Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасын түсіндіру мақсатында Шымкентке арнайы келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасы 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Мақсат - солтүстік пен шығыстағы жұмыс күші тапшы аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан халықты көшіру.
Бағдарлама бүгінде қарқынды жүзеге асуда. Республиканың Солтүстік облыстарына өз еркімен барғысы келетіндерге мемлекеттен субсидия, одан бөлек көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бағдарламаның халық үшін оңтайлы тұстарын түсіндіруге арнайы келген СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымовпен және қала тұрғындарымен кездесті.
2016 жылы еліміздің өзге өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысына 125 отбасы - 546 азамат қоныс аударды. Оларға 63 елді мекеннен баспана беріліп, еңбекке жарамды азаматтар жұмыспен қамтылды. Ал, былтыр Қызылжар өңіріне 376 азамат немесе 81 отбасы көшіп келді. Биыл жыл басынан бері 196 отбасы, яғни, 682 тұрғын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды.
«Біраз адам көшіп келді. Ол жаққа барсаңыздар біраз ағайындарыңызды табасыздар. Бизнестерін ашқан азаматтар, жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Үкімет беріп отырған мүмкіндікті жақсы пайдаланып, бизнестерін ашты. Кейбір мәселелер бар, әрине, кепілдік жөнінде, несиелеу жөнінде. Ол мәселені шешудің механизмін табуға болады», деді шымкенттіктермен кездескен СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Түркістан облысынан биыл қоныс аударған 263 отбасының 63-і Қостанай облысына, 50 отбасы Шығыс Қазақстанға қоныс аударса, 43 жанұя Солтүстік Қазақстанды таңдаған. 107 отбасы Павлодар облысында түтін түтетіп жатыр.
«Қазақстан - біздің кең байтақ жеріміз. Әрбір шаршы метрі - ол біздің жеріміз. Елбасымыз да айтты ғой, халық мобильді болуы керек. Америкада да Нью Йоркта тұрып, Сан-Францискоға барып, жұмысты қатынап істейді. Солтүстік Қазақстанда жер өте құнарлы, ауыл шаруашылығында жүрген біздің біраз азаматтар барып, жер алса, картоп егіп, басқа нәрселерді егіп, мал асырауға жағдай жасалатын болса, ол жаққа барам деген азаматтар көп болады», - дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов.
Мамандардың есебінше, Солтүстік Қазақстан облысында 1031 бос жұмыс орны бар. Өзге өңірден теріскейге қоныс аударғандарды 224 елдімекен қабылдай алады.
«Біз - аграрлы өңірміз. Сондықтан экономиканың негізгі саласы - ауыл шаруашылығы. Қазір облыста жаңа техника өте көп, 1 комбайын шамамен 100 млн теңге тұрады, себу кешені бар трактордың құны - 30 мың АҚШ доллары. Сол себепті, ауыл шаруашылығында еңбек еткісі келген адамның дайындығы болу керек. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жұмыс істеуге келген адамның бүгін істеп, ертең кетіп қалмайтынына сенімді болғысы келеді. Бізге уақытша қоныс аударушылар емес, тұрақты тұрғындар керек», - дейді СҚО Құмар Ақсақалов.
Қызылжар өңіріне өзге облыстардан қоныс аударған отбасыларға мейілінше көмек көрсетіліп келеді. Олардың жолақысы толықтай өтеліп, үй-жаймен, жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ, отбасының әр мүшесіне 35 есептік айлық мөлшерінде көтермеақы төленіп жатыр.