Оңтүстік Қазақстан облысында «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркістан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, өтті деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Түркістан қаласында өткен шараға ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы және Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мұрындық болды.
Конференция жұмысына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы және отандық ғалымдар мен музей ісінің 30-дан аса мамандары қатысты.
Конференцияның мақсаты - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жəне «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында киелі жерлерді таныту, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, насихаттау арқылы келешек ұрпақ кәдесіне жарату, түркі халықтарының рухани пірі Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихындағы орны мен рөлі және отандық музей саласындағы актуалды проблемаларды сараптау, талдауға арналған.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов конференцияны ашып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқыды.
Түрксой халықаралық ұйымының өкілі филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Асқар Тұрғанбаев аталған конференцияның ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен тəжірибені арттыруға маңызы зор екендігін айта келе, Ясауи мұрасының адамзат игілігіне айналуына Түркі елі ғалымдарының да сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді. ТҮРКСОЙ ұйымы атынан қорық-музей директоры Нұрболат Қадырұлына кәдесый тарту етіп, еңбекке биік белестер тіледі.
Пленарлық отырыспен бастау алған басқосуда Ресейдің өнертанушылар қауымдастығының мүшесі Саттарова Лилия «Түрксой и взаимодействие музеев тюркского мира» тақырыбында баяндама жасаса, Түрксой халықаралық ұйымы және Бурса муниципалитетінің қолдауымен шығарылған «Еуразия музейлеріндегі костюмдер коллекциясы» кітабының тұсаукесер рəсімін өткізіп, қорық-музей қорына өз тартуын салтанатты түрде табыстады.
Конференцияға қатысушылар «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркі-Ислам өркениетінің сабақтастығы», «Рухани жаңғыру және Түркістан», «Киелі, қасиетті жерлер, мәдени туризм және музей ісі» сынды үш бағыт негізінде баяндамалар оқып, тың ойларын ортаға салды. Онда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихы мен әлемдік өркениеттегі орны, зерттелу мәселелері, өмірі мен шығармашылығы зерделеніп, сондай-ақ, Отандық музей саласындағы кейбір көкейкесті мәселелер сарапталып, талданды.