.
Сол себепті де кейінгі кезде БАҚ құралдарынан қытайлық корпорациялар мен фирмалардың Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен қандай да бір өндіріс орнын немесе өздеріндегі кәсіпорынның филиалын ашу жөнінде екіжақты келісімшарттарға қол қойғаны туралы жаңалық хабарларды жиірек оқитын болдық. Осы биылғы жылы қытайлықтар Ферғанаға қарай тартылған темір жолда 455 млн. доллар қаржы шығарып, 19 шақырымдық тоннель салып беріп, өзбек ағайындардың көңілін бір тауып қойды. Өздерінің айтуынша, Қытаймен арадағы тауарайналамы 3 млрд. доллардан асып, Ресейді екінші кезекке ығыстырыпты.
Осындай келісімшарт шеңберінде алдағы уақытта Қазақстанда шыны, цемент шығаратын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салынбақ. Бәзбіреулердің: «Қытай болмаса аш-жалаңаш қалады екенбіз» деп әзілдеуінің астарында шындық жатқанына шүбә келтіре алмайсың.
Былай саралап, салмақтап қарағанда, іргелес Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Қытай елі үшін тиімді табиғи ресурстар көзі және дайын тауарларын өткізетін рынок қана емес, Еуропаға шығатын қолайлы да ұтымды транзиттік дәліз де. Қарапайым ғана есеп: Қытайдың тауар тиеген контейнерлері Еуропаға кәдуілгі теңіз жолымен жөнелтілгенде 50-60 күнде, ал Орталық Азия не Ресей арқылы жіберілгенде 10-15 күнде жеткізілетін көрінеді.
Келешегі кемел «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы
Сондықтан болса керек, соңғы бір-екі жылдың көлемінде Қытай әкімшілігінің ауқымды: «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасы аясындағы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) жобасы жайында жиі айтыла бастады. Жоба саясаткерлер, саясаттанушылар, экономистердің де назарын аударды. Себебі, жоба жүзеге асса, ол белгілі бір аймақпен шектеліп қалмай, тұтастай Еуразия континентінің экономикалық-әлеуметтік дамуына ықпал ететін игілікті іс болады.
Қызық болғанда, бұл жоба туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ең алғаш 2013 жылы қыркүйекте Астанаға келгенде Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде айтты. Неге? Өйткені, Қытай Қазақстанды көршілес мемлекет қана емес, маңызды стратегиялық әріптес санайды. Екі жақтың қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастығынан зор үміт күтеді.
Кейбіреулер мұны баяғы «Жібек жолын» қайта жаңғырту» деп түсінеді. Ал шындығында, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп атауының өзі аңғартып тұрғандай, Шығыстан – Батысқа қарай заман талабына сай жол салып, транзиттік дәліз ашумен қатар, ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру. Бұл жолдардың бойында инфрақұрылым дамып, қаншама әлеуметтік нысандар салынады, қызмет көрсету орындары ашылады, мыңдаған адамдар жұмысқа тартылады.
Таратыңқырап айтар болсақ, ЖЖЭБ жобасы үш тармақтан тұрады – солтүстік жол (Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа), орталық жол (Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Түркия) және оңтүстік жол (Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан – Түркіменстан – Иран – Пәкістан – Үнді мұхиты). Мұндағы солтүстік жол Қазақстан жері арқылы өтетін, Қытайдағы Хоргостан – Санкт-Петербургке жететін ұзындығы 8445 шақырым Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралі. Мұның Қазақстанның үлесіндегі 2787 шақырымы салынып бітуге таяу қалды.
Бір айта кететіні, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасында халыққа арнаған кезекті Жолдауында жария еткен «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес келеді. Елбасы ол бағдарламаны таныстыруда: «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен… Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек» деп айтқаны осыны айғақтайды.
Сондай-ақ, 100 қадамдық Ұлт жоспарында: «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграция. «Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз» мультимодельдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу» деген міндет қойылды.
Қай нәрсені де «жеті рет өлшеп, бір кесетін» Қытайдың ЖЖЭБ жобасын жәйдан-жәй қолға алып отырмағаны белгілі. Сондықтан да сарапшы мамандар «бұл жобаны жүзеге асыруда Қытай төмендегідей үш стратегиялық мақсатты көздейді» дейді:
– халықаралық және аймақтық сауданы өрістету;
– Қытайдан Қазақстан мен Орталық Азия арқылы Еуропаға және Таяу Шығысқа шығатын халықаралық көліктік дәлізді қалыптастыру;
– маңызды стратегиялық әріптес саналатын Орталық Азиядағы өзінің экономикалық қатысуы мен ықпалын күшейту.
Мұндай мақсатқа сауда-экономикалық байланысты дамыту, оның жолындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жетілген инфрақұрылымдары бар темір жол мен автокөлік магистральдарын салу, теңіз жолының да мүмкіндіктерін пайдалану және қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру арқылы қол жеткізбек.
Халқы да көбейіп, экономикасы да өсіп бара жатқан Қытай үшін алыста жатса да төлем қабілеті жоғары үлкен рынок болып табылатын Еуропа, табиғи арзан ресурстарға бай Орталық Азия және әлемдік мұнай мен газдың негізгі сатушылары саналатын Таяу Шығыс елдері зор маңызға ие.
Әрине, Қытай елі тек «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасымен шектеліп қалмақ емес. Олай дейтініміз, жоғарыда айтылғандай, Астанадан кейін 2013 жылдың қазанында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Индонезияға сапарлап барып, ол елдің парламентарийлерінің алдында ауқымды: «Бір жол – бір белдеу» жобасының тағы бір маңызды тармағы: Қытай –Оңтүстік Қытай – Шығыс Қытай — Үнді мұхиты бағытындағы «ХХІ ғасырдағы Жібек теңіз жолы» бағдарламасын жария етті. Бұл бағдарлама Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қамтитын, әрі ежелден қалыптасқан көне су жолы. Қытай жұрты онымен осыдан екі мың жыл бұрын Үнді, Парсы жағалаулары, Араб түбегі арқылы кемемен жүзіп отырып, Еуропаға жібек мата мен фарфор бұйымдар және нефритті әшекей заттарды жеткізіп отырған. Енді оны заман талабына қарай жаңаша жаңғырту, жетілдіру ниетінде.
Задында кез-келген жоспар-жобаның қаржы-қаражатқа келіп тірелетіні талассыз шындық. Қытай бұл жағын да жан-жақты ойластырған. Биылғы 2016 жылдың басында Пекинде әлемнің 80-ге жуық мемлекетінің (оның ішінде Қазақстан да бар) құрылтайшылығымен халықаралық АИИБ (Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі) ашылып, арнайы «Жібек жолы» дейтін қор құрылды. Алғашқысының жарғылық қаражаты 100 млрд. доллар, ал екіншісінікі 40 млрд. доллар болып белгіленді. Екеуіне де мол қаржы-қаражат салатын Қытайдың өзі. Мақсат Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің ірі инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландырып, жүзеге асыру және осы бағыттағы «Жібек жолының экономикалық белдеуі», «ХХІ ғасырдағы Жібек теңіз жолы» бағдарламаларына қаржылық демеушілік көрсету.
Жалпы «Бір жол – бір белдеу» жобасы іске асатын болса, оған 4,5 млрд. халық тұрып, тіршілік ететін әлемнің алпыстан астам мемлекеті қамтылып, қатыстырылады.
Жасыратыны жоқ, әдетте мұндай ірі жоба-бастамаларға қатысты әрқилы қауесет пен пікірлер, түрлі болжамдар айтылады. Біреу біліп айтады, біреу күліп айтады. Біреулер оған қызығып қараса, екінші біреулер қызғанып қарайды.
Сол айтқандай, «Қытай неліктен мұндай ауқымды жобаны қолға алды? Оған не себеп болды?» деген сұрақтарға жауап іздеп бас қатырып отырған сарапшы мамандар баршылық. Олардың көбінің пікірі төмендегідей тұжырымға саяды:
Біріншіден, Қытай тауарларына әлемдік рынокта сұраныстың азаюынан, олардың бәскеге қабілеттілігінің төмендеуінен елдің ЖІӨ өсімі баяулап қалды;
Екіншіден, өнеркәсіп өндірісінің аса қарқынды дамуынан қоршаған ортаның ластануы, экологиялық ахуал күрделене түсті;
Үшіншіден, Қытайдың Шығыс бөлігі мен Орталық және Батыс бөліктерінің даму деңгейінде елеулі айырмашылықтар пайда болды;
Төртіншіден, биылғы 2016 жылдың 4 ақпанында Австралия, АҚШ, Бруней, Вьетнам, Жаңа Зеландия, Жапония, Канада, Малайзия, Мексика, Перу, Сингапур, Чили мемлекеттері бірігіп, Транс-Тынық мұхиттық сауда және инвестициялық альянсын құрды. Ендігі жерде оның Қытайға бәскелес бірлестік болатыны анық.
Бұл айтылғандарға қоса, Қытай өз ішінде осы заманға лайық темір жол мен автомагистральдарды салып бітіріп, жетілген көліктік-логистикалық жүйені қалыптастырды. Міне, осыны салуда пайдаланылған қуатты потенциал — арнайы өндірістік құрлығылар мен қондырғылар, техникалар мен машиналар білікті инженер-техник кадрлар мен жұмысшылар бос қалмай, «Бір белдеу-бір жол» жобасын жүзеге асыруға тартылуы керек.
Басы ашық ақиқат: Қытай бүгінде және болашақта да көмірсутек отыны, жалпы энергетикалық қуатты молынан тұтынатын ел болып қала береді. Қазіргі таңда ол мұнайдың басым бөлігі су жолдары – теңіз арқылы тасымалдайды. Ал, теңіз жолдары әзірге АҚШ-тың әскери-теңіз флоты билігінде. Сондықтан да құрлықтың бойымен, яғни Орталық Азия мен Ресей жері арқылы өтетін транзиттік арна ашу – тығырықтан шығудың баламалы амалы.
Әрине, «жұмсақ күш» саясаты тек сауда-экономикалық қатынаспен шектеліп қалмайды. Оған білім беру, денсаулық сақтау секілді гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық та қосылады. Күнделікті БАҚ құралдары мен интернет желідегі түрлі сайт парақшаларынан: «Талапкер жастарды тегін гранттармен Қытайда оқуға шақырамыз» деген жарнамаларды жиі оқитынымыз осының айғақ дәлелі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдар ішінде ҚХР білім ордаларында 12 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып қайтыпты.
Жоғарыда айтылғандардан аңғаратынымыз, аспанасты елінің алдағы жылдарға арналған жоспар-жобасы ғаламат. Мұндай істерді атқаруда олар «бетегеден – биік, жусаннан –аласа» көрініп, көздеген мақсаттарына жетеді. «Арық айтып, семіз шығады».
Қытай данагөйлері ертеден жас ұрпағына: «Әркез судай сабырлы бол! Сен солай жылыстап ағып, қуыс-қуыстың бәрін толтырып, иемденетін боласың. Иемденген жеріңе нәр беріп, гүлдендіресің» дегенді өсиет етіп отырған. Қазіргі жағдай осы өсиеттің орындалуының көрінісі іспеттес.
Бұлардың тағы: «Егер жел тұрса одан сақтанып, тығылуға тырыспа, керісінше дереу диірмен жасап, оның күш-қуатын пайдалануға ұмтыл» дейтін ақылына тәнті боласың.
Ешкімнің намысына тиіп, шамдандырмайтындай «жұмсақ күш қолданып» өзіне қарату саясаты дегеніңіз осы шығар.
Біздің Қытайдан үйренеріміз көп…
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының» саяси шолушысы