Тарих сабақтастығы бар да, тұлғалар сабақтастығы да бар. Елдік мәселені, мемлекеттілікті мұрат тұтқан бағзы бабалардың жолы ұрпақ сабақтастығымен жалғасып келеді. Дәстүр жалғасын таппаса, тәуелсіздікке қол жеткізе алар ма едік! Қазақ елінің тәуелсіздігін тұғырлы етуге үлес қосқан сондай тұлғалардың бірі – Қуаныш СҰЛТАНОВ.
Мерейтой қарсаңындағы сұхбатымыз осы кісімен жүргізілген еді.
– Қуаныш Сұлтанұлы, сұхбатымыздың негізгі тақырыбы да, өзегі де мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен байланысты болғандықтан, еліміз тәуелсіздігі қарсаңындағы нендей саяси-қоғамдық оқиғалар есте қалды, қандай жағдайда мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткіздік? Алдымен соған тоқталсаңыз.
–Әңгімемізді өздеріңізден, «Егемен Қазақстан» газетінен бастайық. Газеттің соңғы бірнеше нөмірінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты толғақты жаңа шығармасы жарияланды.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ой-толғақ еңбегінің «Туған елім – тірегім» атты алғашқы тарауын: «Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір отандық саясаткердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы. Міне, Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толған торқалы кезеңге келдік. Бұл аз уақыт па, әлде көп пе? Неден бастадық, қай жерге жеттік? Осының бәрін тыңғылықты таразылап, бағасын берер шақ келді. Болғанға байыпты баға беру – байырғы әдетіміз» деп әрбір саналы азаматқа ой тастаған салиқалы сөздермен бастапты. Шығарманың әрбір сөзі мен толғанысты ойы оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Автор оқырманымен өзінің қоңыр дауысымен әңгімелесіп отырғандай ерекше әсер қалдырады, әрбір қазақтың көкейінде жүрген сөз айтылады. Шығарманы оқи отырып, мемлекеттік Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін тереңірек түсінесің.
Сондықтан Тәуелсіздік туралы әңгіменің жөні бөлек. Ал енді сіздің сұрағыңызға көшіп, Тәуелсіздік алар тұстағы оқиғаларды еске түсірейік.
1985 жылы сол кездегі Кеңес Одағының билік басына Михаил Горбачев келгеннен кейін ел оның алғашқы сөздерінен үлкен үміт күткені рас. Қоғам жаңа, оң өзгерістерге сұранып тұрды. Алайда, көп ұзамай нақты іс атқарылмай нөпір сөзге көміліп, дағдарыстар мен қайшылықтар тереңдей берді. Ол дағдарыстар орталық биліктің ұлт саясаты мен басқарушы кадр – лауазымды басшы қызметкерлерді тағайындаудағы атүстілік пен біржақтылыққа ұрынып, жағдай шиеленісе түсті. Осындай дағдарысты жағдайдың дүниені дүр сілкінткен көрінісі бізде, Қазақстанда болды.
1986 жылдың 16 желтоқсаны күні КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының шешімімен ұзақ жыл республикамызды басқарып, елге еңбегі сіңген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа бір ауыз алғыс сөзі айтылмастан қызметінен босатылып, орнына Ресейдің Ульянов обкомын басқарған Г.В.Колбин сайланды.
Келесі 17 желтоқсан күні Алматыдағы Орталық алаңға жастар шығып, наразылық білдірді. Алаңға жиналған жастар мен олардың шеруін шектеуге төгілген күштік құрылымдар арасы қақтығысқа айналып, қантөгіс болды. Бұл оқиға тез арада «Желтоқсан көтерілісі» ретінде әлемге таралып кетті. КОКП мен Кеңес Одағының мызғымас тұтастығына сызат түсті.
Осы оқиғадан кейін оның себеп-салдарларын әділдікпен қараудың орнына Мәскеудегі орталық билік ежелгі әдетіне басып, ұлт кадрларын қуғындап, Брежнев алаңында болған студенттерді оқудан шығарып, жағдайды ушықтыра берді. Мұндай тәсіл тек Қазақ елінің ғана емес, басқа республикалардың да наразылығын туғызды. Алматыдағы жастардың көтерілісінен кейінгі үш-төрт жыл көлемінде наразылық шерулері Балтық жағалауы, Кавказ республикаларында болып, наразылық шерулеріне әскери күш қолданылып, адам өлімі орын алды.
1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің съезінде КСРО Конституциясынан Коммунистік партияның жетекші рөлі алынып тасталды. Компартияның беделі төмендей берді. 1991 жылдың тамыз айындағы Г.Янаев бастаған топтың төңкерістік әрекеттері сәтсіздікке ұшырап, аяғы Коммунистік партия тарап тынды. Сол жылдың 8 желтоқсан күні Ресей, Украина, Беларусь республикаларының басшылары Беловежьеде 1922 жылғы одақтық келісімнің күші жойылғаны туралы шешім қабылдады.
Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдап, біз Тәуелсіз мемлекет болдық деп жарияладық.
– Ереуіл демекші, 80-жылдардың аяғында сіз Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы қызметінде болдыңыз. Осы кездегі өзіңіз басы-қасында болған шахтерлар ереуілінің түйінін тарқатқан оқиғаны да айта кетсеңіз.
– Одақтағы ұлттық наразылық шерулері елдегі экономикалық дағдарыстың ендеуімен жалғасты. Енді Ресейдің өнеркәсіп өңірлерінде – Қиыр Шығыс, Сібір, орталық Ресей қалаларында кеншілер, шахтерлер, металлургтер, басқа да кәсіпорын жұмысшылары мен қызметшілері әлеуметтік-экономикалық ұзақ мерзімге созылған ереуілдер өткізді.
Міне, осы дүмпу ықпалымен 1989 жылдың шілде айында Қарағанды шахтерлері де өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының төмендігіне наразылықтарын айтып, ереуілге шықты. Ал ол күрмеуі қиын түйіндер түгелдей Мәскеудің, яғни сол кездегі одақтық Көмір өнеркәсібі министрлігі мен одақтық Үкімет қолында болды.
Қарағанды қаласының орталық алаңына он мыңнан астам шахтер жиналды. Олар бірден көмір өнеркәсібі министрі Михаил Щадовты місе тұтпастан, тек Горбачев немесе Назарбаевтың келуін талап етті. Сол ереуілден бір айға жуық бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаев дәл сол күні Мәскеуде үлкен одақтық жиналыста болатын. Бізден хабар алысымен ол Горбачевпен кездесіп, тікелей Қарағандыға ұшып келді. Нұрсұлтан Әбішұлы аэропорттан бірден алаңға келіп, ереуілшілер алдында сөз сөйлеп, оларды шахтерлер талаптарын іріктеп, сараптап, Орталық билікке нақты ұсыныстар дайындайтын бірлескен жұмысшы тобын құруға шақырды. Ол ұсыныстар түні бойы әзірленді, келесі күні таңертең қайтадан алаңға шығып, жариялаған соң, жиналғандар қанағаттанып, ереуіл тарады. Кезінде мен осы елеулі оқиға туралы егжей-тегжейлі «Егемен Қазақстанға» шыққан «Сын сағатта» атты мақаламда жаздым.
-Еліміз тәуелсіздік алатын қарсаңда ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктелгені мәлім. Тәуелсіз елдің тұңғыш Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрі ретінде сол кезде жұмысты неден бастадыңыздар?
– Сол жылдары, жоғарыдағы шахтерлер көтерілісінен кейін бір жыл аралығында одақтық биліктің долбарлығы көбеймесе, азая қойған жоқ. Қожырай берді. Одақ құрамындағы 15 республика әрқайсысы өзіндік, өзіне тән даму жолдарын, Орталықтан тәуелсіздік қажеттігін айта бастады. Бізде де әсіресе өнеркәсіп саласының 93 пайызының, ауыр индустрия, тау-кен, қара, түсті металлургия, мұнай, тағы басқа шикізат өнімдері толық, яғни 100 пайыз Орталық билікке, Мәскеуге бағыныштылығы сынға алынып, экономикалық, дербестік мәселелері үздіксіз көтерілетін болды.
1990-1991 жылдары Одақ көлемінде соншама көп оқиға болды. Солардың ең үлкені – жоғарыда айтқан 1991 жылғы әйгілі тамыз оқиғасы. Сосын КОКП-ның тарауы.
Сол жылдың 31 тамызында Президент Жарлығымен Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі құрылып, мен тұңғыш министр лауазымына тағайындалдым.
Кеңес Одағы бұрынғысынша бардың санатында есептелгенімен, іс жүзінде күн сайын дағдарыс үсті-үстіне шиеленісіп, құлдырап бара жатты. Мәскеуден билік кетті. Қарбалас кезең. Нұрсұлтан Әбішұлы шұғыл түрде жаңа мемлекет құрылысының алғышарттарын жобалап, жаңа үкімет жасақтап, саяси-экономикалық жағдайды жіті қадағалап, сараптап, шұғыл шара, нақты қадамдар жасауға екпін беріп отырды.
Осындай жағдайда жаңадан құрылған министрліктің алдында өте күрделі міндеттер тұрды. Кезек күттірмейтін мәселелер өте көп болды. Уақыт жедел. Сол себепті бірден баспалар мен мерзімді баспасөз ұжымдарының материалдық базасын, меншіктігін, қаржыландыру көздерін анықтап, заңдастырып, мыңдаған адамның күпті көңілін орнықтырдық. Екіншіден, ұжым басшыларын, лауазымды қызметкерлерді есепке алып, оларды біліктілігі мен қабілет қарымын талаптарына сай қайта қарап, бекіттік. Үшіншіден, баспалар мен БАҚ-тың негізгі міндеттерін айқындадық. Барлығын цензурасыз ашық кеңістікте жұмыс жасау мақсатына бағыттадық. Қысқа мерзімде министрлік құрамында сараптама басқармасын ұйымдастырып, оның жұмысына қоғамға жаңа көзқарастағы талантты жастарды жұмылдырып, әуелде екі аптада бір, кейінірек апта сайын, аптасына бірнеше рет әлемдегі, бұрынғы Одақ көлеміндегі, Қазақстандағы саяси, экономикалық, қоғамдық ахуалдар мен құбылыстарға жан-жақты талдау сараптамаларын жасап, Қазақстан Президентіне тапсырып тұруды жолға қойдық. Ол кезде бүгінгідей дария болып толассыз толқынмен ағылып-төгіліп жатқан ақпарат, интернет жоқ, біздің сараптамаларымызбен Нұрсұлтан Әбішұлы мұқият танысып, оларды Үкіметке, басқа салалық құзырлы орындарға тапсырып, маңыз беріп отырды. Сөз реті келгенде айта кетейін, мемлекеттік орындардағы ең алғашқы компьютерлік қызметті де біздің министрлік ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын дайындауға кірістік.
Билеуші партия тұсындағы идеологиялық қысымдау әдісі мен науқаншылдыққа бой алдырмауға мән бердік. Мәскеудің өзінде Лениннен бастап коммунистік партия қайраткерлерінің ескерткіштері мен портреттеріне қарсы жаппай күрес басталды. Бұл большевиктердің 1917 жылы билікке келгендегі ең басты қателерінің бірі еді.
Кейін бұл жойымпаздықтар материалдық игіліктерді қиратуға, одан миллиондаған адамды қуғын-сүргінге ұшыратуға әкеліп соқтырғаны тарихтан белгілі. Ендігі жерде коммунистік идеологияның үстемдігінен бас тарта отырып, дәл солардың қателігін қайталамауымыз маңызды болды. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің ешқандай елірме саяси науқан жасамайық деген ұстанымымызды қолдады. Қысқа мерзімде бұрынғы идеологиялық, дүниетанымдық құндылықтар ешқандай айқай-шусыз, митингілерсіз-ақ біздің бүгінгі өмірімізден ысырылып, ұмытыла берді.
– Тәуелсіздікті жариялау бар да, оның қадір-қасиетін халыққа ұғындыру бар. Экономикалық, әлеуметтік қиындық кезінде халықтың рухына дем беру, идеологиялық жұмыстарды жүйелеу де оңай болмағаны белгілі. Осындай қысыл-таяң сәтте қандай ұстанымда болдыңыздар?
-Дұрыс айтасыз. Сөз жоқ, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру, оны көздің қарашығындай сақтау әр азаматтың қасиетті борышы дер едім. Мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарымыздың қиындығы әлі күнге жадымызда, санамызда, жүрегімізде.
Ішкі экономикалық, тұрмыстық дағдарысты сынап, мінеп, қиындыққа шыдамай «мұндай тәуелсіздіктің керегі не?» деген де сөздер болды. Біздің мемлекет болып, аяғымыздан нық тұрып кететінімізге күмәнмен қараған сыртқы күштер, толып жатқан сарапшылар мен болжам айтқыштардың сөздері де ел ішіне тарап жатты. Кей елмен қарым-қатынас қалыптастырғанымызға сын айтылды. Түркиямен қарым-қатынас жиілесе, «Қазақстан Түркия жолымен жүрмек», Қытаймен қатынассақ, «Қытаймен болуды көздейді», Кореямен байланыс орнатсақ, «Корея тәсілін алғалы жүр» деген сияқты атүсті тұжырымдар мен сыртымыздан жасалған болжамдар аз болған жоқ.
Ал Нұрсұлтан Назарбаев көрші мемлекеттерден бастап әлемнің ең дамыған елдеріне дейін тең дәрежеде достық, татулық, әріптестік қарым-қатынас орнатуды жүзеге асырып, өркениетке өзіндік даму арқылы «Қазақстан жолын» таңдады. Ол жолдың темірқазығы, ең алдымен, ел ішіндегі тыныштық, тұрақтылық, этносаралық, дінаралық татулық, толеранттылық, ұлттық бірлік, ынтымақтастық, тұтастық. Өмірдің өзі дәлелдегендей, тек осы құндылықтардың өміршеңдігін қамтамасыз ете алғанда ғана қоғамда, мемлекетте мақсатты реформалар жүргізіп, экономиканы, халық тұрмысын көтеріп, жасампаздық даму жолына шығуға болады.
Шүкіршілік, Президент таңдауын халқымыз қолдады. Сол экономикалық қиын жағдайда халық төзімділік көрсетіп, Президент реформаларының жүзеге асуына белсене атсалысты, отансүйгіштігін, рух бірлігін көрсетті. Ұлттық дәстүр, руханият құндылықтарын, тәркіленген, бұрмаланған тарихымыздың шынайылығын айғақтап, ұмыт болған тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғаларымыздың есімдерін ел санасында қайта жаңғырту жолында орасан көп шаралар өткізілді. Оған халық өте ықыласты болды. Сондай қаржы тапшылығы жағдайында кезінде мемлекеттілігімізден айрылып, бодан болған азапты дәуірімізде құрбан болған, жойылған көптеген тарихи орындар, ғимараттар, кешендер қалпына келтіріліп, қазақ руханиятының, мемлекетінің көрнекті тұлғаларына ескерткіштер орнатылды.
– Тәуелсіз мемлекеттіліктің тұғырын биіктетуге қызмет еткендігіңізден жан-жақты хабардармыз. Алып екі көршіміздің бірі саналатын Қытайда Қазақстанның елшісі қызметін атқардыңыз. Қазақ елінің тату көршілік саясатын қалыптастырып, ең бастысы, екі елдің шекаралық келісіміне сіз елші болған тұста қол қойылды. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты орнықтыру жайына тоқтала кетсеңіз.
-Ойламаған жерден Нұрсұлтан Әбішұлы ұсыныс жасап, ықыласымды көре қоймаған соң, маған жәй ғана лауазымды қызмет ұсынып отырмағанын, Қытаймен жаңа дәуірде жаңа қатынас қажеттілігін, онымен тату көршілік, өзара сауда-экономикалық, тереземіз тең әріптестік қарым-қатынас қалыптастырудың маңыздылығын, әсіресе, Қытайдағы қазақтардың, ортақ өзендердің жағдайы, екі мемлекет арасында шекаралық келісімге қол жеткізу мақсатын тереңнен қозғап, жүрегіме жеткізіп айтқанда, еліме, мемлекетіме қажет болып тұрсам, несіне тартынайын деген ұжданмен барғаным да шындық.
Қытайда елші болған алты жылым – менің өмірбаянымның айрықша беттері. Өйткені, өзім үшін бұрынғы өмірімде ойлай, болжай алмаған жаңа әлем аштым. Қытайды, оның өткен, бүгінгі тарихын айрықша қызығушылықпен зерттедім, бұрын-соңды оқылмаған әдебиет, құндылықтарды көрдім, оқыдым. Жаңа Қазақстан мен Жаңа Қытай арасындағы жаңа қатынастың іргетасын қалауға қатынастым. Бірнеше кітап жаздым. Мен үшін, әсіресе, сіздің сұрағыңызда айтылғандай, Қазақстан-Қытай арасындағы шекаралық келісімдерге қатысу да кез келген елшінің үлесіне тие бермейтін бақыт.
Әрине, ол мүмкіндіктің өзі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің арқасы, мемлекеттік мәртебемізді басқа елдерге, әлемдік қоғамдастыққа жоғары дәрежеде сыйлата алған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбегінің нәтижесі.
Қазақстан-Қытай шекарасының тарихы ұзақ әңгіме. Өйткені, ол – жер тағдыры, ел тағдыры, тұлғалар тарихы. Өзіңіз жақсы білесіз, бұл тақырыпқа Қазақстандағы, Қытайдағы талай қаламгер шығармаларын арнаған. Көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», «Соңғы көш» романдарын еске алсақ та жеткілікті болар…
Шүкір, мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың орасан қайраткерлігінің нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Ал сол шақта Қазақстан мен Қытай арасында күрделі келіссөздер жүргізіліп, 1994 жылы негізгі, 1997 жылы бірінші қосымша, 1998 жылы екінші қосымша Қазақстан-Қытай шекаралық келісімдеріне қол жеткізілді және 1999 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР-дың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминь Қазақстан-Қытай арасындағы шекаралық мәселелердің толық реттелуі туралы коммюникеге қол қойды. Бұл – Қазақстан-Қытай көршілестігінде тұңғыш рет қол жеткізілген тарихи оқиға.
– Еліміздің тәуелсіздік алғанына да ширек ғасыр толып отыр. Қазақ елі әлемге танылды, халықаралық қоғамдастықта өзіндік орны бар. Парламент депутаты ретінде шетелге жиі шығып, сырттағы қайраткерлермен жиі сұхбаттасасыз. 25 жыл ішінде олардың көзқарастарынан қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
-Бұл – өте қызықты сұрақ. Ғажабы – Еуропада әлі күнге дейін бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігіндегі мемлекеттер туралы қатып, семіп қалған таптаурын көзқарас бар. Оларда, өкінішке қарай, эгоизм басым. Көп жағдайда олар осы 25 жылда қоғам тұтастай өзгергенін, тіпті ұрпақ өзгергенін ескере бермейді. Көпшілігі бүгінгі Қазақстанмен, Елбасымен, депутаттармен, мемлекеттік қызметкерлермен, мамандармен кездесіп, сөйлескеннен кейін «көздерін ашып», біздің Астананы, Алматыны, басқа қалаларды көріп, ескі көзқарастағы пікірлерін өзгертіп жатады. Қазір олар – Еуропа, Америка, Түркия, Қытай, тіпті көрші Ресей, тағы басқа әлемнің ежелгі дамыған елдері жаңа Қазақстанды таныды, мойындады, бізбен қарым-қатынасқа, әріптестік сыйластыққа мүдделі.
Жаңа Қазақстанның 25 жылында халықаралық қатынаста бұрын-соңды болмаған жаңа қатынастар, жаңа деңгей қалыптасты. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі әлем санасатын ықпалды мемлекетке айналды. Қазақстанның бастамашылдығымен қаншама халықаралық кездесулер, басқосулар, келісімдер өткізіліп, жаңа ұйымдар құрылғанын, игілікті істер атқарылғанын тізбелеп жатуға қаншама уақыт кетер еді. Түптеп келгенде, біздің ел есейді, өсті, мемлекетіміз қуаттанды, даму үстіндеміз.
Дүниежүзілік, халықаралық қоғамдастық, мемлекеттер, үкіметтер басшылары Нұрсұлтан Әбішұлымен ерекше санасып, оның пікіріне айрықша құлақ асатын дәрежеге жеттік. Бұған, әрине, ең алдымен, Елбасының жеке тұлғалық, қайраткерлік, кемеңгерлік саясаткерлігінің нәтижесі деп қараймын. «Елін танытатын Ер» деген бабалар сөзінің айқын көрінісі.
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жерде Елбасының сенімді серігі ретінде бірге қызмет етіп келесіздер. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстығыңыз қай кезден басталған еді? Мемлекет басшысының бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бағалайсыз?
-Менің қатарларым мектеп қабырғасынан өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында Қазақстанда тың игеруге, жаңа өнеркәсіп құрылысын көтеруге жастардың, комсомол мүшелерінің патриоттық сезіммен белсене қатысқанына құлағымызды түріп өстік. Әсіресе, Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысы мен оның жаңа өндірісі туралы, онда еңбек етіп жүрген жастар туралы радиодан, газеттерден күн сайын естіп, оқитынбыз. Оның үстіне, біз мектеп бітіретін 1961 жылы Кеңес Одағының сол кездегі басшысы Н.С.Хрущевтің орта мектепті бітіргендер міндетті түрде кем дегенде екі жыл өндірісте еңбек етіп, ер балалар әскери міндетін атқарып, тек содан кейін жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі ашылатын тәртіп орнады. Міне, сол кезде шалғай, ел шетіндегі шекаралық ауданда жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бізге үлгі ретінде айтылатын. Содан кейінгі Нұрсұлтан Әбішұлының өсу жолы қоғамның көз алдында болды.
1979 жылы Нұрсұлтан Әбішұлымен Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып тұрғанда таныстым. Ол кезде мен Қазақстан Комсомолының бірінші хатшысы қызметінде едім. Сол жылы желтоқсан айында ол кісі Алматыға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне өнеркәсіп саласына жауапты хатшы болып келді. Қазақстан басшылығына 39 жастағы тамаша өмір мектебінен өткен, дайындығы мол, іскер, партия қызметкерінің келуі тек біздің республикада емес, сол кездегі Одақта елеулі оқиға болған. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде де, кейін де өзіне тән білгірлігі, білімділігі, ұйымдастырушылығы және тағы басқа толып жатқан халық білетін қасиеттерімен республика басшылығының жұмысына жаңа тыныс, серпін әкелді. Ескіні жаңартуға, жаңаны жақсартуға бейім, білімі мен тәжірибесі үнемі өсу үстіндегі қайраткер. Халқымыздың бақытына жаратылған айрықша тұлға.
– Тәуелсіздік тойы қарсаңында елдік, мемлекеттілік туралы қысқа тұжырыммен түйіндесек сұхбатымызды.
– Әр қазақтың, әрбір азаматтың санасының өрінде, көкірек көңілінің төрінде қалғымайтын сезімі, ең асыл құндылығы – мемлекеттік тәуелсіздік болуы тиіс. Сонда біз қуатты, болашағы зор Мәңгілік Ел боламыз.
-Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»