Жылауық тал
Ылғыйда қасына жақындасаң сыңсып ән салып тұратын Жылауық тал тым-тырыс. Үні өшкен. Жәния! Жәния деп қанша айқайласам да үн қатқан ешкім жоқ… Мен қолымдағы Бәкейдің айбалтасымен Жылауық талдың діңін дүрсілдетіп шауып жатырмын.
Қып-қызыл боп бұрқ етіп қан шықса екен деймін. Балтаны әр сілтеген сайын жан-жаққа жаңқалар шашырап жатыр. Қанша уақыт өткенін қайдам қылпып тұрған балтаның өткір жүзі әр тиген сайын бір құшақ жаңқа жаудырып жүріп, бір заманда Жылауық тал бір жағына қарай гүрс етіп құлап түсті.
Арқырай кісінеген алаяққұла тік шапшып барып біздің қостың орнына қарай үрке жөнелді.
– Жәния! Жәния! Мен жер әлемді басыма көтере айқай салдым. Екі қолымның қары талып құлаған талдың түбіріне арқамды сүйей отыра кеттім. Көз алдымда осында алғаш келгенге дейінгі күндерім келді.
***
Отар қос. Төрт қора қойды қосып алып, үш жұма жая көшіп осы Жылауық талға келіп қос тіккенбіз.
Әуелде ауылдан шыққанда Бесқараның терістігін қыстаймыз дегенді жолай Байтел мен Мәкейдің егесімен осында бет бұрдық. Бізбен бірге Жәния да келе жатыр. Қазір мен Жәнияның менен басқа ешкімге көрінбейтінін біліп алғанмын.
Қасымдағы серіктерім Байтел, Мәкей, Бәкей үшеуі құрдас. Байтел мен Мәкей қашан көрсең тап бір әкелерінің құны қалғандай айтысып тартысып жатады. Бәкей біздің ауылдан емес, көрші қыстақтан. Қайсының қалжың, қайсысының шын екенін мен ажырата алмай қаламында екеуінің айтыс-тартысы басталғанда ақырын шеттей берем. Үндемей айызын қандырып қызықтайтын Бәкей ғана.
– Әлі-ақ орда бұзар отызға келеміз… Екеуіңнің қылығың мынау жас балаша алысып жүрген… Ой сендерді де… Бір біріңе мықтысыңдар… Ауылдан шыққан күнгі бірінші қоналқыда Бәкей осыны айтты.
– Е, құрдас ел аман, жұрт тыныш… Бір-бірімізге көрсетпеген мықтылықты қайдағы күштіні тауып көрсетеміз… Байтел осыны айтқанда жаба салманың ауыз жағында құж болып қалған мойнын маған уқалатып отырған Мәкей:
– Пәлі күш көрсететін жер таппай жүрсің бе?! Онда Бесқараны емес Жылауық алға барып қыстайық. Сенің батырлығыңды көрейін.
– Несі бар?! Жылауық талдағы жынның қызын қатын ғып алармын әуелі. Бір түнеген соң өзің қорқып қойыңды бөліп алып кері көшпесең болды.
– Мен бе қорқатын! Тап атаңның басы! – мені қостың етегіне қарай бір қолының сыртымен домалата салған Мәкей тұра ұмтылды. Тар қостың ішінің қорыс-қопасын шығарды. Мен жан-дәрмен далаға сытылып шығып кеттім.
Бірің өліп бірің қал дегендей Бәкей қырқ-қырқ күліп анадайда алысқан екеуін тамашалап тұр.
– Бәкей аға арашаласаңызшы аналарды… – деп қасына келген маған, – Е, бауырым-ау осылар араша береді дейсің бе?
– Бірін бірі өлтіреді ғой…
– Жоға, қазір сілелері қатып шаршағасын қояды… Қой онанда екеуміз біраз жүріп қайтайық. Айтпақшы, сен мектепте оқып жатыр едің ғой… елдің сендей балалары шалбарының бауын әлі шешелеріне байлатып жүр. Оқу қайда?
– Мұғалімдер оқымай-ақ қой деді.
– Неге?
– Жындысың дейді.
– Сап-саусың ғой…
– Сонда қалай?
– Бір жағынан балалар мазақтап маза бермей қойды… “Жоғалған Жәнияң қайда” деп…
– Ол кім? Жәния дегенің.
– …
Осыдан жеті сегіз жыл бұрын басталған бұл әңгіме.
***
Мен мектепке енді барам деп жүрген жылы шешем қайта-қайта ауыра берген соң, қоралы қойды нағашыларма қосып ой жайлап қалғанбыз. Жаздың аптап ыстығында ойда қалып шыбын-шіркейге таланғанша нағашыларыңмен бірге сенде жайлауға шығып кел дегендеріне қарамай әке-шешемнің қасында қалғам. Жазғы демалыс ойда қыстауда бірен-саран қора-қосын жөндеуге қалғандар болмаса қалған жұрттың бәрі жайлауға шығып кеткен. Әуелде үй маңайында оны-мұнымен жағаласып күн өткізгеніммен соңыра бәрінен жалығып кеттім. Сосын иен қыстауларды кезіп кеш бата үйге әзер оралатын болғам. Таң бозынан шығамында күн қызғанша арлы-берлі сенделемін де күн қызғанда бір көлеңке жер тауып алып ұйқы соғамын.
Сөйтіп жүріп бір күні ауылдың ең аяқ жағындағы көне қораға барып айналшықтап жүрдімде күн қыза ашық тұрған терезеден ішке еніп сап-салқын үй ішіндегі ескі төсектің ағашының үстіне шықтымда ұйықтап қалдым.
– Тұр! Тұршы тез! – деп өзімді жұлқылап тұрған қыздың даусынан оянып кеттім. Кеш баяғыда батып кеткен екен. Менің иен үй деп кіріп кеткен үйімнің иелері отыр.
– Ешнәрсе ұрлағам жоқ… Жай ұйқым келіп ұйықтап қалыппын… Ақталып жатқан түрім.
– Иә ұрлайтын ешнәрсе жоқ мұнда… Дастархан басындағы шал мен кемпір өз жайларында шай ішіп отыр…
Менің жеңімнен тартқылаған қыз қоярда-қоймай дастархан басына алып келді. Дастарханның бір шетінде лапылдап жанып тұрған білте шамның жарығымен қыздың бет-ауызы анық көрінді.
Шамасы мен құралыптас секілді.
– Апа шай берші… Қыз сөзін кемпір елемеді. Атасы жай көзін бір төңкеріп қойып басын шайқады.
– Бізде көп тәтті бар, мә, мынаны алып ал! Қыз дастарханнан бір әдемі қағазға оралған кәмпетті ала бергенде кемпір қолын қағып жіберді.
– Берме! Жемейді ол! Шаңқ еткен кемпірдің даусымен дастархан шетінде шам жалп етіп сөніп қалды да алыстан әкемнің:
– Әске-ау! Әске… деп барылдаған даусы естілді.
– Бұл жерден бізді көргеніңді ешкімге айтушы болма! – деп есікке қарай сүйрелей жөнеліп еді манағы қыз шырқырап:
– Ата оны жібермеші… жібермеші… деп етегіне жабысты.
– Менің Жәниям ақылды… Сөз ұғады… Мына баланың әкесі іздеп келіп тұр, кетпесе болмайды… Сосын ертең тағы келеді деп қызын бір қолтығына қысты.
– Рас па? Келесің бе? Қыз менің басымнан сипап тұр.
– Иә, -дедім менде тез кете қалсам ба деп.
Табалдырықтан сыртқа қарай аттай бергенде қыз:
– Келмесең өкпелеп қаламын… - деп айқайлап жатты.
– Әке!
– Ау, құлыным-ау, иен далада не істеп жүрсің екі кештің арасында! Суға кетіп қалдыма дегенде жаным мұрнымның ұшына келді ғой… Мені келіп бас салған әкем жерден жұлқа көтеріп бауырына басты да жаңағы мен шыққан ескі қораның жанында ағып жатқан өзен жаққа мойнын созып:
-Ау, жігіттер табылды… табылды… тірі екен… деп озандата айқайлады.
Жан-жақтан бес-алты адам анталап жетті.
– Үй, мөндібас неме! Иен қораға келіп ұйықтап қалған ғой…
– Ағасы балаңа ие болмасаң Бозайғырдың суын білесіңтынып жатып бір сәтте айналасын жайпап кететінін.
-Су жардан аса көтеріліп қайта басылған екен… Қабақты жағалап жүріп суға кетіп қалдыма дегенде зәрем қалмады.
– Жалғыздың жаны мұрнының ұшында… Жалғыз баланы көзіңнен таса қылмасаңшы. Қашан көрсең иен қыстауды кезіп жүреді…
– Иә, иә енді көзімнен таса қылмаймын, ниеттес болғандарыңа рахмет, - деп әкем оларға жалбарақтап жатыр.
– Ой енеңді… иен даладағы адам жоқ иен қорада не атаңның басын іздеп жүрсің, – деп күнде үйге келіп шай ішіп кетіп жүретін әкемнің құрдасы Естен құлағымнан бұрап қояды.
Шығардағы шалдың сөзі есіме түсіп ешнәрсе айтпадым.
Үйге келіп топырлаған жұрт шайға отырды. Мен орнынан тұра алмай төсек тартып жатқан шешемнің ірге жағына кіріп кеттім де ұйықтап қалдым.
Ертесі түске шейін әкем мен шешем мені қия бастырған жоқ. Тек түс қайта әкем шабындық жақты көздеп келем деп кеткесін ғана кешегі Жәнияның үйіне қарай ауыл арасының борбас топырақты бұрқылдақ жолын бұрқыратып тұра жүгірдім.
Кешегідей терезеден емес бүгін есіктен кірдім.
Ауызғы үй қаңырап бос тұр. Түпкі бөлмеде шығардеген оймен жайлап барып есіктің тұтқасын ұстай бергенімде арт жағымнан:
– Ашпа ол есікті атам ұрсады, – деген Жәнияның даусынан селк ете түсіп артыма жалт қарадым.
Босаға жақта жастықты құндақтап орап алып құшақтап тұр екен.
– Қайдан келдің? – деппін сасқалақтап.
– Ешқайдан, осындамын.
– Жаңа ғана жоқ едің ғой…
– Өзің көрмей өте шықтың. Қыз сөзі аяқтамай сырттан Жәнияның атасы мен апасы кірды.
– Жәния айттым ғой ертең келдеді деп. Атасы Жәнияның қолындағы құндақты алып биік сәкінің үстіне қарай тастай салды.
– Ата лақтырма, бөпем жылайды…
– Қой балам енді жастық пен ойнама Әскемен сөйлесе ғой…
– Ән айтып берейін ба? Қыз менің қарсы алыдыма келіп тұра қалып көзін менен алмай ыңылдап ән айта бастады. Ешбір сөзін түсінбесемде менде Жәниямен бірге ыңылдай бастадым.
– Жарайды доғарыңдар. Жәния Бәрен әпкең оянып кетеді. Кемпір иіріп отырған ұршығын жанына қойды да орнынан сылбыр тұрып дастархан жаза бастады. Сосын маған анау терезенің жақтауында тұрған кесені әкеліп ежіреден су іше ғой, шөлдеген шығарсың, - деп өздеріне дастарханның шетінде тұрған шәйнектен шай құя бастады.
Мен ежіредегі судан алдымда кесені басыма бірақ көтердім. Сап салқын су бойымды тітіретіп жіберді.
– Апа Әскеге кәмпет беремін, - деп Жәния дастарханға қол созып еді апасы кешегіндей тағы қолын қағып жіберді.
– Әскеге кәмпет берсең үйге кіргізбей қоям онда. Кемпір зірк ете түсті. Мен ішімнен өкпелеп қалдым. Ауылдағы апалардың барлығы кәмпеттерін қызғанбай бере беретін еді. Мына кемпір бір шық бермес Шығайбай екен деп. Олар шай ішіп болғасын Жәнияның ойыншықтарын ортаға үйіп алып үй-үй ойнай бастадық. Ара-арасында әңгімелесіп қоямыз.
– Мен мектепке барамын биыл. Әкем қаладан сумка, кітаптар әкеліп берген. Сен барасың ба деп сұрадым?
– Алақай, онда менде барам. Апа Әскемен бірге мектепке барамын ғой ә?! -Жәния ойнап отырған ойыншықтарын тастай салып апасының мойнына асыла кетті.
– Барасың құлыным, барасың.
– Маған кітап пен сумка алып бересің апа?
– Иә, алып берем, атаң әкеліп береді.
Тағы біраз отырған соң Жәнияның атасы:
– Әске балам сен мықты жігіт екенсің ғой. Бірақ осында келгеніңді, көргендеріңді ешкімге айтпа. Айтсаң әкең жібермей қояды. Енді үйіңе қайта ғой, – деген соң сыртқа шықтымда манағы ізіммен үйге қарай тыздаңдай жөнелдім.
Мен алып ұшып үйге жеткенде шешем әлі сол орнында жатыр екен, әкем әлі келмепті.
– Қайда кеттің қу түйнек, әкеңе айтып жоныңнан таспа тілдіремін. Кешегідей жоғалып кетсең қайтеміз. Шешемнің даусы жарқаштанып шығып жатыр.
– Апа-ау бағанадан бері үйдің алдында ойнап отырдым…
– Айқайлағанда неге келмейсің онда…
– Естігем жоқпын…
– Әкеңнің де келіп қалатын уақыты болды, сырттағы ошаққа от салып су қоя салшы құлным. Менің күйім болса мынау, әкең талығып жұмыс істеп әзер жетеді, не бір шәугім шайді қайнатып бере алмай жатқан жатысым. Шешемнің үні енді мекірене шықты.
Мен сыртқа шығып тас ошаққа қу шөмшектерді толтырып су қойдым.
Күнде осылай әкем жұмысқа кете мен Жәнияға барып ән тыңдаймын. Екеуміз үйінің арт жағындағы өзеннің қабағына шығып алып топырақтан қоражай салып ойнаймыз.
Тек апасы маған тәтті мен өздері ішетін шайдан дәм татқызбайды. Сол ежіредегі судан күніне неше кесені сіміріп алып қайтамын.
Бір күні Жәниядан:
– Апаң мені жек көре ме?- деп сұрадым.
– Неге? Апам бәрімізді жақсы көреді.
– Онда маған неге кәмпет бермейді. Енді бермесе келмей қоям, - дедім.
Үйге қарай лақша секіріп тұра жөнелген Жания кірді де шықты. Екі уысында екі тал кәмпет.
– Апама айтпа. Екеуіміз екеуін жеп алайық. Апасы көріп қоймасын деп, жалма-жан кәмпеттің қабығын аршыдым да, аузыма салып жіберуім сол екен, қол аяғым өз еркіме ырық бермей бір жағыма қарай қисайып құлап бара жатырмын. Менің жанымда Жәния ешнарсені сезбегендей көзін жұмып алып аузындағы кәмпетті екі ұртымен кезек таусап отыр.
– Жәни.иии.. даусымда шықпай қалыпты… анадайдан Жәнидің апасы мен атасы жүгіріп келеді. Тек көзімнен басқа жерімде жан жоқ секілді. Тек көріп қана жатырмын. Қыбыр ете алатын емеспін. Апасы келіп Жәниді отырған орнынан жұлып алды. Атасы менің басымды енді сүйей бергенде анадайдан әкемнің құрдасы Естен сап ете қалды. Мені көре сала жүгіріп келіп, мені орнымнан жұлып алды да алды-артына қарамай үйге қарай жүгіре жөнелді. Жәниге ертең тағы келем деп айтқым келгенімен онымнан ешнәрсе өнбеді. Біз үйге таяп қалғанда анадайдан әкем де келе жатыр екен.
– Жалғызыңды көзіңнен таса қылма деп қанша айттым. Сеңқорада қабақтың үстінде жалғыз жығылып жатыр екен. Бір бәленің шалығы тимесе игі.
Әкем Естеннің құшағынан мені жұлып алды. Қол-аяғымда жан жоқ арлы-берлі соқтығысып бос жатыр.
– Өтірік айтады жалғыз емес болатынмын,- деп айтқым келгенімен даусым жоқ.
– Құдайым-ай, не жазған ем, қатынның күйі анау, өлмелі болып жатқан. Енді мына жалғыз ұлға не істедің?! Әкем күңіреніп кетті. Соның арасынша осындағы барлық адам жиналып қалды.
– Тез біреуің Бастаулыға шабыңдар. Әден бақсыны алып келіңдір.
Менің үнім шықпағанымен, денем қозғалмағанымен, бәрін көріп, біліп жатырмын.
– Жылдам үйге кіргізіңдер!
Мені үйге кіргізгенде, шешем басын зорға көтеріп сөйлеуге даусы шықпай өз үніне өзі тұншығып жылап отыр екен. Сырттағы дауыстан менің халімді ұқса керек.
– Дереу пешке отын салып, лаулатып от жағыңдар. Қорғасын ертіп құяйық, бір нәрседен шошынып қалған ғой. Дән аға деген кісі барынша ұстамдылық танытып бұйырып тұр.
Әкем мен ішіне өзімше керек-жарақтарым деп жинап жүретін атамнан қалған талысты жерге бірақ төңкерді де, өзі құйып берген тепкіштің қылын сурып алып, қорғасынын Дән ағаға әкеліп еді:
– Жоқ мұның тым кішкентай, тағы біраз болу керек. Осы кезде шешем қолын босаға жақта сүйеулі тұрған адалбақанға қарай созып еді, әкем бірден түсінді. Адалбақанның басын ала қыстырулы тұрған ұршықтың қорғасынын шығарды. Оттықтың қасында тұрған ежіредегі қаңылтыр шөмішті алып оттың үстіне қойды да, ішіне қойдың тоң майынан бір кесегін салып жіберіп, май әбден бұрқылдап қайнай бастағанда қорғасынды үстіне салды. Сүт пісірімге жетпей қорғасынның шұрқылдап қайнаған дауысы естіліп, кеңсірікті ашытатын қышқыл иісі келді. Дән аға ожауды алып сыртқа шығып бара жатып:
- Қазір, қазір балқыған қорғасынды жайпақ ыдыстағы суға құйып көреміз. Неден шошынғаны сонда анық болады,- деп айтып бара жатты. Мені шешемнің қасына әкеліп жатқызып қойған. Шешем әлсіз саусақтарымен маңдайымнан сипалап отыр. Аз үзілістен соң жаңа қотарыла сыртқа шығып кеткендер қайтадан үйге кірді.
– Тура адамның бейнесі… Қыз баланың бейнесі ғой мынау…
- Бетіне апарыңдар… Есін жияды… Дән аға сенімді. Әкем қолындағы қорғасынның құймасын бетін көз алдыма алып келі. Жаңағы қыз баланың бейнесі деп жатқандары шынымен рас екен. Тура Жәнияның кішкентай ғана мүсіні екен. Тіпті дөп-дөңгелек көзінің көк пен жасылдың арасындағы құбылып тұратын жанарына дейін аумаған.
– Жәния! - дедім. Ернім қыбырлағандай болды. Тым әлсіз болса да үнім шыққандай.
– Есін жиды. есін жиды…
– Айналайын-ай…
– Құлыным-ай…
– Су ішерің бар екен ғой…
– Жарайды, енді кейін тұрыңдар. Есін енді жиғанда тарылтпаңдар. Бір-екі адамнан басқамыз сыртқа шығайық… Әзірге осы есін жиғанына да шүкірлік, қалғанын Әден бақсы келгесін естірміз. Дән аға бәріне бұйыра сөйлеп өзі төр жаққа барып жантайып жатты.
Шешем әлі маңдайымнан ақырын сипалап жатыр. Әкем есі ауған адамша анадайда состиып тұр. Жаңағы Жәнияның мүсінін қайда алып кетті екен деп ойлап жатып, көзім ілініп кетіпті. Қанша уақыт өткенін қайдам, ауылдың бас жағынан тура осында қарай алай-дүлей дауыл соқтырып осы үйді тұтасымен бүріп жібергелі келе жатқан, алып қара құстың қанатының ысылымен оянып кеттім. Манағыдай емес әлденіп қалған екем. Орнымнан атып тұрып, үйдегілерді құтқармақ болып енді көтерле бергенде, әкем мен Дән аға екеуі атылып келіп мені:
– Айналайыным- ай шошынып қалған ғой, тыныштала ғой, - десіп тапжылытпай ұстап қалысты.
– Қаш, қаш, қашыңдар, - деп мен барынша айқайлағаныммен, әкем құлағын аузыма төсеп жүріп әзер естіді.
– Рас айтасыз Дән аға. Қаш, қаш деп жатыр шошынып қалған екен…
Мен тағы талықсып барып есімді қайта жидым. Кенет есік шарқ етіп ашылып үйге тұмсығы ішіне қарай иілген алып қара құс кіріп келе жатты. Мен баж ете қалып көзімді жұма қойдым. Мені қашан келіп тегеурінді тұяқтарымен мыжғылап, анау өткір тұмсығымен жұлмалайды екен деп күтіп жаттым.
– Ассалаумағалейкум, Әден бақсы…
– Армысыңдар, қарақтарым…
– Мына бала…
– Білдім,көрдім. Қазір… Айналадан біреудің жерді қамшымен осқылаған даусы құлағыма келіп жатыр. Мен ақырын көзімді ашып едім сақалы белуарынан келетін, кезінде атамды кәрі жезде деп қалжыңдасып жүретін Әден шал. Жиі болмаса да, біз жаққа көп келіп тұратын. Анда-санда келіп шешеме дем салып кететін. Мен бұл кісіні Бақсы ата дейтінмін. Атам өлген соң біздің үйде біраз уақыт болған. Атамды сағынып жылаған сайын «мен сенің атаңмын» деп бауырына басатын-ды. Бақсы атам басында тұрған құманды қолына алып, үйдің ішін шыр көбелек айналып қолындағы сарала қамшысымен жер сабалап біраз уақыт жүрді де, аузына су толтырып алды да, менің қасыма келіп бетіме бүркіп кеп жіберді.
– Ата! Бұл жолы даусым құлақты жарып жіберердей ащы болып шықты. Денемді тартып жатқан әлде бір зілмауыр нәрседе босап, бақсы атамның мойнына асыла кеттім.
Манағы сырқа шығып кеткендердің барлығы менің ащы даусымнан жапа- тармағай үйге кірген. Бақсы атамның мойнынан тас қылып құшақтап алып өксіп жылап тұрған мені көріп бәріде қуанысып қалды.
– Алда… қасиетіңе бас Әден аға… шарапатты адам ғой…. үй іші толқып кеткендей болды.
– Алғашында жан таппағасын қорғасын қайнатып құйған ек,- деді Дән аға баяғы сырбаз қалпы.
Бақсы атам Дән ағаға жалт қарап:
– Бәсе, бәсе… қолынан дәм татып тұрып, қалай аман қалды деп ойласам… қорғасын құймағандарыңда құрдымға бірақ кететін еді.
– Бір баланың нобайы түсті.
– Бейнесі қыз бала. Жұрт шуласып кетті.
Мен Бақсы атамның құлағына аузымды жақындатып.
– Ол, Жәния!- дедім, сыбырлап.
Бақсы атам тұла бойымен селк ете қалды. Мені төр жақтағы атамның қайқы бас төсегіне жатқызды да, менен не көргенімді тәптештеп сұрай бастады. Жәнияның атасының ешкімге айтпа деген сөзі есімде тұрғанымен, өз атам секілді жақсы көретін бақсы атамнан ешнәрсені жасырмай бәрін айтып бердім.
Атамның төсегінің бас жағында ілулі тұратын дорбаны ақтарып түбіндегі жатқан айшықты мүйіз тұмарды алып менің мойныма тақты. Сосын айнала қаумалап тұрғандардың барлығын сыртқа шығарып жіберді. Төсектен тұра алмай жатқан шешемді әкем мен Дән аға екеуі қолтықтап ауызғы бөлмеге шығып кетті. Мені тырдай жалаңаштап шешіндіріп тастап екпеттетіп жатқызды да арқамнан қолындағы қамшысымен тартып-тартып кеп жіберді. Ауылда қамшыгер атанған Бақсы атамның қамшысы менің арқама шыбын шаққан құрлы әсер ете алған жоқ. Сосын керіле есінеп біраз отырды да, пештегі гүрілдеп жанып тұрған отқа босаға жақта тұрған темір қалақшаны әкеліп салып, аузынан көбік шаша көрікше жел шығарып ошақты үрлей бастады. Қалақша балқып ағып кетердей болып қып-қызыл болған кезде ошақтан суырып алды да тілімен быж-быж еткізіп жалап-жалап жіберіп менің жонымнан, кеудемнен, екі бүйірімнен сол қып-қызыл боп жан-жаққа сатылатып жалын шашып тұрған қалақшамен сабалай жөнелді. Мен қайтадан талығып барып ұйықтап кеттім. Оянғанымда таң атып кетіпті. Бақсы атамның қойнында жатыр екем. Шешем басын көтеріп дастархан басына келіпті, қуанып қалдым. Төр жақта Дән аға бастаған біраз адам отыр. Бақсы атам да орнынан тұрып қолына құман алып қақырнып-түкірніп сыртқа шығып кетті. Мен недәуір сергіп қалған екенмін. Басымды көтере беріп ауыз үйдің ашық тұрған есігінен сығалап тұрған Жәнияны көріп қорқып кетіп баж ете қалдымда, көрпенің астына қайта кіріп кеттім. Үйдегілердің барлығы ұлардай шулап маған қарай жүгірді.
Олар менің жаныма жеткенше сырттан қоңылтаяқ кие салған кебісін сартылдатып бақсы атам кіріп:
– Тимеңдер түге, ешнәрсе етпейді. Кеше қорғасын құйып жанын алып қалғандарыңмен бір нәрседен қателік жібергенсіңдер. Қорғасынның теріс бетін емес оң бетін көрсеткенсіңдер ғой. Кейде осындай бір істер басқа бәле қазаны алып кетеді. Қанша жылдан бері ем қонбай тұра алмай жатқан келін енді құлан-таза сауықты. Оғанда шүкірлік… Шебер жаратқанның ісіне шек барма… Бір-біріне қиюластырып қойған…
– Әдеке-ау оны біз қайдан білеміз. Біздікі сол жан таппаған соң амалсыздан көрген бірдеңемізді қайталағанымыз ғой, - деп Дән аға ақталып жатыр.
– Иә… иә… жанын алып қалғандарыңа мыңда бір шүкірлік, тек кішкене ғана нәрседен үлкен қателік жіберіп алғансыңдар. Теріс жағын көрсеткендеріңде оның бетін көрмейтін еді де, елесі көз алдында қалмас еді. Енді қашанға дейін екенін тек бір жаратушы ғана біледі, елесі бірге мазалап жүретін болады…
– Ол не қылған бәле Әдеке айтсаңызшы,- деп Дән аға бақсы атама қарады.
– Естеріңде болса осы Әске туылған жылғы тасқынды білесіңдер ғой. Ауылдың аяғындағы бір үйлі жанды бірақ алып кеткен. Содан бері сол жер Сеңқора деп аталатын еді ғой. Сол үйдің жігітімен келіншегінің ғана сүйегі табылып жаңа туған қызы мен қарындасы әке-шешесі төртеуінің мүрдесі табылмай кетіп еді ғой.
– Иә, иә Әдеке. Одан беріде міне жеті жыл өтпеді ме?!
– Солардың жаны барар жер таппай көне қыстауларына келген ғой.
– Құдай сақтасын!
– Ауылдың адамдарын жинаңдар. Арнайы құрбандық шалып, тасаттық берейік. Мүмкіндік болса мен соларды ауылдан басқа жаққа көшірейін. Бәрі бір олардың сүйегін таба алмаймыз ғой, - деген бақсы менің қасыма келіп жантайып, менің маңдайымнан искелеп біраз жатты. Менің қайтадан көзім ілініп кетті.
Ауыл болып аруақтарды көшіруге кетті. Үйде шешем екеуіміз қалдық. Содан бастап біраз уақыт сыртқа қорқып шыға алмай жүрдім. Ауызғы үйдің есігінен сығалап тұрған Жәнияні көргенде өзімді қоярға жер таппай қалатынмын. Кеш бата Жәния сөзі ұғылмайтын әлде бір мұңлы әнді айта бастайтын. Арада бақсы атам тағы бір келіп өзі сыртқа мені ертіп шықты. Босағадан аттай бергенімде Жәния сол қолымнан шап етіп ұстап жабыса кетті. Мен құлында-құлын даусым шығып шыңғырып бақсы атамның баурына тығылдым.
Атам мені кеудесіне көтеріп:
– Әске ол осында тұрма? - деп сұрады.
– Иә, иә деп мен шырқырап тұрмын. Атамның аяқ жағына қарасам Жәния жылап жерде отыр екен.
– Әске қорықпа одан. Ол саған ешнәрсе істемейді, қорықпа. Кешегі құлап қалғаннан кейін шошынып қалған мен, бейберекет бажылдап жатырмын. Атам мені жайлап жерге түсірді. Жәния бүк түсіп еңіреп жылап отыр.
– Қорықпа балам. Сен мықты жігітсің ғой. Ол не істеп отыр? - деп сұрады атам.
– Мен өксігімді баса алмай, олда жылап отыр, ата,- дедім.
– Жарайды көрдің бе сен қорықсаң ол өкпелеп жылайды. Қорықпа. Атам мені жалғыз қалдырып ақырын шегіне берді.
Мен қорқа-қорқа Жәнияға қарай қолымды создым. Ол маған қарады, әппақ беті айғыздалып, түрлі түске боялып өзгеріп тұратын жанары қып-қызыл болып қызарып кетіпті. Орнынан тұрып менің ұсынған қолымды ұстағанда қайтадан бал-бұл жайнап шыға келді.
Содан бастап мен одан қорықпайтын болдым. Екеуара қызу әңгімеге кірісіп кетеміз. Неге екенін Жәнияның өзі де айтып бере алмайды, біздің үйдің табалдырығынан аттай алмайды. Кешкісін мен үйге кіргенде ол сыртта қалады. Апасымен атасын сұрағанымда олар кетіп қалды, қайда екенін білмеймін деп мұңайып қалатын. Әр күні таңертең маған келгенде оның үстіне жабысып қалған ошағаннан оның зират жақтан келіп жүргенін аңғаратынмын. Неге екенін қайдам өзімде ол кезде одан қайда қонып жүрсің дегенді сұрап көрмеппін. Арада көп өтпей мектепке баратын кез болды.
Әкем әкеліп берген боқшама кітаптарымды салып алып мектепке кеттім. Шешем қолымнан жетелеп келеді. Үйден шыға Жәнияда ерді. Мен одан қайда барасың деп сұрап ем «менде мектепке барамын» деді.
Шешем:
– Әске болды, өз-өзіңе сөйлемей тез жүр, - деп мені дедектетіп мектепке қарай жүре жөнелді. Біздің соңымыздан Жәнияда қалмай жүгіріп келеді.
Ауылдың мен құралыптас барлық балалары жиналған екен. Бәріміз класқа кірдік. Алдағы тақтаның алдында тұрған Секен мұғалім балаларды «сен анда, сен мында отыр» деп отырғызып жатыр. Бір кезде ол маған Әске сен Мәрудің жанына отыр деді. Мен шоқ басып алғандай шоршып кеттім.
-Секен аға мен Мәрудың жанына емес Жәниямен бірге отырамын.
– Қой ары Әске бізде Жәния атты оқушы жоқ, - деп Секен мұғалім шешеме қарады. Шешем күрсініп:
– Секен қайным, Әскенің жайын білесің ғой жалғыз отыра берсінші,- деді. Мен қайтадан:
-Жоқ жалғыз отырмаймын, Жәниямен бірге отырам,- деп жылап жібердім. Шешем жаныма келіп маңдайымнан иіскеді де:
– Жарайды, онда Жәниямен бірге отыра ғой,- деді де жаулығының ұшын тістеп сыртқа шығып кетті.
Мен Жәнияны ертіп шеткі партаға барып отырдым.
Секен мұғалім сабақ бастап кетті. Мен дәптерлерімнің жартысын өз алдыма, жартысын Жәнияның алдына қойдым.
Бір сағаттық сабақ аяқталған соң үзіліске шықтық, балалар алысып-жұлысып сыртта ойнап жүр. Іште үш-төрт бала ғана қалдық. Мен Жәнияға:
– Сыртқа шығып ойнап келейік пе?- деп едім:
– Әске осында отыра берейікші,- деді.
– Мақұл онда отыра береміз,- деп едім:
– Жынды өзіне-өзі сөйлеп отыр,- деді артқы жақта отырған бір қыз.
Мен оған жаман көзіммен қарап:
– Өзің жындысың, мен Жәнияға сөйлеп отырмын,- деп едім, қалғандарының барлығы шулап:
– Өзіне-өзі сөйлейтін есалаң, жынды, ұят-ай, ұят-ай сен жындысың,- деп шулап кетті. Мен қатты ашуланып, тақтаның алдындағы таяқшаны алып жіберіп кеп қалып едім, шулап отырғандардың қақ ортасында отырған манағы алғаш сөйлеген қыздың маңдайына тиді. Ол баж етіп құлап қалды. Шекесінен қан ағып кетіпті.
Соның арасынша сырттан Секен мұғалім кіріп келді де, мені сүйреген қалпы сыртқа шығарып жіберіп, іштегілерге ақырып ұрсып жатты. Мені сүйрелеп сыртқа шағарғанына ашулансам да, іштегілерге ақырып ұрсып жатқанын естіп жүрегім жылып қалды. Содан бастап балалар мені мазақтамайтын болды. Мен сабақты жақсы оқыдым. Ел екі-үш әріптің басын қоса алмай жүргенде, мен әліппені толық тауысып оқып тастадым. Қалған сабақтарда да класс бойынша ең алдындамын. Тіпті мұғалімнің сабағын тыңдамай-ақ өзім біле беретін болып кеттім. Сабақ кезінде Жәниямен әңгімелесіп отыра беретінмін. Әредік даусым қатты шығып кетсе, мұғалімдер ескертіп тоқтататын. Кейде Жәния сөйлеп қоймай қойса мұғалімдер маған:
– Әске енді тыныш отырмасаң, Жәнияны кластан шығарып жіберіп қайтып кіргізбей қоямыз,- деп қорқытатын. Ондайда мен аузын буған өгіздей жұп-жуас тәртіпті оқушы бола қалатынмын. Алтыншы класқа барған жылы балалар маған:
– Үйіңнен тәтті әкеліп бермесең Жәнияны ұрып қуып жібереміз,- деп қорқытып тәтті алдыратын болды. Біздің үйде тәтті бітіп қалса көршілерден барып сұрап алып балаларға әкеліп беріп жүрдім. Жәния осыған дейін менімен бірге оқыса да әлі хат танымайтын. Тек менің жанымда отыратында қоятын. Мұғалімдерде одан сабақ сұрамайды. Кейде мен шыдай алмай:
– Жәниядан неге сабақ сұрамайсыңдар,- деп сүрен салатынмын. Сонда ғана мұғалімдер Жәниядан сабақ сұрайтын. Жәния жауабын білмей маған қарайтын, мен оған сыбырлап ақырын айтып беретінмін. Жәния менің айтқандарымды дауыстап қайталап айтып беретін. Онымды балалар біліп қалып сықылықтап күлетін. Айтып болғасын мұғалім бәрімізге қарап:
– Көрдіңдер ме, Жәнияда сабақты керемет оқиды. Сендерде осылай оқыңдар дейтін. Жәния екеуіміз қабағат қуанып қалатынбыз.
Кейде сабақта отырғанда Жәния:
– Әске жүрші далаға шығайық, жалығып кеттім,- дейтін.
– Менде жалығып кеттім,- деп мұғалімнен сұранып сыртқа шығып кететінбіз. Басқа балалар сұранса жібермегенімен, мұғалімдер Жәния екеумізді қай уақыт болса да, жібере беретін.
Жазғы демалысқа тарқап қайтадан келген кез еді. Біздің кластағы ұл балалар ұрланып темекі тартатын, менде бір-екі рет тартып көргем жаман нәрсе екен. Содан балалар:
– Темекі алатын ақша әкеліп бермесең Жәнияға тисеміз,- дейтінді шығарды. Жәнияға біреудің тискеніне мен қалай шыдап тұрамын. Үйде алғашында ақшаны сұрап алатынмын. Кейін сұрамай алып кетіп жүрдім. Содан әкем мен шешем ақшаларын тығып тастайтын болды. Мен бәрібір тауып алатынмын. Үйде ақша жоқ болса, сыртта жүрген кімнің болсын ақшасын тартып алып балаларға әкеліп беретінмін. Балалар онысымен қоймай:
– Қайда сенің көрінбейтін Жәнияң? Ол не істеп жүр? Екеуің құшақтасып бірге жатасыңдар ма? Оның ерні қандай, көзі қандай?- деп ақымақ қылатын болды. Ақыры әкем мені оқудан шығарып алды. Үйде бос отыратын емес, Жәния екеуміз күнде таңертең қой өргізіп кетеміз. Мен қойлардың санын қойғанда бәрінің түрі-түсімен ен-таңбасымен бір-бірлеп айтып бере алатынмын. Кейін өзіміздің ғана қойды емес, біздің ауылдың барлық қойының бөген-ай белгісін біліп алдым. Әкем күзде аттан жығылып мертігіп қалған соң, биыл мені отарға жіберген. Әуелде шешем қосылмағанымен, Байтел мен Мәкей қолақалап қоймаған.
– Жеңеше-ау несіне алаңдайсыз? Біз бармыз ғой. Көзімізден таса қылмай қарап жүреміз. Төрт қора қойды бір қосқа жинайық деп отырмыз. Басқасын қойғанда қалың қойдың ішіндегі көрпелдестерді тани алмай қалармыз. Төлдеу кезінде тіпті қиын. Соның бірінде Әске бізге ес қатады, - деп.
Шешем жылай жүріп қосқа керек жарағым мен киім-кешегімді даярлап берген. Сосын міне осында тартып келе жатқынмыз. Мен қоралы қойды айдай жөнелгенде анадайдан жүгіріп Жәнияда келген, ол менімен бірге келеді. Тек кеште жоғалып кетеді де, таң ата қайтадан пайда болады. Күні бойы анау үшеуі бірге жүреді де Жәния екеуміз бірге жүріп отырамыз. Менің астымдағы алаяққұла Жәнияға әбден үйреніп алған одан үрікпейді. Жәния атқа мінбейді, тіпті шапқыласаң да жалынан ұстап алып бірге жүгіріп отырады. Басқа қойшылармен бірге жүрейін десем, Жәниядан аттары үркіп жүргізбей қояды. Содан бөлек жүріп отырамын.
Әңгімен осы араға жеткенде Бәкей жан-жағына жалтақтап қарап:
– Әске бауырым ол осында ма? - деп сұрады.
Мен біздің соңымыздан анадайда еріп келе жатқан Жәнияға қарап:
– Иә, ол осында. Шақырайын ба?- дедім. Өңі сұрланып кеткен Бәкей:
– Жоқ, жоқ керегі жоқ. Жүр, ана ақымақтарға барайық, - деп алды артына қарамай қосқа қарай жүгіре жөнелді. Мен Жәнияның қасында қалдым.
Мен ет асымдай уақыт айналып қосқа келгенімде Бәйтел мен Мәкей қорылдап тұрып ұйықтап жатыр екен де, Бәкей арлы-берлі дөңбекшіп ұйықтай алмай жатыр екен.
Менімен бірге қостың аузына дейін келген Жәнияға:
-Жарайды, енді сен бара бер, таңертең ерте тұрып кезігеміз,- деп жатып қалдым. Арлы-берлі аунақшып, ақлап-үһлеген Бәкей ұйықтатар емес.
Мен басымды көтеріп:
– Бәкей аға қорықпай ұйықтай беріңіз, ол ешкімге тиіспейді,- дедім.
Бәкей маған жауап қайтарған жоқ. Үнсіз тынышталып қалды. Содан бері Бәкей екеуміз сөйлесіп көрмедік.
***
Көшіп осында таяғанда Байтел мені ертіп, алдын-ала барып қостың орнын тігіп малға ықтасын жасамақ болып озып кеткенбіз.
Мені оң жағына қосарға алып алмақ болып, Байтел астындағы есікпен төрдей көкқасқасын тебініп жетіп келген кезде, біздің оза шауып кетпек болғанымызды білген Жәния менің құламның сулығынан келіп ұстай алды. Сап ете қалған Жәниядан Байтелдің көкқасқасы шыңғыра үркіп үстіндегі адамды аударып кете жаздады.
Байтел мені тұңғыш рет боқтап жіберді:
– Ой, есер сенің… Осы сайтаның-ақ. Мен оған үндегем жоқ. Жәнияға:
-Біз Жылауық талға кетіп барамыз,- деп ем ол:
– Менде Жылауық талға барамын, - деді.
– Байтелдің атын үркітпеші,- дедім.
– Мен Байтелдің атын үркітпеймін,- деді ол.
Анадайда астындағы аты осқырынып, өзі маған кіжініп тұрған Байтелге:
– Менің оң жағыммен жүріп отыр,- дедім де құланы тебініп құйғыта жөнелдім.
Байтелде ере шауып, оң қапталымнан қосанжарлады. Қамшылар жағымда Құланың жанына жабысып Жәния ұштыртып келеді.
Маған қарап ақсия күлген Байтел:
– Әске жаңа байқамай аузымнан жаман сөз шығып кетті, ренжіме бауырым, - деді.
Мен:
– Жоқ мен ренжімеймін. Жәния сен ренжіген жоқсың ба?- деп атпен бірге алқына жүгіріп келе жатқан Жәнияға қарадым.
– Байтелге мен ренжімеймін,- деді Жәния. Ет асым уақытқа жетпей біз межелі жерге жеттік. Анандайдан қалбайып жалғыз тал көрініп тұр. Ағаш қанша алыс болғанымен, сол жақтан шыққан әдемі әннің даусы бірден құлағыма жетті.
– Жәния ән айтып жатқан кім?- деп сұрап едім, ол маған шалқалай бір қарады да, екі бетін жас жуып аттан озып жалғыз түп талға қарай заулап жөнелді.
– Жәния қайда барасың? Тоқта, тоқта,- деп мен атымды борбайлап шаба жөнелдім.
– Мен талға барам, талға барам, атам күтіп отыр, апам күтіп отыр, әпкем күтіп отыр, - деп айқайлап, шапқылаған атқа жеткізбей кетіп бара жатты. Артымнан атын үсті-үстіне қамшылап:
– Әске тоқта, Әске…, - деп Байтел шапқылап келеді.
Жәния сағымдай заулаған қалпы жапандағы жалғыз талдың түбіне барып ізім-ғайым жоқ болып кетті. Қос құлағым жымқырып құйындай құйғытқан құла ат менің неге шапқылап келе жатқанымды білгендей талға жете артқы тірсегімен жер тірей сүйретіле келіп тоқтады.
Мен талды айнала жүгіріп жүрмін.
– Жәния деймін, Жәния,- деп. Іле-шала Байтелде жетті астындағы көк қасқаны ілгерінді-кейін теңселтіп. Атынан қарғып түсті де, аласұра талды шыр айналып жүрген мені шап беріп ұстап алды.
– Әске болды?Тоқта, не болды саған?
– Жәния мына талға кіріп кетті, - дедім мен ботадай боздап.
– Әске сәл күте тұр, қазір Жәния шығады. Осында кішкене демал. Оның бір-бірінің шоқтықтарын жолысып оқыранысып тұрған екі аттың шыбырларын білегіне іліп, мені бір қолымен сүйей анадайда тұрған қу шидың түбірінің қасына алып келді. Мені иығымнан басып отырғызды да, өзі бөктеріншегіндегі күрек пен тесені түсіріп екі аттыңда айылын босатып, терліктерін алып, шидің қу түбіріне жаба салды.
Сосын өзі отырып бір тал шылым тұтатты да, маған қарап басын шайқап:
– Әске сен мықты жігітсің ғой. Екеуміз қазір қостың орнын тегістеп айналасынан мор қазып тастайық. Маңайдан отындық бірнәрселер жинап қояйық. Арттағылар келгенде қос тігеміз. Жүктің ішінде шешең көп кәмпет салып берген, мен соны саған берем. Тәттілеріңді Жәнияны шақырып алып екеуің жейсіңдер, - деп сөйлей жүріп қолындағы тесемен қу шидың бүйірін қопара бастады. Мен орнымнан тұрып манағы аттың терлігінің жанында жатқан күректі қолыма алдым. Мен құр тыртыңдағаным болмаса онша жұмыс істеп жарытпадым. Айналаның қорыс-қопасын шығарып, топырағын бір жерге жаймалай үйген Байтел кәдімгі үйдің орнындай жерді жерден біршама көтеріп тастады. Екеуміз үйілген топырақты айнала табанмен баттап жүрміз. Байтел маған:
– Бұл жер Жылауық тал деген жер. Бұрындары біздің ел осы өңірді қыстайтын. Соңғы сегіз жылдан бері мұнда ешкім келмеген. Ол кезде бұл жерде жалғыз ғана ағаш емес арасына қоралы қой сыйып кететін топ тал болып тұратын. Аяқ астынан бір түнде барлығы томарыда қалмай ғайып болып кетіп, осы бір түп ағаш қана қалыпты. Содан бастап кеш батты болды тал таңға дейін зарлап жылап шығады екен. Содан қорқып ешкімде келмейтін. Анау Мәкей иттің егесімен осында келуін келіп алсамда, енді өзімде айтарға болмаса жүрексініп тұрмын. Әске сен барсың ғой ә! Біз неден қорқамыз? – деп тоқтамай сөйлеп жатыр. Жалпы маған бөйтіп ешкім көп әңгіме айтпайтын.
– Байтел аға, - деп құшақтап жылағым келді. “Сен мықты жігітсің” деп жаңа ғана айтты ғой. - Мықталар ешқашан жыламайды. Жыласа да, көз жасын өзінен басқа ешкімге көрсетпейді,- деп әкемнің айтатыны есіме түсіп көзіме келіп төгіліп кеткелі тұрған жасты Байтелге көрсетпей жеңіммен сүртіп тастадым да:
– Иә, мен бармын. Ешкім тисе алмайды. Жәния келсе тіпті жақсы болар еді,- дедім.
Түс ауа арттағы малды көште жетті. Арғы шетіне көз жетпейтін жазыққа бытырай жыйылып қойлар ақ жусанның басын бырт-бырт жұлып жайылып барады.
Төрт жақтап жүріп қосты тігіп, жанынан тас ошақты құрып, қостың айналасын шымды топырақпен көмкеріп, ішіндегі бағана Байтел екеуміз жұлып әкеліп қалың қылып төсеген сарбалақтың үстіне текемет сырмақтарымызды жайып, кәдімгідей жатын орын даярлап алдық. Мен айнала жүгіріп сексеуілдің қу томарынан бір арқа қылып әкеп қостың іргесіне дүрс еткізіп тастай салғанда қоста отырған үшеуі де:
– Бәрекелді, Әске. Жарайсың. Мына сексеуілді ана сары атанның өзі әзер көтереді, - деп қауқылдасып жатты. Мен шешем салған кәмпетті қашан берер екен деп Байтелге қайта-қайта жалтақтап қоямын. Осыны ұққандай Байтел:
– А, айтпақшы, Әскеңе бағана кәмпет берем деген едім ғой… Мәке анау қоржынның басын ашшы. Әскеңе шешесі көп қылып кәмпет салып жатыр еді,- деді. Мәкей орнынан тұрмай-ақ іргеге қарай жантайып барып қоржынды жұлқа тартып орталарына топ еткізіп қоя салды. Қоржынның басындағы қомақты түйіншекті сыртқа шығарған Байтел түйіншегін босатып ішінен маған бір уыс кәмпетті бірақ берді. Кәмпет қолыма тие сала мен манағы жалғыз ағашқа қарай тұра жүгірдім.
Қолымдағы кәмпетімді алып қанша айқайласамда, Жәния шықпай қойды. Ақыры Байтел мені қосқа қайта ертіп келді.
Қос басы болып Байтелды арнайы сайламасақта, барлық істің жайын одан артық білетін ешкім жоқ еді. Содан да Байтел өзі бас болып барлық істі басқарып кете беретін.
Жылауық талдың хиқметін алғашқы түні көрдік.
Қос тігіліп болған соң, қостың ауыз жағына шағын темір пешті құрып жапардағы дөңгелете көмкерілген қаңтылтырдан моржасын сыртқа шығарып, манағы әкелген сексеуілдың томарларын пеш ішіне қалап маздата жақтық та, торсықтағы суды майыса-майыса әуелгі бейнесінен әлдеқашан айырылып қалған қара шәугімді астық. Байтел Бәкей екеумізге:
– Жылауық талдың ар жағындағы шилі өзекке барсаңдар сол жерде шығырлы құдық бар. Атпен тартқанға тас басып тұрған шынжырлар жібере қоймас. Менің сары атанымды алып барып сонымен тартып жанындағы үлкен науаны толтырып тастаңдар да, қостағы босаған ыдыстарға су толтырып алып келіңдер. Мәкей сен сырттағы тас ошаққа от жақ. Әуелгі қонағасы менен болсын. Кешегі аяғын тасқа қыстырып алған көк ісекті сояйын. Босқа аяғы жазылғанша арып кетер, – деп өзі қойға қарай аяңдады.
Бәкей екуміз босаған ыдыстарды алып Байтелдың сары атанын жетелеп шилі өзекке қарай кеттік. Құдық басы қураған шөп пен қалың қаңбаққа көміліп қалған екен. Екі жақтап жүріп әзер аршыдық. Құдықтың шығырына бекітілген тостақтарды тат баса бастаған екен. Шынжырдың айналмалы білігіне қырық құлаш арқанын орап жатқан Бәкей:
– Әске, құдай біледі мына жерден ешкімнің су алмағанына жеті жыл емес жетпіс жыл өткен шығар,- деді. Мен үндегем жоқ. Сары атанның шомының алдына оралған арқанның бір ұшын байлаған Бәкей:
– Ал, енді Әске сары атанды жетелей бер, арқан таусылғанда айқайлаймын сонда бірақ тоқтайсың,- деді.
Мен сары атанды жетелей жөнелдім. Өтірік айтқан адамға жеңді белектей етіп есілген қара ала арқан үзілердей болып керілді. Сары атан мизер емес. Жайлап тартып келеді. Бір заманда тат басқан шығыр жан біткендей шақұр-шұқыр етіп айнала бастады. Мен біраз жерге жеткенше науаға су құйылмады, әлі жүріп келемін. Бір заманда барып арқа жақтан Бәкейдің:
– Тоқта, енді қайтып кел,- деген айқайы естілді. Қолындағы қатқан қайың сырықты шығырдың арасынан өткізіп тиектеп жатқаны анық көрініп тұр. Мен жеткен жерімнен сарбалақтарды жұлып бір жерге жинап белгі жасадым да, Сары атанды жетелеп кері қайттым.
– Құдықтың суы құрып қалдыма екен деп ем, құдайға шүкір бар екен, – деп тісін ақсита күліп тұр. Мен сары атанды жетелеп қайта кеттім.
Құдықтың тереңдігі сондай қырық құлаш арқан таусылғанда барып су іліккен тостақ жер бетіне енді жеткен екен. Мен жеткенше Бәкей арқанды білікке қайта орап болған екен. Айналмай қайта жаңағы ізіммен сары атанды жетелеп жүре жөнелдім. Арт жағымнан Бәкейдің:
– Әске босқа шаршағанша атанды шөгерде мініп алмайсың ба?- деген айқайы естілді. Мен мойнымды бұрмастан:
– Осылай жүргенді жақсы көрем, – деп ем, ол:
– Әлі қайда, кем дегенде он бес орам тартуымыз керек, - деп айқайлады. Мен қайта айналып келгенде мөп-мөлдір салқын су шығырдың астынан жасалған шұқанаққа толып тішке жіпсемен науаға келіп құйылып жатыр екен. Санап отырып он рет барып келгенде Сары атанның да дізесі дірілдей бастады. Менде айтарға болмаса бұрлығып қалдым.
– Сары атан екеуміз шаршадық енді біраз дем алып алайық па?- деп ем Бәкей:
– Жарайды, онда сендер демалыңдар мен тартайын. Менің Жалбас торым мынау шығырыңды шыр айналдырады. Тек арқан таусылуға таяғанда мына сырықты состақтың астындағы қуыстан өткізіп тектеп қойсаң болды. Әйтпесе кейін шегініп кетеді,- деді де анадайда бос жайылып жүрген Жалбас торының қос айлын бірдей төсінен тартып, өмірлігін қысқартты да, қарғып мініп сары атанның қасына келіп, шомнан арқанның ұшын шешіп алып тақымына басып тебініп қалып еді, шығыр манағыдан қатты шақырлап айнала жөнелді. Шығыр айналған сайын су толған тостақтар шайқалақтай келіп сар-сар етіп шұқанаққа құйылып жатыр. Манағы сары атанмен тарқан кезде шұқанақтан науаға тартылған жіпсенің түбімен ғана аққан су енді арнасынан аға толып, науаға сарылдап құйыла бастады. Сарылдаған судың даусына ма, әлде судыңда иісі бола ма көз көрім жерде жатқан қоралы қой бізге қарай төңкерілді. Қостан біреуі шығып қайырар деген үмітпен қайта-қайта мойнымызды созғанымызбен, қостан шыққан ешкім көрінбейді. Қоралы қой жердің шаңын шығарып бізге қарай таяп келеді. Саурынан тер тамшылаған Жалбастың үстінде тұрған Бәкей бір келгенде:
– Анау жалқаулардың жатып алғаны-ай. Кеш бата су ішкен қой қораны сідікке толтырғаннан басқа не өндіреді? Ертең таң ата бірақ суару керек еді. Мен оған жауап қайтарғаным жоқ, әлдеқайдан Жәния келе қалатындай жан-жағыма жалтақтап қарап қоямын.
Осы кезде Бәкейдің сөзі құлағына жеткендей қостан Байтел шықты да, көк қасқасына мінді де, бізге қарай өріп келе жатқан қойдың алдына қарай тұра шапты. Көк қасқаның шабысына сүйсіне қарап аңырып қалдым. Көк қасқа үйдей болып ұйысып қалған жыңғылдардан айналмай-ақ қарғып өтіп кетіп барады.
– Әске-ау, қайда қарап тұрсың? - деген Бәкейдің даусынан есімді жидым. Байтел қойды қайырып қостың желкесіне қарай жеткенде бізде науаны суға толтырдық.
Бәкей арқанды құлаштай шумақтап жинады да, шығырдың басындағы қалқадан шығып тұрған сырықтың бір басына ілді де, атына мініп сары атанды жетекке алды.
Мен алаяқ құланның үзенгісіне аяғымды сала бере жаныма жетіп келген Жәнияны көріп:
– Қайда кеттің? Жоқ болып кеттің ғой, - деп сұрадым.
– Атама бардым. Апама бардым. Әпкемді көрдім. Алақай тауып алдым, - деп жас балаша ойнақ салған Жәнияның артынан құланың тізгінін тастай салып тұра қудым. Анадайдан Бәкейдің айқайлаған даусын естідім. Бірақ не деп жатқанын түсінбедім.
Жәния біресе төбе болған жыңғылдың арасына кіріп кетсе, біресе қурап қалғанына мың жыл өткен үйдей сексеуілдің қу томарының басына шығып кетеді де, маған ұстатпайды. Сексеулдің томарының басынан қарғып түскен Жәния сақ-сақ күліп, Бәкей жаққа қарай тұра жүгірді. Артынан жетер жетпес мен қуып келемін. Бір кезде Жәниядан үріккен Байтелдің аты тік қарғығанда Бәкей аттан түсіп қалды. Жалдас торы қостың жанында тұсаулы тұрған Мәкейдің ақбозының қасына бірақ барды. Бет-аузын топырақ басқан Бәкей мен жаққа бір қарады да, қосқа қарай айқайды салып тұра қашты. Бәкей мен жарысқандай бірге жүгіріп бара жатыр. Арттарынан:
– Тоқта деймін тоқта,- деп бақырып мен келемін.
Біздің даусымызды естіп қостан Байтел мен Мәкей өре шықты қостан. Бәкей заулаған қалпы қосқа қойып кетті де, Жәния бірақ қарғып қостың үстінен секіріп ары асып кетті. Мен де Жәнияның артынан қостан қарғып өте шықтым. Жәния енді айнала қашып Жылауық талға қарай беттеді. Біз талға да жеттік. Жәнияның желбіреген көйлегінің етегінен енді іліне бергенде Жәния сол жүгірген екпінімен талдың діңіне кіріп жоқ болып кетті. Талды бас салып арлы берлі жұлқылап көрдім. Қай жеріне кіріп кеткені белгісіз. Қанша айқайласамда Жәниядан тырс еткен үн жоқ. Сосын қосқа қарай жүгіріп бардым да, тесені ала салып қайта келдім де, талды қопарып тастамақ болып тесемді құлаштай көтергенімде:
– Тоқтат! - деген Байтелдың зор даусы естілді. Байтел алқына жетіп келді де, қолымдағы тесені жұлып алып анадай жерге лақтырып жіберіп барып:
– Әске, мына талды қопарып тастасаң Жәния саған өкпелейді. Не сен Жәнияны өкпелеткелі тұрсың ба? Онанда қосқа жүр. Тамақтанып алған соң саған шешең берген кәмпеттен беремін. Соны әкеліп берсең шығады, - деп мені жеңімнен тартып қосқа қарай жетелей жөнелді.
Қосқа келгенде Мәкей мен Бәкей екеуі қара шәугімді алдарына қойып шай ішіп отыр екен.
Байтел Бәкейге қарап:
– Бәке, Әскенің анда-санда осылай ұстап қалатын ұстамасы бар. Қорықпа, тимесең болды. Кейде тіл алмай қояды. Сол кезде Жәнияға айтсаң болды тіліңді алады, - деп самбырлап сөйлей бастап еді, Бәкей:
– Қайдағы? - деп аузын аша бергенде Мәкей оның санынан мытып қалып құлағына бірдемелер айтып жатты. Байтел менен:
– Әске, неге жүгірдің Жәния келді ме?- деп сұрады. Мен:
– Иә, науаға су толтырып болған соң, Жәния келіп маған ұстатпай тұра қашты, мен қуып ұстай алмай қойдым.
– Содан Әске сен жүйрік едің ғой. Ол жеткізбей қойдыма? Не қосқа Бәкеймен бірге қосқа кіріп кетті ме?- деп сұрады.
– Жоқ қосқа кірсе ұстап алатын ем ғой. Үстінен секіріп кетті,- дедім мен Жәнияға жете алмай қалғанымнан ұялып.
Шай ішіліп болған кезде қараңғы түсіп кеткен. Сырттағы тас ошақта жаңа сойылған қойдың еті ақырын жыбырлап қайнап жатыр. Мен Байтелге қарап қоямын. Кәмпетті алып Жәнияға тез кете қалсам деп отырғам. Менің ойымды ұққандай Байтел:
– Әске етте пысып қалды, сосын кәмпетіңді беремін. Болмаса Жәнияда келіп қалар осында күте тұр,- деді. Мен үнсіз басымды изедім.
Ортаға үлкен астаумен ет келген кезде сырттан баяу жел шыға бастады. Жылауық талдың жапырақсыз бұтақтарының желмен бірге сабаланған дауысы құлағыма келді. Бұтақтардың сартылдаған дауысын басып Жәнияның ән салған дауысы шықты. Әредік Жәнияның дауысы үзіліп қалғанда, баяғыда Жәниялардың үйіне алғаш барған кезде ішкі үйдегі әпкесінің дауысы естіліп қалады.
– Басталды, – деді Мәкей.
– Тура жылаған адамның даусы ғой, - деді Бәкей…
Байтел маған қарады да:
– Әске сен айта қойшы,- деп сұрады.
– Жәниямен әпкесі ән айтып отыр, - дедім мен.
– Жәнияның әпкесі барма? Байтел мен Мәкей жалт қарады. Менен бұрын Бәкей жауап берді.
– Иә, бар екен, - деп.
Енді ана екеуі Бәкейге үдірейе қарасты.
Жүзіне мысқыл орнаған Бәкей:
– Қорықпаңдар. Қай күні Әске айтып берген,- дегенде барып анау екеуі:
– Адамның жүрегін алдың ғой, - деді қарқылдай күлісіп.
– Дегенмен абайла басыңнан Әскенің Жәниясы қарғып кеткен,- деп одан арман даурыға күлісті.
Былқып басқан ісек қойдың майлы етін төрт жақтап қомағайлана асап жатырмыз.
– Жол жүріп талықтық. Аз болып қалмасын деп бір қолымен төстіктің етегін ғана алып қалып қалғанын бірақ салғам, - деп Байтел өзінің мырзалығын көрсетіп жатыр. Көк сабағы кеуіп әлде қашан қурап қалған тау сарымсақтың аппақ өзегі кеңісірігіңді ашытатын қылымен тұзды сорпаға бұқтырылып арнайы жасалған тұздықты ортадағы астаудағы майлы еттің үстіне құйып арлы-берлі араластырып жібергенде ең тоқ тамақ дайын бола қалған. Еттің барлығы желініп, сүйектер мұжылып, соңында астаудың түбін толығымен жауып жатқан құйрық май ғана қалды. Ендігі сөзді Бәкей бастады:
– Ал, енді екуін жол бойы айтысып тартысып келесіңдер мынау майға бәстессеңдерші,- деді.
– Несі бар ары кетсе он білем шығады. Былтыр күзде мына Мәкейдің әпкесінің ұзатылу тойында мен бұданда үлкен құйрықты жеп қойғам. Ол он екі білем шыққан, - дегенде Мәкей:
– Бөс, бөс, ол құйрықтың бұдан үлкен екені рас. Бірақ үйді айналып барып құсып қойғаныңды қайтесің? Жеп кететін ауылдың қаптаған қалың иті жоқ әшкереленіп қаласың ғой, - дегенде Байтел:
– Оттапсың кім құсыпты, - деп Мәкейді бүйірден ыңқ еткізіп қойып қалды.
Бір жағына қарай қисая бүйірін шеңбектеген Мәкей дым сызбай біраз отырды да, сосын қостың уығына қыстырулы тұрған қамшыны жұлып алып Бәкейді жотадан тартып кетті. Ортадағы астауды Бәкей өзіне қарай тартып ортаны ашып жатыр. Мәкей қамшыны қайта көтергенде жаңағы оңбай осып тиген қамшыдан қайқаң ете қалған Байтел:
– Батыр еке болды, болды, мен жеңілдім. Аяғыңа бас,- деп кеңкілдей күліп тоңқаңдап жатыр.
– Құсқаныңды мойындайсың ғой?
– Батыр-еке мойындаймын. Оны сен қайдан көріп қойдың?
– Сен сыртқа шыға менде ере шыққам, шиыңды шығарайын дедім де, көрші ауылдан келген құдалардан ұят болмасын деп үйдемей қойғам. Деседе ауылдың иттерін бір тойғыздың. Осы кезде сөзге Бәкей кірісті:
– Бакеңнің жайы белгілі болды. Мәке сонда осы құйрыққа екеуіміз бәстесерміз онда, - деді.
– Әй, Бәке мен бәстессем мына Байтелмен бәстесем. Сенің жеп қоятыныңды андағы тоқпан жіліктің бір басын ғана ашып, ішіндегі майын қор еткізіп бірақ сорып қойғаныңнан-ақ біліп отырмын…
Кеңк-кеңк күлген Бәкей:
– Жарайды онда Байтел екеуің-ақ бәстесе беріңдер. Десе де, шаппай бәйге алып отырғаныма қуанып отырмын. Ендігі шешімді мен айтайын жеребе тастайық қайсыңа шықса соның жеңдер,- деді. Екеуі мақұл десті.
Шайдың сыртқы қағазынан екі жапырақ жыртып алған Байтел мештың аузына барып шала жанған шырпының күйесімен біреуіне “бар” деп жазды да:
– Қайсыңның қолыңа “бар” деген жазуы бар қағаз шықса, соның жейсіңдер,-деп екі қағазды алақанына салып уқалап уқалап екі бөлек шыйыршық жасады да, алақанын екеуіне қарай ұмысынды.
– Мен ананы аламын...
– Жоқ мен аламын…
– Онда мынаны…
– Жаңа ананы аламын дегесің.
– Өзің ғой, мен аламын деген. Екеуі ұзақ тартысып жүріп ақыры жеребе тартты.
Екеуі бірдей пештің аузына қарай ұмытылды. Пештің қақпағын ашып жалпылдап жанып жатқан оттың жарығымен шиыршықталған қағаздарын асығыс жазып жатыр.
– Менде жоқ екен, - деп Байтел шегіне беріп еді:
– Көрдің бе, кімнің жей алатынын бір құдайдың өзі білетін болып отыр ғой,-деп Мәкей қарқылдай күлді.
Қайтадан сарымсақ аршып ұсақтап турады да, сырттағы ошақтағы бұрқылдап қайнап жатқан сорпаның бетін қалқып үлкен кесеге құйып жарты уыстай тұз салып араластырды да, құйрықты білемдеп турап асықпай араластыра бастады.
– Сонымен не бәс? Мәкей Байтелге сүзе қарады.
– Жеп тауысып, құспай шыдай алсаң қайсы күні өзіңнің көзің түскен Ақбас қошқарды берем. Өзің не тігесің?
– Қошқардан қошқардың жорғасы жоқ, мен анау сыңар мүйіз көкқошқарды тіктім онда…
– Бәсіміз бәс қой?
– Бәс!
Екеуі қол алысып келісті. Біз куәгер болдық.
Білемделген құйрық майдың біреуін қолына алған Мәкей майды аузына қарай алып бара жатқанда мен оның қолындағы май кеңірдегінен өтпек түгілі аузына сыймайтын шығар деп ойладым. Жоқ, оным бекер екен. Мәкей аузын арандай аштыда майдың бір басы енді іліне бергенде қылқ еткізіп шайнамай бітеу қалпы жұта салды.
– Бәрекелді, тебінің жаман емес. Ана екеуі қопақтасып қалды. Енді көтерілген айдың жарық сәулесі қостың ішін кәдімгедей жарық қылып тұр.
Астаудағы май сарымсақпен майлы сорпаға шыланып буы бұрқырап іркілдеп жатыр.
Мәкей екіншісін одан соң үшіншісін бітеу жұтып жіберді. Алтыншысын жұтып жіберіп барып:
- Әске бауырым, бағанағы шәугімнің түбінде қалған қара шай болса бір кесе құйып берші, - деді.
Мен жылдам қозғалып үлкен шараға қара шәугімнің ішіндегі қою қара шайды бірақ төңкердім де, қос қолдап Мәкейге ұсындым.
– Ой, жазған шарын сүзбеген екенсің ғой, - деп Мәкей шыныны қолына алғанда Байтел:
– Қойдың бітеу құйрығын бітеу жұтам деп отырған адамға кесе түбіндегі шай не тәйірі, - деп мырсылдап күле жауап қатты.
Қолына алған суық қара шайды басына бірақ төңкерген Мәкей астауға қайта қол салды.
– Жә, жігіттер Мәкең құйрықты тауысқанша біз басқа бір нәрсемен айналыспаймыз ба? Бәкей қолына жолы ашылмаған жауырынды алып алақанын кере жауырынның кең қақпағынан ұстап отыр.
– Бәке өзіңнен болсын. Байтел қос қолын Бәкейге ұмсынды.
– Бұған бәс керек емес қой енді…
– Өзің шеш!
– Болмаса мына Әскеге берейін бе?
– Қой Бәке қашқалақтама екеуміз сындыра алмасақ береміз. Әске қойдың емес тайыншаның жауырынын сындырады, - деп Байтел қарқылдай күлді.
– Иә, аруақ, – деп қолын басынан жоғары көтеріп төмен қайта серіпкенде сүйектің шарт етіп сынған даусы естілді.
– Жетті, жетті. Құдай қолыңа қуат берсін жуан ісектің жаурынын жалаңаш ұстап шарт еткізіп сындыратын жігіттер ілуде береу. Байтел Бәкейді алқап жатыр.
Бәкей жауырынды сындырған соң Байтел асық жілікті сол қолының алақанына салып оң қолының қырымен дүрс еткізіп бір салғанда асық жілік екіге бөлініп екі жаққа ұшып кетті де алақанында жіліктің майы шұбатылып қалды.
– Ғаламат соққы ғой бұл. Бәкейдің даусы гүр ете түсті де, алақанындағы майды аузына апара берген Байтелге:
– Қой болмас андағы майды маған қи. Сенің алақаныңның қуаты дарысын, - деп Байтелдің сол қолын өзіне тартып алақандағы майды қолқ еткізіп сорып алды. Қолын оқыс тартып алқан Байтел:
– Құдай сақтасын, қолымды бірге жұтып қоя жаздадың ғой, - деп қарқылдады. Осы кезде соңғы білеу майды кеңірдектен ары асырып жіберген Мәкей де босаған астауды Байтелдің алдына қарай сыра салып:
– Мен тауыстым! - деді қарқылдай күліп. Үшеуі қатар қарқылдай күлгенде гүркіреген дауыстарынан қостың желкесінде жатқан қой дүр етіп үрке жөнелді.
– Жүгір Әске, шетін қайырып қайтадан ұйырып таста, - деді Байтел маған қарап.
Мен қостан атып шығып қотарыла үріккен қойды “шәй-шәйлап” қайта әкеліп иірдім де қосқа қарай беттедім. Тура қостың босағасында Жәния отыр екен.
– Қайда тығылып қалдың?
– Талдың түбене Әжемнің қасына тығылдым.
– Неге қашасың сен?
– Жоқ қашқан жоқпын…
– Талды шауып құлатып тастаймын!
– Жоқ талды шапсаң саған Жәния жоқ.
– Онда мен талды құлатпаймын.
– Онда мен қашпаймын. Жәния екеуміз сыртта даңғырлап біраз сөйлесіп қалып ек іштен Байтел:
– Әске енді ішке кірмесең Жәнияны қуалап жіберем, - деп айқайлады.
– Жәния мен кірмесем Байтел сені қуалап жібереді мен қосқа кірем, - деп қосқа еңкейіп кіре бергенде Жәния:
– Сен қоста отырсаң Байтел Жәнияны қумайды, - деді.
Мен ішке кіргенде жинаулы орын көрпеге арқасын сүйеп отырған Мәкей қарқ етіп кекіріп қойып ыстық сорпаны үріп ішіп отыр екен. Бакей мен Байтел жайылған тері дастарханға манадан мүжіліп тазаланған сүйек-саяқтарды салып жинап жатыр екен.
– Әске-ау бағана айттым ғой, тіл алсаң Жәния келеді деп. Байтел мені жанына отырғызып іштегі пештің үстіне әкеліп қойған қазаннан ыстық сорпа құйып берді.
– Манағыдай емес Жылауық тал тыншып қалдыма қалай?! - деп Бәкей Байтелге қарады.
Менде құлағымды түрдім. Жәнияның әпкесінің үні әлі шығып тұр екен.
– Жоқ әлі айтып жатыр, Жәнидің Бәрен әпкесі айтып жатыр – дедім мен.
Үшеуі бір біріне қарасты да маған үндеген жоқ.
Сәл тыныштықтан соң Байтел:
– Әске екеуміз аттарды отқа қойып, түйелерді бүгінше қостың жанына шөгеріп тізерлеп тастайық, - деп мені ертіп сыртқа шығып кетті.
Байтел екеуміз төрт атты жетелеп манағы шығыр құдыққа қарай беттедік. жолай Жылауық талдың қасына келгенде Байтел менен:
– Әске бұл жерде кімдер бар болды сонда?, - деп сұрады.
– Бұл жерде Жәния бар, тағы… дей бергенімде жаныма Жәния жетіп келді де:
– Жәнияның атасы бар, Жәнияның Әжесі бар, Жәнияның әпкесі бар деп тақылдай жөнелді.
– Е, солай де, солай де Әске, - деп жітірмелетіп жүре жөнелді. Біз аттарды суардық та тұсап қоя беріп жүген-ноқталарымызды сылдырлатып қосқа қайттық.
Жәния менің қолымдағы жүген-ноқтаны арлы берлі жұлқылап ойнап келеді.
Қосқа жете бере Жәния маған:
– Әске мен үйге кетем, – деді. Мен оған:
– Кетпей-ақ менің жанымда бір жүрші – деп ем, ол:
– Енді бармасам апам ұрсады, - дегенде Байтел маған:
– Әске болды Жәния барып келсін ертең келеді… бүгін біраз шаруа тындырыдық. Күнде кешкірді. Енді ұйықтайық, - деді.
Қостың алдындағы теңкиген теңнің үстіне отырып алып шылым шегіп отырған Бәкей:
– Екеуің неге даурығып келесіңдер, жайма? - деп сұрады. Менен бұрын Байтел:
– Е, жәй. Енді жатып дем алалық. Ертең ерте мал өргізу керек, - деп еді Бәкей:
– Мына Жалауық талыңның дауысы мені ұйықтатпайтын секілді, - деген еді Байтел:
– Оны менде естіп келемін. Мәкей не істеп жатыр? - деп қосқа еңкейіп кіріп бара жатып:
– Ау, құрдас Жылауық талға барып келдім. Тал түбінде бір айдай ару Мәкей қашан келеді деп күтіп отыр екен. Содан мен қазір барамда жіберемін дедім деп қарқылдай күлді.
Шешініп жатып қалған Мәкей:
– Е, көрдің бе Жылауық талдың сұлу қызы сені бойына тоғытпай мені күтіп жатқан болды ғой… Керек болсам өзі келсін… Олда қарқылдап күліп жатыр.
– Ол келе алмайды сен өзің бармасаң.. Маған айтуды ұмытып кетіппін ғой…
– Не байлап кеттің бе оны? Маған қарамай қойды деп қызғанып…
– Жоқ өзі байлаулы жатыр екен.
– Қайтіп?
– Айтпаймын өзің барып көр…
– Мені аңсап тұрса өзі келсін…
– Келе алмайды… Оның кеудеден жоғарғы жағы ғана адам да төмен жағы жер бауырлаған жылан екен… Ха-ха. Байтел мен Мәкейдің күлкісі жер жара шықты.
– Әй құрдастар иен далада, тылсым ағаштың түбіне келіп қайдағыны айтпаңдар… Адамды қорқытып. Ана екеуі одан арман даурығып күлісті.
Орын көрпемізді ыңғайлап орнымызға жаттық.
Көзім ілініп кеткен екен. Әлде біреу баж етіп барып, қара санымнан жаншып өте шыққанда шошып ояндым.
– Не болды, не болды?, - деген Мәкей мен Байтелдің даусы жарыса шықты.
– Құтқарыңдар… құтқарыңдар… Бәкейдің ащы даусы құлақ жарады.
Орнынан атып тұрған Бәйтел қостың төр жақ босағасына тығылып алып бейберекет айқайлап жатқан Бәкейдің бетінен шапалақпен жанып-жанып жіберді.
Бетінен аямай осқылаған шапалақтан есеңгіреп барып есін жинаған Бәкей:
– Құдайым-ай… түсім екен ғой… өлген жерім осы шығар деп ем, - деп алқына жауап қатты.
– Не көрдің сонша… сонша қорқатындай…, - деді Мәкей басын көтеріп алып есіней.
– Бағанағы сендердің айтқан адам басты жылан денелі қыздарыңды көрдім. Қосқа келіп мені құйрығымен орап алып буындырып жатыр екен деймін. Әйтеуір жан дәрмен құтылып тұра қашқанымды білемін.
– Е, құрдас өзіңде жүрек жоқ біреусің-ау… біреудің өтірік әңгімесін түсіңде көріп жүрген, - деп Байтел мысқылдай күлді.
– Жігіттер әншілер шаршағанба дауыстары шықпайды ғой, - деді Мәкей құлағын тысқа түріп.
– Иә оларда демалған ғой…, - деді Байтел орнына келіп қисайып жатып.
Мен түзге шықпақ болып бас жақтағы тонымды желбегей жамылып орнымнан тұрып бара жатқанда Байтел:
– Әске түзге бара жатсың ба?, - деп сұрады.
– Иә, - деп қысқа жауап қайтардымда қостың киіз есігін түріп сыртқа шықтым. Ай сүттей жарық екен. Тек терістіктен азынай соғар желдің алғашқы бейнесі байқалады. Мен тас ошақтың қасына барып Жылауық талға қарадым. Талдың бер жағында Жәния әлде нені сүйрелеп кетіп барады екен.
– Жәния, - деп айқай салайын деп барып өзімді әзер тоқтаттым. Анықтап қарағанда барып ол сүйреп емес жер бауырлаған әлденені жетелеп бара жатқанын аңғардым. Осы кезде мұрнымды қытықтаған суық жел еркіме қоймай түскіртіп жеберді. Жәния да оның жетегіндегі де маған жалт қарады. Бағанағы Байтелдің айтқанындай ұлы денесі жерге жыланша шұбатылған қыз бос қолын ербеңдете маған қарай атылды. Артынан жұлқылаған Жәния оны ары Жылауық талға қарай сүйрелеп ала жөнелді. Мен қостағыларға ешнәрсе айтпастан үнсіз орныма келіп жатып ұйықтап қалдым.
Мен оянғанда шаңқай түс болайын деп қалған екен. Тек сыртта біреудің дүрсілдетіп отын жарып жатқанын білдім. Киініп сыртқа шыққанымда кешегі мен әкелген сексеуілді бір біріне ұрып ұсақтап отырған Байтелді көрідім де қасына келіп:
– Жәнияның әпкесін қайдан көрдің деп сұрадым.
– Оның кім еді тағы көрмедім… Әске не Жәния әпкем бар деп тағы айтып жатырма саған… Байтел маған қарап ыржалаңдай күлді.
– Оның әпкесі барын бұрыннан білемін… Бірақ кеше сен айтқандай денесі жылан екенін білмейтінмін…
– Онды қайдан білдің?
– Түнде Бәкей мыжып оятып жіберген соң далаға шықтым ғой. Сонда осы жақтан кетіп бара жатыр екен.
– Әске… Байтел маған бажырая қарап сәл тұрды да орнынан атып тұрып қостың алдынан бастап ирелеңдей сүйретілген жердегі ізді қуалап Жылауық талға қарай тұра жүгірді. Талдың қасына барып біраз айналып тұрды да қосқа қайтып келді. Байтелмен бірге тал жақтан Жәнияда келді.
– Әске! - деді Байтел менің иығыма оң қолын қойып тұрып. Әске бұл туралы анау екеуіне айтушы болма. Бірер жұма шыдасақ сосын бұл жақтан ақырын көшіп кетерміз…, - деді.
Осы кезде менің мойныма келіп алсыла кеткен Жәния:
– Әске кеше Бәрен әпкемді неге шақырдыңдар, - деді.
– Бәрен әпкеңді шақырғамыз жоқ, - дедім мен.
– Бәрен әпкемді шақырдыңдар…
– Шақырмадық…
– Шақырдыңдар…
Жәния екеуміз даурығысып кеттік.
Мені қолымнан жетелеген Байтел:
– Әске қойыңдар енді… Енді қоймасаңдар мен Жәнияны қуып жіберем… деді.
– Жәния қусаңда кетпейді…, - деп Жәния шақ ете қалды.
– Байтел қуса Жания кетеді…, - деп менде саңқ ете түстім.
– Жәния кетпейді..
– Кетеді…
– …
– …
Жәния мені келіп жұлқып жұлқып жіберді. Мен оны кеудесінен итеріп кеп қалып ем ол омақаса құлады да атып тұрып менің бетімнен осып кетті. тыртақтары бетімді тіліп өте шықты. Осы кезде Байтел:
– Әске не болды… Әске… Бетіңнен қан ағып кетті. Жүр бетіңді жу, - деп мені қосқа қарай дедектетіп сүйрелеп ала жөнелді.
Саусақтарына жұққан қанды тілімен аярлана жалап тұрған Жәния маған қарап сақ-сақ күледі.
Бетімді сумен жуғанмен қан тоқтамай қойғасын Байтел құрым киіз орап күлін сеуіп қанды әзер тоқтатты.
Мен қосқа кіріп таңғы оразамды ашпастан көрпемді бүркеніп жатып қалдым.
– Мына батыр әлі тұрмаған ба?! – деп Бәкей менің көрпемді жұлып алды. Әске тұрсаңшы… деп бетіме үңілді де, – Бетке не болған ал…, - деп сұрады.
– Түске таяу мен сексеуілдерды ұсақтап тастайын деп бір біріне соғып отыр ем ұшқан жаңқа Әскенің бетін сырып кетті…, - деп менен бұрын Байтел жауап қайтарды.
– Құдай сақтап көзіне тимей қалған екен… Абайламайсыңдар ма?!, - деді Мәкей.
Әлденеден күдіктенгендей Бәкей үнсіз қалды.
Кеш тыныш басталғанымен түн ортасы ауа терісінен тұрған жел күшейе түсті де соңы қарлы дауылға ұласты.
– Жігіттер қалың киініңдер қой ығып кетпесін екіге бөлініп екі жағынан шығайық! Байтел бұйыра сөйлеп мені ертіп тысқа шықты.
Үскірік боранмен ұшқан қар қиыршықтары бетті осқылап тұр. Мәкей мен Бәкей екеуі желдің өті жағына қарай шықтыда біз Жылауық тал жағына қарай кеттік. Жақын маңнан ышқына ұлыған қасқырдың үні естілді. қолындағы таяғымен жел ұрып дедектеп лықтай жөнелген қойларды қақпайлап ықтасынға қарай қуалап жүрген Байтел:
– Әске жүгір, шығыр құдық жақтағы аттарға жүгір, қасқыр жарып кетпесін… Мына қойларға мен ие бола тұрамын… Тез жүгірмесең үлгермей қаласың, бол тез, - деп барқырады.
Мен асығып қосқа жүгірдім де босаға жақта жатқан шылбырларды ала салып аттарға қарай зауладым. Қасқырдың даусынан үріккен аттар тұсамыстарымен тік шапшып құдық басындағы қалқаның қасында шұрқырай кісінесіп тұр екен.
Мен қастарына жеткенде оқыранысып жіберді.
Аттардың шылбырмен ноқталадым да, тұсамыстарын ағытып өзімнің алаяқ құлама мініп қосқа қарай желе жөнелдім.
Бұрқақтаған ақ түтек боран көз аштырар емес. Тасырлатып жанына келгенде бірақ білген Байтел ентіге:
– Әске аттарды ертте де аналарға апарып беріп менің көкқасқамды алып тез кел. Мыналар жаяу адамға күш беретін емес…, – деді.
Мен қосқа келіп төртеуінде ерттеп айылдарын мықтап тарттым да тізгіндерін ердің қасына іліп шылбыранан үшеуін де жетелеп әуелі Мәкей мен Бәкейге алып келдім.
Астарына ат тиген екеуі аласұрған боранның ығымен адамды басып кетердей алды артына қарамай ығып бара жатқан қойлардың артынан шаба жөнелісті. Мен тізгін ұшымен Байтелге жеттім. Көкқасқаға қарғып мінген Байтел борбайлай шауып бара жатып:
– Әске бол… Мына топалаңның алдын бұрмасақ осы қалпы кете берер болса анау Түйқұлағаннан барлығы ұшып өледі… Сарысуға қарай алдын бұрсақ боран басылған соң қайырып алармыз. Қазір қанша жанталасқанымызбен қайыру бермейді…, - деп айқайлады.
Біз екі жақтап атпен бастырмалатып жүріп қойдың алдын әзер төменге қарай бұрғанда ыққан қойдың енді бір тобы жаңа ғана бізден босаған алаңқайға қарай құйылып келе жатты.
– Ау анау жазғандар қайда?! Мәкей, Бәкей! - деп айқайлаған Байтел енді мені қосарына ала: - Бол Әске, енді аналарды да осылай қарай ықтырайық, - деп айқайлады.
– Біз жаңа келген қойға араласып кеткенде Жылауық тал жақтан:
– Қайт, қайт! Шәй, шәй!, - деп айқайлаған Мәкей мен Бәкейдің дауысы естілді.
– Ана жазғандар да ықтырып алған екен ғой… Әске мен мыналарды қайырмақтай тұрайын сен аналарға шап… Анау дөңнің бер жағымен қайырғанға күш бермес. Арғы жағынан кең айналдырып барып иіре тұрыңдар… Қайыру бермесе онда сол жақпен Сарысуға қарай бұрмалап көріңдер… Қалай болса да Түйқұлағанға кетіп қалмасын. Итқұс қырып кетпесін, тез бол...,- деп менің құламның сауыранан қамшысымен салып қалды.
Алаяқ құла тік шапшып барып шаба жөнелді.
Мен жеткенде Мәкейдың дауысы қарлыға:
– Әске амансыңдар ма? Мал аман ба? Мынау бораның сұмдық болып барады… Жаңа ғана бір көкшолақ аралап кетті біраз қойды тамақтап кетті-ау деймін. Бәкең екеуіміз екі жақтап жүріп әзер айырып қалдық…, - деді.
Мен Байтелдің сәлемін асығыс жеткіздім де, дүркіреген қойдың бір жағына шықтым. Анадайда ыққан қойды қолындағы құрықпен қақпайлап жүрген Бәкей мені көріп:
– Әске кел бері менің атым бұрлығып қалды, - деп айқайлады. Мен ыққан қойдың ішін аралап Бәкейге қарай шаптым.
Қойлар ақыры күш бермеген соң сыртынан қайырмақтап Сарысуға қарай беттеттік те, алдынан екеуміз қайырмақтап, арт жағынан Мәкей түре айдап ықтаттық. Таң бозарып ата бастағанда Сарысудағы түңкелі шиге әкеп қойды бірақ құйдық.
Аттан секіріп түскен Бәкей жанынан бір шәкене дорба алып шықты да, жүрелеп отыра қалып қалың ішігінің етегімен көлегейлеп ықтасын жасады да сіріңке тартып дорбадағы күкіртті тұтатты.
Айналаны күкірттің өткір қышқыл иісі алып кетті. Мен арт-артынан түшкіре бастадым.
Атына қайта мінген Бәкей анадайда жүрген Мәкейге айқайлап:
– Мәке біз Әске екеуіміз Байтелге барайық, сен осында ие бола тұр, - деп кері қарай шапты.
Дөңді айналмай Сарысудың ана басына қарай тура тарттық. Біз жеткенде қарлы түтекпен тұтасып жөңкіліп бара жатқан қоралы қойдың бас аяғына алма кезек шапқылап жүрген Байтелдің айқайлай-айқайлай даусы шықпай қалған екен. Үш жақтап жүріп ыққан қойды қайырып иіріп тастадық.
Таң ата боран бәсейді де қар қапалақтап түсе бастады. Біз үш жақтап бір-біріне жүндері жабыса иірілген қойды Байтел жаққа қарай айдадық.
Біз келгенде Байтел атынан енді түсіп боран үрлеген қасат қардың үстіне енді жантайған екен.
Бізді көрген ол басындағы пұшпақ тымағын жұлып алып басынан буы бұрқырай:
– Жеттіңдер ме?, - деді даусы қырылдап.
– Шүкірлік жеттік… Қаншасын тамақтап кеткенін білмеймін… Бір көкшолақ аралап кетті.
– өздерің аман болсаңдар болды… Үсігеннен амансыңдар ма, - деді қайталап.
Күн шыға қалжыраған төртеуіміз қойды бір жерге иіріп түгендедік.
Қалың қардан тұяқтарына мұз қатқан қойлар әзер қозғап үстін жауған қалың қарды әлсіз сілкініп әзер түсіріп тұр. Арасынан Алаяқұламен төрт бес рет аралап өтіп барлығын түгендеп шықтым.
Менің сар тоқал қошқарым көк жон саулығым бастаған бес қойым, Байтелдің кешегі бізге сойған сыңар мүйіз ісектің енесі жарық қарын сары саулық бастаған төртеу, Мәкейдің сыңар аяқ күрең тұсағы бастаған жеті, Бәкейдің қушық ақ тоқытысы бар бес қойы жоқ болып шықты.
Мәкей мен Байтел ас-су әзірлеуге қосқа қарай кеттіде біз қойды жая өргізіп, арттарынан ілбіп келеміз.
Қойларды қостың желке жағына қарай өргіздік те қосқа келіп ауқаттандық.
Шай үстінде Бәкей бізге қарап:
– Жігіттер, сендер қостасаңдар мен бір нәрсе айтсам деп ем, - деді.
– Иә, айта бер, - деді Байтел.
– Жылауық талға жеті жыл бойы елдің қыстамағанын бәрімізде білеміз… Осы жердің осындай бір бәлекеті болған соң қыстамайды да. Ел алыс жер емес, екі-ақ көш… Бесқараға әуелгі қонысымызға көшсек… Екеуіңнің егесіңмен келіп қалғанымыз рас. Басымызды бәске тігіп қайтеміз…, - деді.
– Айтқаның жөн құрдас… Десе де бүгін ертең қозғала алмаймыз. Жаңбыр аралас жауған қар мына аязда жерге жүзін жоғары қаратып тастаған ұстарадан кем емес… Малды қызыл сирақ қылып тұяқтарын сыпырып аламыз. Әзірге біре күн аялдайық деді, - Байтел.
– Қыстың қырына ілініп қалдық… Қайда болсақта көретін күніміз осы осы қарлы жаңбыр мен боран Бесқарада болмады дейсіңдер ме?! Маған салсаңдар осында қыстап шығайық дер едім, - деді Мәкей.
– Әске сен қалай қарайсың, - деп Бәкей маған қарады.
– Мен… Меніңше, дей бергенде қостың есігіне Жәния жетіп келді.
– Мен білмеймін дедім оларға қарап.
– Әске сен кетесің. Көшіп кетесің, - деп айқайлады Жәния.
– Иә, мен кетемін онда Бесқараға барамын, - дедім мен. Жәния қостың босағасына сүйеніп отырып маған:
– Әске Жәния сені іздеп бармайды… Жәнияны көрмейсің, - деді.
Жәнияның кешегі бетімді тырнап алғаны түсіп:
– Әскенің Жәнияны көргісі келмейді, - деп оны қуып жібермек болып қостың аузына қарай тұра ұмтылдым.
Мені ұстап қалмақ болып ұмытылған үшеуі ауа қармап дастархан басында қала берді. Жәния атып тұрып босағада жатқан Бәкейдің қыл арқанын алып тұра қашты.
Мен артынан қуалап келемін. Жәния жеткізер емес. Айнала қашып жүріп Жылауық талға жетті. Іле шала менде жеттім. Енді ұстамақ болып ұмтыла бергенде Жәния талдың діңіне кіріп жоқ болып кетті. Қатпар-қатпар болып қабыршықталған құшақ жетпес талдың қабықтарының арасында Бәкейдің шылбырының бір ұшы сыртта қалып қалыпты. Мен шылбырдан ұстап жұлқылап тарта бастадым.
Сүт пісірімдей уақыт өткенде қостағы үшеуі жетті артымнан. Мен Бәкейге:
– Сенің шылбырыңды алып кетті… Міне бермей жатыр, -деп қолымдағы шыблырдың ұшын Бәкейге беріп ем, ол таң қала қарап біраз тұрды да:
– Мәке мынаны ұстай тұршы, - деп қолындағы шылбырды Мәкейге ұстата салып қосқа қарай құны перен жүгіре жөнелді.
– Мәкейдің шылбырын бер! – деп мен талды тепкіліп айқайлап жүрмін. Талдың ішінен:
– Саған бермеймін… Оны мен Бәрен әпкеме берем деген Жәнияның бажылдап жылаған даусы естілді.
Бәкей қосқа бара сап жылдам қайтты. Қолында тесімен айбалтасы бар.
– Жаңа ғана қостың босағасына ілген шылбырым жоқ, мынау менің шылбырым, - деп қолындағы балтамен шылбырдың талдың діңіне біте қайнасып сіңіп, ары кетіп тұрған жерінен шауып кеп қалды.
Тура балта тиген жерден қып қызыл қан бұрық ете түстіде тал тұла бойымен селкілдеп адамша ойбайлай жөнелді.
Байтелмен Мәкей кері шегіне берді де, Бәкейдің қолындағы балтасы сусып жерге түсіп өзі тал түбіне жүрелеп отыра кетті.
Талдың ойбайлай жылаған даусынан қостың жанында қаңтарулы тұрған аттар бетпақ даланы бетке алып тулай үркіп барады. Тек менің құла атым ғана бізге қарап шыңғыра кісінеп тұр. Қоралы қойда қасқыр тигендей ары қарай төңкеріліп барады. Мен әлі талды айналып жүгіріп жүрмін.
– Әске Бәкейді бері әкелші… Бол тез!, - деп Байтел айқайлағанда барып Бәкейге қарасам бір жағына қисайып аузынан ақкөбік ағып жатыр екен. Мен Бәкейді екі иығынан сүйреп отырып Байтелдердің қасына алып келдім. Талдың шыңғыра жылаған дауысы құлақты жарып жіберердей. Манағы Бәкейдің балтасы тиген жерден әлі қан атқақтап тұр екен. Мен ішкі бешпетімнің өңірін жұлып алып талдың қан ағып тұрған жеріне апарып тығындадым. Талдың ойбайлаған даусы басылып арлы берлі теңселе үһілеп қинала күрсініп жатыр. Манадан бері байқамаған екенбіз. Бәкейдің шылбыры шумағы жазылмаған қалпы сыртқа шығып қалыпты. Мен ана үшеуін көмекке шақырдым. Есінен танып жатқан Бәкейдің басын сүйеп Мәкей қалды да Байтел аяғын қорқа басып менің қасыма келді. Менің ойымдағыны түсінгендей Байтел жерде жатқан шылбырды алып жаңағы қан ағып тұрған жердегі тығынның сыртанан шандып орай бастады.
Біз шылбырды шандып байлап түйіп тастаған соң тал анда санда ышқына күрсінген үн шығарып тұрды.
Бәкей есін енді жиған екен.
– Не болды? Тірі ме… Тірі ме, - деп дауысы үзіліп бізден сұрап жатыр.
Байтел мен Мәкей бір біріне қарады. содан Байтел:
– Не көрдің ешнарсе болған жоқ бәрі аман…, - деп еді. – Үһ, - деп терең демалған Бәкей:
- Баста сарт етіп тиген кезде ағаш дегенім бір жап жас қыз болып қөрінді. Тура қара санына балтам қадалып қалыпты… Ар жағынан тағы бір қыз бен кемпір-шал маған қарай ұмтылып келе жатытты. Содан ары қарай өзімде білмеймін…
Біз Жылауық талға жалтақтап қарай-қарай қосқа тарттық. Қосқа келе сала мен құлама міндім де жаңа үркіп кеткен аттардың артынан кеттім. Үш атты бірдей ұстап жетелеп жолай түйелерді айдап қайтып келгенімде үшеуі қосты жығып тас түйін даярланып отыр екен.
Әп-сәтте түйелерге қосты арттық та Мәкей мен Бәкей екеуі түйелерді жетелеп Бесқараға барып қос тігіп қора жөндей бермек болды да, Байтел екеуміз азын-аулақ азық түлік алып алып қойды жая айдап ара қонып баратын болып келістік.
Бытырай жайылып жүрген қойдың басын жинадық та құмның теріскейімен жайлап өргізіп келеміз. Байтел екеуміз кеш батқанша тіл қатыспадық. Шеге болып қатып қалған көк мұздан қаша қара жерді қуалап арлы-берлі шапқылап албарынды болып жүрміз.
Жерге қараңғы түсе қалың жыңғылдың арасына жеттік те қойды иіріп тастап, тастан ошақ қалап, қанжығадағы қара шәугімді асып, қар суымен шәй қайнаттық.
Тәңертеңгі Жылауық талдың дауысынан шошынып қалғанға болар Байтелдің көкқасқасы сыбдыр еткен дыбыстан елегізіп үркектеп әзер тұр. Байтел екеуміз жүрек жалғап алып, қойдың екі жағында күзетте жүрдік. Түн ортасы ауа Байтел менің жаныма келіп:
-Ертең қара кешке дейін жүреміз… Жол бойы не күн көрерімізді кім білсін кезектесіп ұйықтап алайық, - деді. мен мақұл болдым да. құланы бос қоя салып тоқымымды жастанып ұйқыға кеттім.
– Әске тұра ғой енді!, - деген Байтелдың даусынан оянып кеттім. Аттың үстінде қамшысымен бүйірін таянып ердің бір жағына қарай қисайып отырған Байтел:
– Әске күндіз Бәкейдің көк серкесі басын қайта-қайта шайқап жүргендей болып еді… Жаңа қарасам мүйізіне бір нәрсе оралып алған секілді… Жылан дейін десем жаз емес… Мына қақаған аязда қайдағы жылан деп ойлап қоям… Шынын айтсам жақын барғанға жүрегім дауаламады… Сенің көзің өткір ғой,ақырын байқастап көрші, - деді.
Мен орнымнан тұрып құланың айылын тартып енді міне бергенде сап етіп, Жәния келіп, сулығыма жабысты.
– Әске көк серкеге бармашы, -деп жалынып жылап жүр.
– Көк серкеде нең бар?, - деген менің сұрағыма.
– Көк серке болмаса Бәрен әпкем жүре алмайды… Көк серкеге бармашы…
– Көк серкемен қайда барасыңдар?…
– Көк серкенің иесіне барамыз…
– Оны не қыласың?…
– Бәрен әпкемнің аяғын шауып тастады…
– Бәреннің емес ағашты шапқан….
– Ағашты емес Бәренді шапты… Жәния екеуміз тағы тайталасып кеттік.
– Әске болды… Көк серкеге тимей-ақ қой… Иесіне барып не істейді екен, соны білші…, - деді Байтел менің жаныма келіп.
– Көк серкенің иесіне барып не істейсің, - деп ем Жәния:
– Көк серкенің иесіне көк серкесін сойдырып Бәреннің жарасын таңдырам… деді. Мен Байтелге:
– Бәкейдің көк серкесін сойдырып терісіне алады екен, - деп едім Байтел:
– Бәкейге бармай-ақ осында көк серкені сойып бере салайық, -деді. Жәния быж ете қалды:
– Көк серкені иесі кешегі балтасымен басын шауып терісін бітеу сыпырып сонымен таңу керек! Иесі керек…, - деп быжалақтап жүр.
Мен Байтелге қарап едім, ол маған:
– Таң ата мен қойды жайлап өргізе берем… Сен кешегі Жылауық талға барып соның түбінде қалған балтаны тізгін ұшымен алып кел. Оған дейін алдымыздан ана екеуіде шығып қалар, қосқа жеткізбей құтылайық, - деді.
Бозарып таң ата бере мен кері қарай қайттым. Жылауық талға келіп жүзіне қан қатқан балтаны алып кері қайттым. Мен қойдың артынан жеткенде Мәкей мен Бәкейде келіп үлгерген екен.
Қойды иіріп тастап көк серкені сексеуілдің томарына байлап қойыпты. Көк серке байлаулы тұрған сексеуілдің томарының қасында Жәния беті әппақ ағзудай ағарып кеткен сол жақ мықынынан төмен қып-қызыл қанға боялған әпкесіның басын сүйеп отыр екен. Менің оларды көріп жаным ашып кетті. Тақымымдағы балтаны Бәкейге қарай лақтырып жібердім де құладан қарғып түсіп Жәниялардың қасына келіп Бәреннің қолынан ұстадым.
Жердегі балтаны алып Бәкейге берген Байтел:
– Ал, енді Әске не істеу керек екендігін өзің айтып тұр…, - деді.
– Көк серкенің басын тік тұрған қалпында балтамен шап…, - деді Жәния.
– Балтаңмен серкенің желкесінен шауып қал, - дедім мен.
Бәкейдің қолындағы ай балта күнге шағылысып жарқ етті де көк серкенің басы анадайға домалап кетті. Бассыз мойыннан атқақтаған қан аспанға атылды. Төрт тағандап сәл тұрған ешкінің бассыз денесі артына қарай шоңқиып барып бір жағына қарай құлады да, аяқтарын жалғыз ақ серпіп жаны шықты.
– Сирақтарын буындап алып тастап, терісін бітеу сойыңдар, - деді Жәния. Мен оны қайталадым. Бітеу сыпырылып алынған теріні қолына ұстаған Бәкей маған қарады.
– Енді андағы теріні Бәреннің жаралы аяғына кигіз, - деді Жәния. Жарасы жанына батқан Бәрен ыңырсып жылап жатыр. Бір орында состиып тұрған Бәкейге мен Бәреннің жаралы аяғын демеп отырып:
– Бәкей бол тез әкеліп кигізсеңші дедім.
– Әске-ау, андағың қу томар ғой, - деген Бәкейді Байтел желкеден нұқып қалып:
- Үндемей айтқанын орындай берсеңші, - деді.
Жан-жағына жалтақтап қараған Бәкей қолындағы теріні Бәреннің аяғына кигізді. Тері тура балта шапқан жараның үстін жапған кезде Бәреннің денесін жауған қан лезде ғайып болды да, тері оның аппақ етіне айналып шыға келді. Орнынан атып тұрған Бәрен:
– Жәния кеттік енді…, - деп Жәнияның қолынан ұстап аспанға қарай заулап ұша жөнелді.
– Әске балтаны орнына талдың түбіне апарып көміп таста! Қош бол Әске… Қош … Қош… - деп Жәнияның дауысы әуелде анық шыққанымен бара-бара бәсейіп естілмей кетті. Біз қойды айдап Бесқараға жеттік. Содан бастап Жәния маған келмей кетті.
Қыстың қытымыр суығы аяқталып, наурыз өтіп, сәуір келе төл басталды. Ол кезде біз төлдеуге келіп алғанбыз.
Әкем сауығып төлдеуге өзі келді де, мені ауылға жіберді. Ауылға келе сала Жәнияны іздеп Сеңқораға бардым. Сеңқора сол қалпы екен. Ашық қалған есіктен ішке ендім. Құлазып бос тұр екен. Ішкі бөлмеге кірдім. Ол да иен. Тіпті ешқандай тірліктің нышаны жоқ. Ақыры Сеңқораны сандалып арлы-берлі жүрдімде кеш батырып үйге келдім.
Тамақтанып алып, ерте жатып қалдым. Түсіме Жәния кіріпті… Әлде бір қап-қара қошқыл тұман артынан қуып барады екен деймін… Жылауық талға қарай жан ұшырып қашып барады… Қашып бара жатып:
– Әске тез кел, құтқар мені! - деп айқайлап бара жатыр екен. Жәнияның ащы даусынан шошып ояндым.
Көз алдымнан Жәнияның жан ұшырған бейнесі кетер емес. Орнымнан тұрдым да қыстан қалған шөптің түбіне кіргізіп жіберген құланы ерттеп, құмға, Жылауық талға қарай тарттым. Суыт жүріспен ара қонып, Жылауық талға да жеттім.
Жеттім де Жәнияның айтуымен өзім әкеліп көміп кеткен балтаны тауып алдым.
***
Қостың орнындағы алғаш келген кездегі тұрғызған ат ағаштың басына келіп тұрған құлаға келдім де, Жәнияға жетсем деген бар үмітім селге кетіп, кері қайттым. Шамалы жүрген соң артыма бұрылып, Жылауық талға қарадым. Жаңа ғана құлап қалған тал қайтадан орнына қайта тұрып алған екен.
Мен аттың басын Жылауық талға бұрдым да тебіне жөнелдім. Құлағымда Жәнияның сыңси салған ән әуені...
Қойшыбек МҮБАРАК,