13 ақп, 2017 сағат 12:45

Қырық үшінші сөз

Қырық үшінші сөз

(Мирас Асан туралы)

 Адамның жүрегінде ұлы Әділет болады.

Абай атамның бізге жеткен қырық бес қара сөзінің қырық үшіншісі болып танылған ізгі нәсихаты енді маңызын жоймас өмірге айналып кетті. Үлкен кісінің кемшілігі дей алмайтын, бірақ кем соққан бір тұсы - ол кісі Алаш баласының бойындағы жетерсіздікті көбірек назарға алыпты - өз бойындағы тектілік, мәрттік, өнерсүйгіш, Атымтай жомарт аңқылдақ мінезді қазақтың қасиеті ретінде хатқа түсірмепті - хакимдік болмысынан пана таппаған «санасыз, ойсыз... уайымсыз салғырттықтар» туралы жазып, одан қалай арылудың жолдарын қарастырып өтіпті. Кемел білім иесі бұған бола кінәлі емес. «Мазлұмға жаны ашып, іші күйген...» адамның сөзі сондай болады екен.

Әсілі, өзімізге де сол керек еді. Десе де өз бойындағы жаңағы қасиеттерге үстеме игліктер қосатын тура даңғылды нұсқап кетіпті. Әрине, атамыз қу сөзден, жасанды ұраннан әлдеқайда биікте болды. Ішкі қуат, нұрлы ой, төрт тарабын бірдей бағамдаған қамырық өзін де, сөзін де мүлдем басқа арнаға салған. Ең маңыздысы - ол кісіде сөз ойнатып отыратын уақыт болмаған, бүгін жұрттың бәрі меңгерген қалыппен бірінен-бірі аумайтын өлеңдерді күшіктете беру үшін келсе, Құнанбайдан тумас еді. Өзінен бұрынғы мыңжылдық пен кейінгі мықжылдықтың өларасында Шыңғысхан бүкіл әлем үшін қандай маңызға ие болса, қазақ үшін ол да сондай - артымыздан кім келерін Құдай біледі, алдымызда Абай тұр.

Анығында, «Қырық үшінші сөз» жалпы жұртшылықтан гөрі, үлкен іске талап қылған жас өскінге қаратылып айтылған. Баршаңызға аян - жан дүниесі есейіп келе жатқан адам хаким сөзінен бір туыстық сезім байқай бастайды. Егер жолы болып уақытында оқыса, бұл кезде Әуезов сомдаған Абайды өзіне дос етеді. Ол Абай «анық Абай» емес, Абайдың көлеңкесі ғана(бірақ сол көлеңкенің өзінен қаншама нұрлы қуат қабылдап үлгіресіз). Біз «көлеңкесіне» ілінгіннен кейінгі алты-жеті жылдың төңірегінде «ақыл көзімен қарап», «анық басқан» бірен-саранымыз болмаса, қалғанымыз сол көлеңкеден де аласарады екенбіз. Осы жылдарда кө-ө-п адамға сеніптік, еріптік. Олар да бекер жүрмепті – бізді білгенінше алдапты, біз де білгенімізше алданыптық. Енді, міне, жиырманың қызуы қайта бастаған шақта кемеңгер тұлғаның алдына қайта жығылыптық(әлі талай жығыламыз) – Абай алдамайды екен – «ескерусіз қалса», жандағы «қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-маз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады» деп уақытынан бұрын ескертіпті.

Сұраған Рахметұлының «Құнанбайдың оң көзінен ұят-ай» дейтін өлеңге бергісіз бір тармағы бар. Басқалар Құнекеңнің сау бір көзінен сонша именеді, Абайдың «ақылдың нұры» ұйыған қос жанарының алдына өзімізді бір қойып көрейік, неміз қалар екен!.. Құнанбайдың ол бір көзінен ұялу керек болды. Ол бір уыс топыраққа ғана тоятын құлқынның емес, мәңгі шаршамас ар-намыстың көзі еді. Ессіз ғашық пенде болады. Демек, ол ессіз сенеді. Ессіз ұлғайған «жан қуатына» басыбайлы құл болды деген сөз. Сіз де ессіз беріліп қорғауға тиіс мұғжизалардың қасында екенсіз, арға сақшы екенсіз.

Абай бұл сөзін жазғанда сол ессіз ғашықтарға да жол көрсетіпті.

Мирасқа барайық. «Жезөкше» өлеңінде «Ерініңді екінің бірі сүйед, кірпігіңде кім бірақ жасың боп ед?» дейді. Мирас нені тапты? Дұрысы – нені байқап қалды? Қолың жетіп тұрса да жетпейтін, бірақ жетпей тұрып жетуге де болатын бір көзге көрінбес, қолға ұсталмас сезімді... байқап қалды. Бұл – жанға мықтап бекітетін байлық. Бәлкім, азап. Жолында барыңды беруің керек. Жаныңды да. Шопенгауэр жан дүниесі бай жалғыздар туралы, олардың мәңгілік үстем орны және мәңгілік түбегейлі жеңіске жетпейтін лажысыздығы туралы айтпаушы ма еді. Өйткені, олардың қарсысында жалғыз бола алмайтын ымырашыл, жойқын топ тұр. Зира Наурызбаева басқаша байыптаған «көкжал егеуқұйрықтар» тұр. Бұлар бар мұраттан баз кешкен, мәңгілік өмірден күдер үзген – мәңгілік махаббатты ұмытқан, Мирасша айтсақ, «қолы жетіп тұрып жетпей қалғандар». Мирастан өтіп, Абайға барсақ, «қуатын жоғалтқандар». Қуатын жоғалтты, сүймей табуға болатын ләззат туралы ойлай бастады. Өзін алдап соғып, бір ақымақ жолға түсті дей бер. Енді қайту қиын. Абай соны ескертеді. Ал, ақымақ болмау үшін жалғыз қалу керек. Бірақ бұл жалғыздық бақытсыздық емес. Рамазан Тоқтаров жазатын «бақытты құлдықтан» өзгеше, сормаңдай бақыт секілді. Енді сол туралы айтайық.

Арыға, тым арыға сілтейтін бұл сезім адам баласынан аса үлкен сабырлылық күтеді. Әділет орната алмай бас кетер, (Ар-намысқа)ессіз берілген көңілің тұмсығымен жер соғар, арамдар тірісінде бар игілікке бөленер. Олардың жазаланғанын көрмей сіз де өмірден өтерсіз. Тіпті, өлген соң да қаһарман аты қалмай жүрер. Амал жоқ, Ақырет күнін тосасыз. Осы тосу сезімі Алла тағала бзіге берген Сабыр екен. Бұл Сабырдың бақыт екендігінің бір себебі - кім аяр, кім тойымсыз, кім арсыз, кім атаққұмар болса, сол сабырсыз. Оның бойындағы сабыр табарлық жан қуаты баяғыда ғарық болған. Жарықтың қараңғыны түбі бір жеңетініне сендіретін қасиетті сезім осыншама көп қасиетті аяқасты қылатын пенделер бар тірлікте сізді оқшау қалдыра беретін ұқсайды. Біздің жалғыздық тақырыбына соға бергеніміз содан.

Онсыз да күнәһар жолға түскен жезөкшенің тағдыры туралы ойлап та қоймауымыз мүмкін ғой. Бірақ анау жігіттердің сол тәнін саудалаған жезөкшеден де сорлы екенін таныған ақынның жүрегінде сөзсіз бір өзгеше Әділет сезімі бар. Жандағы бұл қуаттың күшеймегі де адамнан аса зор естілікті талап етеді. Ендігі жолдың сорабын Абай айқындап кеткен. Мирастың кез келген өлеңінен көзге ұрып тұратын жылы леп, табиғи иірімдердің қайнарына сол қуаттардың нұры ұйығандай. Кемеңгер тұлға ілдерге ілінген әр талапкерге жанның осы қуаттарын сөндірмеуді аманаттапты.

Мирас туралы сөз - ақын және оның өлеңі туралы сөз, көбінеки, ақындар және поэзия туралы сөз болып қалмақ. Егер дәл қазір, сөзіміз хақиқаттан айнымаса, біз сіз туралы да айтып жатырмыз. Жеке адамға арналған жағымды лебіздің айырықша орындысы, әдебиет, тарихтағы бағасының дәл үстінен түсетіндері бар. "1896 жыл. Абай елу бір жаста... фәни тіршілігі бақимен астасқан кез... "дейді Мұхтар Мағауин(«Абайдың суреті»). Мына дүниеде тұрып, о дүниенің пәрменін сезген, Бақидың қажеті үшін еңбектенген, барлық пенделік қажетсінулерден аулақтап, әулиелік лепеске бет бұрған деген сөз. Отыз сегізінші сөздегі кемел пайымдар да үлкен кісінің сол сырлы кеңіспен тікелей қатынаста болғанын аңғартатындай. Мағауинның бұл пікірін Абай төңірегіндегі ең жоғары пікір деп есептеймін. Жақсы ақындар адамзатпен бірге жасап келеді. Және олар көп. Бәріне жүрекжарды тілегіңді айтып үлгірмейсің. Бірқаншасына үлгіргеніңше айту керек, әрі осы айтқандарыңда барлық өзің білетін ақындардан тапқан ыстық қуаттың шарпыны жүрмек. Осыларға дамгершілік, Құдай туралы танымың қосылғанда, сөз тіпті де өзгеше түрге енеді, көркем шығармадай оқылып, оқушыны сырлы әлемге, өзінің жан дүниесіне бастап барады. Сол тылсым, сол сырды жарық деп атаған жөн. Біз көрген - бізге ұнаған, ділімізге күш қосқан өлеңдерде, Абайда, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, бұрын-соңды өткен жыраулардың жырында қайғысымен де жаныңды жылтатын, қапасымен мейірлендіретін, рухыңды қарға қаққандай жасартатын бір сиқырлы сәуле болыпты. Жақсы прозада "Сөз сөзге жарығын түсірсе"(Ғабит), жақсы өлеңде тармақ тармаққа, шумақ шумаққа жарығын түсіреді. Тұтас өлеңде басын құраған Жарық оқырманның санасына құйылып, содан адамдарға шарапатын шашпақ. Боямашылдық, жалған рухшылдық, жасанды эмоция өлеңге "сиқырлы сәуле" бітірмек емес. Жоғарыда айтқанымыздай, еңбектің өтеуін Ақырет күніне дейін күтуге болады. Бұл ұлық сабырдың ең соңғы жемісі - шығармашылық адамы мезеттік мақсат-мүдде мен атақ-абырой үшін жазбайды, мәңгілік мұраттың жолына түседі. Біз атаған Жарық та - мәңгілік мұраттың кісі жанын нұрландыратын қайырымды қуаты. Құдайдың адам баласына берген ең үлкен байлығы да сол екен. Ағасының бетінен, көкесінің бетінен, руының "бетінен оқыған талаптың"(Абай) тар шеңберінде ақындық, жазушылық атаққа үміттеніп жүргендерге жаңағы мұрат, Тәңірдің дидарынан үміткерлік миф болып көрінуі мүмкін. Осы көп кәдірі жоқ "мифке" имандай ұйыған аз ғана қауым өз ғасырында ұлттың, адамзаттың келбетін төбелеріне көтеріп өтіпті. "Тәңірінің берген өнерін"(Абай) есек қып мініп пұл таппай, бірі қапада көз жұмып, бірінің басы Құрқұдықта қалса да, ұрпағы тепкі көріп, әулетімен жоспарлы түрде қырғын-сүргінге ұшыраса да, қараңызшы, жердің арғы-бергі бетіндегі қазақтың жанын бейіштің самалындай шапағатты лепке бөлеп тұрған жоқ па?

Артық әспеттеп,  асыра сілтеп қалуды мақсат тұтпадық. Сөз тағы да "Жанның қуаты" мен "Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар"(Абай) өлеңдерде ғана болатын Жарық туралы. Адамгершілкті сөз иесінің өз басының беретін бодауы зор, тағдыры ауырлау болады, әсіресе, біздің қазақта. Жақсы жігіттер аман болсын, жанның қуатын жоғалтып алмасын, оқырманның ішкі әлемін Жарыққа бөлей алғандарға қошамет-құрметіміз түзу болсын дедік.

Тізімбек Анашұлы,

Ұлт порталы