20 там, 2020 сағат 16:50

ҚР Президенті: Мырзакентте салынып жатқан үйлердің сапасына ерекше назар аударған жөн

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мырзакентте салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан облысына сапар аясында Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуы салдарынан үйсіз қалған Мырзакент ауылының тұрғындары үшін тұрғызылған жаңа ықшам ауданды қарап шықтым. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударған жөн»,-деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.

Президент сапарын Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылысымен танысудан бастады. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Арыс қаласындағы әскери полигонға барды.

Кейінірек Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.