31 нау, 2021 сағат 17:51

ҚР Президенті Ұлы түркілер білім беру қорын құруды ұсынды

Қазақстан бауырлас елдердің жастарына 50 грант бөлуге дайын. Бұл туралы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Білім беру саласындағы ынтымақтастық - болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны Ұлы түркілер білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болар еді», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағлымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. 

«Біз бауырлас елдердің жастарына Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.