27 қаң, 2022 сағат 16:35

Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа штамын анықтады


Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа штамын анықтады. Бұл туралы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ақпаратында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытай ғалымдары Оңтүстік Африкада өткізілген зерттеулердің нәтижелерін жариялады. Оған сәйкес коронавирустың жаңа – NeoCoV түрі анықталды. Ухань университетінің зерттеушілері Оңтүстік Африка Республикасындағы жарқанаттардан вирустың жаңа түрін тапқан. Бұл MERS-CoV-тің ең жақын «туысы», SARS-CoV-2-мен жасушаларға ену принциптері ұқсас және адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Вирус жануарлар арасында таралады, адам денесімен өзара әрекеттесу үшін оған белгілі бір мутация қажет. 

«Оның қабығының негізгі бөлігінде бір ғана мутацияның пайда болуы вирустың адам жасушаларына белсенді енуіне мүмкіндік береді және оған MERS-CoV және SARS-CoV-2 антиденелері әсер етпейтін болады», – делінген хабарламада. 

Биологтар атап өткендей, болашақта сарапшылар осы вирустың пайда болу нұсқасын, адамға әсері мен таралуын мұқият тексеруі керек.

Украинада пандемия кезіндегі антирекорд тіркелді. Елде тәулігіне 30 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 32 393 украиналық вирус жұқтырған. Ауруханаларға 3 016 адам түсті. Коронавирустың 154 жағдайы өлімге алып келді. Инфекцияның «омикрон» штамымен сырқаттанудың алғашқы жағдайы 18 желтоқсанда тіркелді және сол кезден бастап инфекция статистикасының күрт өсуі басталды. Сарапшылар індеттің жаппай таралуын вакцинацияның төмен қарқынымен байланыстырады. Қазіргі уақытта 41 208 000 адамның тек 15 250 200-і немесе 37% ғана екпе алды. Толық егілгендер саны – 14 546 590.