10 қыр, 2024 сағат 12:35

«Көзі ашық, көкірегі ояу»: Азаматтық қоғамның белсенділігі жылдан жылға артып келеді


Фото: anna-news.info алынды
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда бірпартиялық жүйе үстемдік етті. Онда билік басында тек Коммунистік партия болды. Бірақ 1980-жылдардың соңына қарай қайта құру және жариялылық саясаты аясында саяси өзгерістер мен реформалар басталды. 90-жылдардың бас кезінде елімізде түрлі бағыттағы қозғалыстар мен партиялар құрыла бастады. Алғаш рет оппозициялық қозғалыстар пайда болды. Соның бірі – 1989 жылы құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, Балқаш пен Арал проблемалары жөніндегі комитет, Азат қозғалысы, ұлттық топтардың мүддесін қорғайтын «Единство», «Алаш», «Желтоқсан» сынды партиялар еді.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары көппартиялық жүйенің негізі қалана бастады. Осы сәттен бастап елде саяси партиялар мен қозғалыстарды тіркеуге және әрекет етуге рұқсат берілді. 1993 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды, онда көппартиялық жүйе мен саяси плюрализмге жол ашылды. 1995 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, онда көппартиялық жүйенің құқықтық негізі бекітілді. Сонымен қатар, бұл кезеңде партиялардың рөлі мен маңызы күшейді. 1999 жылы Қазақстанда алғашқы көппартиялық парламенттік сайлау өтті, бұл көппартиялық жүйенің нақты қадамдарының бірі болды.

Алайда билікте 30 жыл бойы отырған бір партия бәсекелестікті арттыруға жол бермей, бір топ азаматтың елді билеуіне жол берді. Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы саяси реалийді өзгертті. Нәтижесінде «Жаңа Қазақстан» құру идеясы қолға алынды. Жаңа Қазақстан идеясын құру жолында Қасым-Жомарт Тоқаев көппартиялық жүйені дамытуды қолға алды. 
2022 жылғы сайлауда алғашқы рет көппартиялы мажоритарлық жүйе енгізілді. Яғни, бұл жүйе арқылы тек партиялар ғана емес, белгілі бір партияға қатысы жоқ жеке азаматтар да өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсуге мүмкіндік алды. 

«Өкінішке орай, партиялардың жұмысына көңіліміз толмайды. Мәжілісте отырған алты партияның барлығы белсенді жұмыс атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Сайлау науқаны кезінде белсенділік танытқаны болмаса, нақты жұмыстар тындырып жатқан жоқ. Мысалы Ауыл партиясы «Ел бесігі – ауыл» деп сайлау алды науқандарын ұрандатып, бастамаларын көтерген сыңай танытқан еді. Екі жыл болды ауылдың мәселесін партиялар көтеріп жатқан жоқ. Әйтпесе, ауылда қаншама мәселелер бар. Олардың мақсаты соны шешу еді. Дегенмен, үлкен басымдылықпен келе жатқан «Аманат» және «Республика» партияларының мүшелері өңірлерді аралап, елдегі мәселелерді көтеріп жүр. Осы уақыт ішінде бірнеше заңнамалар өзгерді, мысалы бала мен әйел құқығын қорғайтын заңдар енгізілді. Оны да атап өткен жөн. Алайда сайлау науқаны кезінде тіркелген партиялардың тізімін біле бастаған халық қазір олардың жұмысының нәтижесін көріп отырған жоқ. Белсенділіктері мен дамуы өте баяу жүріп жатыр. Егер дәл осындай қарқынмен жұмыс істейтін болса, келесі сайлау кезінде халықтың сенімінен шықпайды», - деді саясаттанушы Талғат Жанысбай. 


Саясаттанушының айтуынша, көппартиялық жүйені енгізу арқылы қоғам саяси бәсекелестікті арттырады деген нәтиже күткен еді. Алайда бір партияның үлкен басымдылықпен келе жатқаны саяси белсенділіктің дамуына кедергі жасап отыр. 

«Аманат» партиясы 70 пайыз дауыспен алда. Қалған партиялар 6-7 пайыз адамдармен отыр. Сондықтан кез-келген мәселені Парламентте отырып дауысқа салған кезде, бір партияның өкілдері көп болғандықтан, сөзсіз жеңіп кететіні анық. Екі жыл өтсе де, бәсекелестікті көріп отырған жоқпыз. Сол себепті елімізде көппартиялық жүйе саяси бәсекелестікті арттырады дегенге сенбеймін. Дәл қазір Парламентте отырған алты партия өздерінің жұмыстарын тиянақты атқарып, нәтиже көрсете алса, олардың келесі сайлау науқанына дейін абыройын көтеруге мүмкіндіктері бар», - дейді саясаттанушы. 


Талғат Жанысбайдың пікірінше, АҚШ мемлекетінде демократиялық және республикалық партиялар бар, олардың бәсекесі өте жоғары. Өзіміздің бауырлас Түркия елінде де бәсекелестік жоғары. Тіпті сайлау кезінде екі партия бірдей дауыс жинап, қайта сайланып жатқан сәттері кездеседі. Ал Қазақстанның мысалында көппартиялы жүйе негізгі мақсатқа жете алмады. 

«Парламентте отырған партиялар өзара бәсекеге түссе болар еді. Аманат париясымен жарыспай-ақ. Ол үшін өңір-өңірді аралап, халықпен пікірлесіп, қоғамның мәселесін шеше отырып шынайы халықтың үмітін ақтайтындай жұмыстарын көрсетуі тиіс еді. Өкінішке орай, өздерін ұлтшыл, демократиялық және оппозициялық санайтын мәжілісте отырған партиялар өздерін көрсете алмай отыр», - дейді сарапшы. 


Осы ретте елімізде тіркелген партиялардың тізіміне тоқталсақ. Бұл партиялар елдің саяси процестеріне қатысып, сайлауға түсіп, түрлі деңгейдегі өкілетті органдарда еңбек етеді.

“Аманат” партиясы (бұрынғы “Нұр Отан”). Қазақстандағы ең ірі және ықпалды партия. Билік партиясы ретінде саяси процестерге тікелей әсер етеді. Елдегі негізгі реформаларды және президенттің бастамаларын қолдайды. Парламентте басым орындарға ие.

Құрылған жылы: 1999 жылы.
Партия жетекшісі: Ерлан Қошанов.
Саяси бағыт: Орталықшыл, реформашыл.

“Ақ жол” демократиялық партиясы. Бизнес пен кәсіпкерлікті қолдайтын партия. Парламенттегі орындарға ие және экономикалық реформаларды қолдайды. Елдегі орта таптың және бизнес қауымдастықтарының мүдделерін қорғайды.

Құрылған жылы: 2002 жылы.
Партия жетекшісі: Азат Перуашев.
Саяси бағыт: Оңшыл, либералдық-демократиялық.


Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистік халық партиясы). Әлеуметтік әділеттілік пен халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін көтереді. Парламентте өкілдігі бар және әлеуметтік саясатқа қатысты белсенді ұсыныстар жасайды.

Құрылған жылы: 2004 жылы.
Партия жетекшісі: Ермұхамет Ертісбаев.
Саяси бағыт: Солшыл, социалистік.

⁠“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Ауыл шаруашылығын және ауыл тұрғындарының мүдделерін қорғайды. Ауылдағы өмір сапасын жақсарту мен аграрлық реформаларды қолдау мәселелерін көтереді. Парламентте орындары бар.

Құрылған жылы: 2000 жылы.
Партия жетекшісі: Әли Бектаев.
Саяси бағыт: Аграрлық, патриоттық.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП). Оппозициялық бағыттағы партия. Әлеуметтік теңдік, демократиялық құндылықтарды жақтайды. 2021 жылғы парламенттік сайлауға бойкот жариялап, қатысудан бас тартты, бірақ кейінгі саяси процестерде қайта белсенділік танытты. 

Құрылған жылы: 2006 жылы.
Партия жетекшісі: Асхат Рахымжанов.
Саяси бағыт: Солшыл, оппозициялық.


⁠“Respublica” партиясы. Жаңа партия ретінде 2023 жылғы сайлауда Парламентке өткен. Партия реформаторлық идеяларды қолдап, жастар мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайды. Кәсіпкерлік пен әлеуметтік реформаларды алға жылжытуға бағытталған.

Құрылған жылы: 2022 жылы.
Партия жетекшісі: Айдарбек Ходжаназаров.
Саяси бағыт: Жаңашыл, реформаторлық.


⁠“Байтақ” партиясы. Экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған партия. 2023 жылғы сайлауға қатысып, алғаш рет саяси процестерге араласты. Партияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Құрылған жылы: 2022 жылы.
Партия жетекшісі: Азаматхан Әміртаев.
Саяси бағыт: Экологиялық.
 
“Ұлт тағдыры” партиясы. Партия ұлттық құндылықтарды және мемлекеттің егемендігін қорғау мәселелерін көтереді. 2023 жылғы сайлауға қатысып, саяси аренада алғашқы қадамдарын жасады.

Құрылған жылы: 2022 жылы.
Партия жетекшісі: Дос Көшім.
Саяси бағыт: Ұлтшылдық және патриоттық.