15 қаң, 2022 сағат 13:00

ҚР ТЖМ күштері төтенше жағдай кезінде өрттен 30-дан астам адамды құтқарды


Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері төтенше жағдай кезінде өрттен 30-дан астам адамды құтқарып, 115 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Бұл туралы аталған ведомстводан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері төтенше жағдай жарияланған күннен бастап әртүрлі әкімшілік, оның ішінде мемлекеттік меншік нысандарында, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен бизнес субъектілерінде болған 117 өртті сөндірді (Алматы қ. - 58, Шымкент қ. - 14, Алматы обл. - 9, ШҚО - 3, Жамбыл обл. - 7, Қызылорда обл. - 26). Бұл ретте ТЖМ күштері өрт сөндіру кезінде 30-дан астам адамды құтқарып, 115 адамды эвакуациялады», - делінген министрлік ақпаратында.

Төтенше жағдайларды жоюға жеке құрамнан 1 300-ге жуық адам және 250 бірлік техника жұмылдырылды. Өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 10 қызметкер зардап шекті. Оның ішінде 1 қызметкер оқ жарақатын алды. Жеке құрам қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды. 

«Өрт сөндіру кезінде жалпы 30 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы қирады. Тәртіп бұзушылар 7-еуін айдап әкетіп, оның 5-еуін өртеп жіберген. Тағы 25-і қирады. Қазіргі уақытта 21 техника қалпына келтірілді, қалғаны іске жарамсыз болып қалды», - деп атап өтеді ведомстводан.