03 қыр, 2021 сағат 18:14

Күрішбаев: Жолдауда ауыл шаруашылығының әлсіз тұстары дәл анықталған


Жолдауда ауыл шаруашылығының әлсіз тұстары дәл анықталған. Сала министрлігі ауыл шаруашылығын дамытып, фермерлердің кірістерін арттырумен айналысуы керек деген Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір елімізді дағдарыстан кейін дамыту жолында теңдестірілген саясаттың қажеттігі бұрынғыдан да маңыздырақ. Менің ойымша, экономикадағы түпкі нәтижеге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған дәл осындай бағдарламаны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жария етті. Президенттің өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру жөніндегі пайымын ерекше атап өткім келеді. Ауыл шаруашылығының әлсіз тұстары дәл анықталған. Биылғы жылы Үкіметтің фермерлердің онсыз да аз табысын тыйым салу шараларымен төмендетпеуі өте маңызды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын дамытумен, фермерлердің кірістерін арттырумен айналысуы керек», - деді Күрішбаев. 

Халық қалаулысының айтуынша, Президент азық-түлік тауарларының бағасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ажырату керектігін дұрыс айтты. 

Және оның мәлімдеуінше, Жолдауда айтылған биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық жүйе құру еліміз үшін стратегиялық маңызды шешім. 

«Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды ендіру арқылы су проблемаларын шешу қажеттігіне баса назар аударды. 2025 жылға қарай еліміздің барлық халқы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетіні маңызды. Менің ойымша, қоғам Президенттің елдегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30%-ға дейін көтеру туралы бастамасын жақсы қабылдады. Бұл біздің миллиондаған азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының оң шешімі», - дейді ол. 

Одан бөлек, депутат ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін және одан да көп уақытқа ұзарту қажеттігін баса айтты. 

«Бұл мәселені көптеген жылдар бойы ғалымдарымыз көтерген болатын. Мемлекет басшысы ғылыми гранттарды жүзеге асыру мерзімін бес жылға дейін ұлғайтуды тапсырды. Бұл отандық ғылымның дамуына жақсы серпін болады деп ойлаймын. Осылайша, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары айқындалды. Енді Президент айтқандай – «...біздің дамуымыздың шешуші кезеңі басталды және мемлекеттік аппарат бірыңғай тетік ретінде жұмыс істеуге міндетті. Тек осындай жағдайда ғана біз алға қойған мақсаттарымызға жетуді қамтамасыз етеміз», - деді Сенат депутаты.