12 жел, 2016 сағат 13:57

Қытай инвесторы Кентауда кен байыту зауытын салады

-  Қытай инвесторы Кентау қаласында кен байыту зауытын салуға қаражат салмақ, деп хабарлады Ұлт.кз тілшісі «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.

Зауыт құрылысына 2 млн доллар бағыттау жоспарланған, деп хабарлады ОҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

Үшжақты келісімге инвестор, Кентау әкімдігі мен өңірдің Кәсіпкерлер палатасы қол қойды.

Зауытта «Қазақмыс» және «Қазмырыш» сынды өнеркәсіптік алпауыттар үшін соңғы өнім - металлургиялық салаға қажетті мыс-алтын концентратын шығара отырып, кен байытуды жолға қою жоспарлануда.  

«ОҚО Кәсіпкелер палатасына инвесторларды тарту үшін жәрдем бергеніне алғыс айтамыз. Біздің тарапымыздан инвестициялық жобаны іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалады», - деді Кентау әкімінің орынбасары Нұржан Тәшімов.

Кәсіпорында жылына 65 мың тонна, тәулігіне дайын өнім - мыс-алтын концентратын 200 тоннаға дейін шығару жоспарлануда. Кәсіпорын іске қосылғанда 100 адам жұмысқа алынады. Меморандумда еңбекке негізінен жергілікті тұрғындар тартылатыны көрсетілген.