Пациент.
1941 жыл, 28 наурыз. Англия жұртшылығы кеше ғана келген көктемнің сұлулығына тамсанып, ең алғаш қара жердің жатырын жарып шыққан бәйшешектің ерлігіне марқайып жүрген күндердің бірі еді. Бәлкім, олай емес. Себебі Екінші Дүниежүзілік соғыс Еуропаның бірқатар елдерінде ананы баладан, баланы әкеден айырып үлгерген-ді. Ал, «әлем күл болмаса, бүл болсын» дегендей арнасынан тасып жатқан Оус өзені «бүгін құшағыма кімді алар екенмін» деп бауырын жазып, хабаршы ретінде бала-толқындарын жағаға жіберіп әлек. Кенет, бала-толқындар осы өзенге күртешесінің қалтасына тас толтырып, елу тоғыз жасар бір әйелдің өзін-өзі лақтырып жібергенін хабарлады. Бәлкім, дәл сол күні бауырына Англияның ең мықты жазушыларының бірін басқаны үшін Оус өзені қалпағын аспанға атып қуанған болар. Алайда жұмыр басты пенделердің жүрегі сыздап, жанарларынан бір тамшы жас сырғып түскенін ешкім жасыра алмайды. Ғазиз өмірінің соңына дейін еркек жынысына жолауға қорқып, неше түрлі қисынсыз дыбыстар естіп, ол аз десең, бірнеше рет психикалық науқастарды емдейтін емханаға жатып шыққан жазушының бұл әрекеті Еуропа әдебиетінде орны толмас қаза болып есептелді. Модернизм бағытында қадау-қадау еңбектер жазып, көзі тірісінде-ақ оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген жазушы, «өмір деген өзеннің ар жағына» сапар шеккеннен кейін де атақ-дәрежесі асқақтамаса, кеміген жоқ. Осы бір жалғаннан өмірінің соңына дейін өз орнын іздеген жазушы – Вирджиния Вульф болатын.
Лондон. 1882 жыл. Қаңтардың қақаған аязды күндерінің бірінде әдебиет сыншысы Лесли Стивен мырзаның шаңырағында Аделина Верджиния (кейінірек күйеуінің тегіне ауысып Вирджиния Стивен емес – Вульф болып өзгереді) есімді қыз өмірге келеді. Үлкен отбасында дүние есігін ашқан Вирджиния бала кезінен әдебиетке құмар болады. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз дәл осы Вирджиния Вульфқа арналып айтылғандай. Жастайынан әкесінің арқасында том-том кітаптарды жата-жастана оқып, үнемі кешкісін үйге келген қалың әдебиетші қауымның әңгімесіне қанып өседі. Алайда бала кезінен жазушы болуды армандаған Вульфты тағдыры маңдайынан сипай қоймады.
Алты жасар Вирджинияны Джеральд және Джордж есімді туысқандары үнемі жыныстық қарым-қатынасқа итермелеп, қысым көрсетіп тұрады. Жиырмадан асқан Джеральд болашақ жазушыға ұятты қылықтар жасап, білгенін істейді. Джордж та есейе келе ағасынан көргенін қайталай бастайды. Осылайша Вулф алғаш рет өмірінің соңына дейін ұмыта алмастай психикалық соққы алады. Саналы ғұмырында еркек атаулыға жолауға қорқып, тіпті қарапайым қол алысудың өзінен жиіркенген көрінеді. Кейде шығармаларында ер кейіпкерлердің мүлдем жоқтығын байқағанда, осы пікірлерге іштей иланасың. Туысқандарынан осындай қысым көріп жүргенде, тағдыры оған тағы да «керемет» сый дайындап қойған-тын. Небәрі он үшке жаңа толған уақытта ол анасынан, араға жеті жыл салып әкесінен айырылады. Екі жылдан кейін Тоби есімді бауыры көз жұмады. Міне, осының барлығын көтеру оңайға соқпағаны анық. Орны толмас қасіреттен кейін бәрінен қажыған Вирджиния өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Алайда онысынан түк шықпайды. Кейін Блумсбери қалашығына көшіп барады. Міне, осы жерден болашақ жазушының шығармашылық жолы басталды десек, дұрыс шығар. Дегенмен ол осыған дейін де әкесі сынды сыни мақалалар жазып, мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұратын. Сол уақыттағы Англияның интеллигенция мүшелері бас қосатын «Блумсбери» клубына мүше болып, шығармашылық жолға толықтай бет бұрады. Ол осы жерде З.Фрейд пен К.Юнгтің еңбектерімен жақсы танысады. 1909 жылы дәл осы клубтың мүшесі Литтон Стрейчи есімді жігіт аруға өз жүрегін ұсынады. Литтонның гомосексуал екенін біле тұра, оның интелектуалды қабілетін бағалап, сөзін қабыл алады. Бір қызығы, келесі күні-ақ Литтон Стрейчи өз ұсынысынан бас тарып, достарына «мен онымен бірге болған уақытта, ол мені құшақтап сүюі мүмкін ғой» деп өз қорқынышын білдірген екен. Осындай келеңсіз оқиғалардың өзінен соң да Литтон мен Вирджиния жақсы дос болып қалады. Мүмкін Литтон болмағанда, Вирджиния ешқашан Вулф тегіне өтпес пе еді, кім біледі?! Себебі Леонардо Вульфпен Вирджиня Стивенді таныстырған да, табыстырған да осы Стрейчи болатын. Леонардо өзінің жұбайының жыныстық қатынасты қаламайтынын отасқандарының бірінші түндерінде-ақ білді. Вирджиния өзінің еркінен тыс істерге бара алмайтындығын һәм оған қатты өкінетінін өмірің соңына дейін айтып өтті. Өз естеліктерінде жазушы: «Мен - барлығы сияқты емеспін, мен - басқамын. Мен - не әйел, не еркек те емеспін», - деп көзіне жас ала жазады. Дегенмен де, олар өмірінің жиырма сегіз жылын бірге өткізеді. Жазушының салқындығын біле тұра, онымен осынша жыл өмір сүру Леонардоның шексіз махаббаты мен сүйіспеншілігінің арқасында екені белгілі. Осыдан кейін ол бар күш-жігерін әдебиетке арнайды. Тағы бір естеліктерінде: «...менің осы бір бұлыңғыр өмірім түс сияқты, ешқандай құштарлықсыз, ешқандай махаббатсыз, ешқандай жыныстық қатынассыз... Бірақ маған осы өмір ұнайды және қызықты», деп сыр тарқатады. Күйеуінің қолдауымен Вирджиния арқасын кеңге жайып, жазуға отырады. 1915 жылы «По морю прочь» атты алғашқы романынан кейін, қатты депрессияға түсіп, неше түрлі дыбыстарды естіп, қисынсыз көріністер көз алдына елестеп, қаншама түндерді ұйқысыз қарсы алады һәм бұл - галлюцинацияның алғашқы белгілері де емес-тін. Кейін, тіпті, өз-өзіне қол жұмсамақ та болған. Алайда онысынан тағы да түк шықпайды. Мұндай шешімге ол екінші рет келген-ді. Амалы қалмаған Леонардоға жазушыны психикалық науқастарды емдейтін ауруханаға жатқызуға тура келеді (Ол бұдан соң да бұл жерге бірнеше рет түседі). Ал, жағдайы оңалған шақта Вирджиния өзінің кезекті романын жазуға кіріседі.
Қырыққа таяған кезінде Вирджиния отыз жасар жазушы Вит Сэквилл-Уэст есімді арумен көңіл қосады. Бұл 1922 жыл еді. Әрине, мұны күйеуі білетін. Біле тұра әйелінің осы қылығына түсіністікпен қарайды. Екі әйелдің қарым-қатынасы бес жылға созылады. Сэквилл-Уэст өзінің күйеуіне жазған хаттарында: «Мен онымен екі рет төсектес болдым. Басқа ештеңе де емес. Енді сен мен жайлы бәрінде білесің...», - деп жазады. Кейіннен жарық көрген Вирджинияның ең керемет романдарының бірі – «Орланданың» бас қаһарманы осы Вит Сэквилл-Уэст болады. Бір қызығы жас арумен өткізген бес жылы Вульфтың өміріне айтарлықтай өзгерістер алып келеді. Сол кезеңде «Миссис Дэллоуэй», «На маяк» сынды қазіргі таңда Еуропа әдебиетінде классикалық туындылар қатарынан табылатын бірнеше романын жазады. Көзі тірісінде-ақ кітаптары қолдан-қолға өтіп, дүкен сөрелерінен қалың оқырман талап алып кетіп жатты. Иә, өмірнің бұл кезеңінде жазушының ақылы ешқандай галюцинацияға да, әлдебір психикалық ауытқуларға да ұшырамады. Ол бақытты еді. Екеуінің ара-қатынасы үзілгеннен кейін де Вирджиния өзінің қалыпты өмірін сүре берді. Ол жазды. Тек қана жазды. Тыныштық...
Алайда жанды мәңгі әлдилей қоймайтын тағдыр бұл тыныштықты да көп көрді ме, ол қайтадан ауруға душар болды. Және бұл оның өмірінің ең соңғы сәттері еді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Вирджинияның үйіне неміс бомбасы түсіп, оның жазбаларын, мақалаларын, сын-пікірлерін - бәрін-бәрін өртеп жібереді. Ал жазушы үшін еңбектерінен айырылу деген - сөзбен айтып жеткізе алмайтын қасірет. Оның үстіне неміс армиясының еврейлерге шүйліккені сонша, Вирджиния енді өзінің күйеуі үшін де алаңдай бастады. Себебі: Леонардо Вулф еврей болған. Осы бір оқиғалар жазушының психикасына теріс әсерін тигізбей қоймады. Ал, бұл уақытта Вульф "Между актами" атты психологиялық романын жазып жүрген. Тек психикалық галлюцинация қайтадан өршіп, ол тағы да неше түрлі жағымсыз дыбыстар естіп, қорқынышты көріністерді көре бастайды. Сөйтіп, оған кешегі аурухана төсегіне таңылуға тура келді. Ауруханадан шыққаннан кейін өмірден әбден қажыған жазушы күйеуіне бұдан артық шыдай алмасын айтып, ақырғы хатын жазады. Осыдан кейін ары қарай өмір сүру «бос әурешілік» деп түсінген Вирджиния пальтосының қалтасына тас толтырып алып, Оус өзініне секіріп кетеді. Бұл жолы оны ешкім де құтқара алмайды...
Вирджиния Вульф қайтқаннан кейін Эдвард Олби «Кто боится Вирджинии Вульф?» шығармасын, ал жиырма жылдан соң Эдна О’Брайен «Вирджиния» атты туындысын жазып шығады. Кейін ағылшын жазушысы Майкл Каннингемнің «Уақыт» атты романына Вирджинияның биографиясы арқау болады. Бұл романға кино да түсіріліп, Вульфтың экрандағы бейнесін Николь Кидман ойнап шығады. Дәл осы кинодағы актерлік рөлі үшін Николь «Оскар» сыйлығын алады.
Саналы ғұмырында небір қиыншылықты бастан кешірген Вирджиния Вульф Толстой, Тургенов сынды орыс жазушыларының шығармаларын өз тіліне аударып, бірнеше романын келешек ұрпаққа қалдырып үлгереді. Оның «Миссис Дэллоуэй», «Флаш», «Орландо» т.б. романдары XX-ғасырдағы Еуропа әдебиетіндегі классикалық туындылар болып есептеледі. Ендігі кезекте модернист жазушы Вирджиния Вульфтың психиологиялық «Прожектор» атты новелласын қазақша нұсқада ұсынамыз. Оқыңыздар, достар!
ПРОЖЕКТОР
XVIII ғасырда іргетасы қаланған графтық жекежай бүгінде қалың көпшілік жиналатын орынға айналған. Дәл осындай сән-салтанатқа толы мейрамханада кешкі ас ішіп, балконнан бау-бақшаға қарап, қиял әлеміне сапар шеккенге не жетсін, шіркін! Балконнан нөпір талдардың ішінен сығалаған айдың сәулесіне шағылысып, өзге кейіпке енген қызғылт және кілегей түсті талшындарды көруге болады. Алайда «бүгін мені көре алмайсыңдар» деді ме, әйтеуір осынау жаздың мамыражай кешінде аспан төрінен кербез ай көзге көрінбеді.
Балконда Айвими мырза мен ханым, сонымен қатар олардың қонақтары: бірі шылымының шырынын сорып, бірі кофесін ішіп арқа-жарқа болып отырған болатын. Бейне бір Аспан қожайыны осы көңілді топтың әңгімесін қолдаған сыңай танытып, өзінің құшағынан бір жарық сәулені жер бетіне сырғытып жібергендей еді. Соғыс әлі басталмаған уақыт, тек бірнеше шақырым жерде әуе шабуылына қарсы оқу–жаттығу жұмыстары жүріп жатқан. Ал жаңағы «Аспан қожайыны» жіберген жарық сәуле – сол қожайынның құшағындағы жау ұшақтарын іздеуге арналған прожектордың жарығы екен. Күдікті нәрсені көріп қалған болуы керек, прожектор жарығы бір сызықтың бойымен қозғала бастады. Нысанаға алынған объектіде бір сәтке кідіріп, әрмен қарай аспан төрін кезіп кетті. Диірменнің қанаты сияқтанып, жоқ, əлдебір ғажап жəндіктің мұртшасы іспетті жарық шашқан прожектор жансыз тасқа жарық беріп, енді бірде талшынның барлық кереметін көрсетуге бар күш-жігерін жұмсап жатыр ма дерсің. Ойламаған жерден сол кезбе жарық балконға төніп келіп, қонақтар арасындағы бір арудың ашық қалған сөмкесіндегі айнамен шағылысып, бір ғажап көрініс жасады.
– Әне, қараңыздаршы, - деп Айвими ханым айтып болмайынша, жарық «неге айттың дегендей» қабағын түйіп, ел көзінен аулаққа қашып кеткендей болды. Ал, қонақтар отырған жерде ендігі жарықтың ұшқыны да қалмаған. Әр сәт сайын қараңғылықтың құшағына еніп бара жатқандай.
– Менің жаңа көргенімді ешкім де таба алмайды, – деп, қуаныштан жүзі нұр шашып тұр. Құлақтары елең ете қалған қонақтар қауымы енді тыныш отырсың ба, барлығы өз нұсқаларын айтып, оның не екенін таппайынша жандары жай табар емес.
– Жоқ, жоқ, жоқ, - деп, Айвими ханым ешбіреуінің таппағанын растағасы келгендей сөйледі. Шындығында да ханымның көргенін ешкім таба алмайтын еді. Тек өзі ғана куәгер. Тек өзі ғана мұның не екенін, қандай дүние екенін ұғады. Сезеді. Біледі. Себебі бұл - шөбересі болатын. Оның өзі Айвими ханымға бұл оқиғаны айтып берген. Ол қандай оқиға?.. Өткенге сағыныштан ба, сол мезгілге аңсары ауып жүрген ханым қонақтар қызығушылық танытып жатса, осы бір оқиғаны айтып беруге қарсы емес-тін. Әрине, қонақтар ханымға «айт та айт» деп жармаса кетті. Қайткенде де, спектальге дейін уақыт бар бола-тұғын...
– Бірақ неден бастау керек? Мың сегіз жүз жиырмасыншы жылдан бастасам бе екен?
О, ол уақытта менің арғы атам жас еді ғой. Ал қазір мен өзімде балағына сүрінген сәби емеспін, – деп сөз бастады.
Оның, біраз жасқа келіп қалғанымен, сыры мен сыны кетпеген талғампаз келіншек екендігін мойындау керек.
– Міне, бұл оқиғаны маған айтып беретін уақытта ол - “төрінен көрі жақын” балдағын ажырамас серігі қылып үлгерген шал, ал мен болсам, аузынан сүттің дәмі кетпеген қыз едім. Самайын ақ шалған, көк көзді шалдың келбетіне қарап, жас кезінде келісті жігіт болғанын бірден аңғаруға болады. Бірақ өзін біртүрлі ұстайтын... Алайда сол уақыттың хал–ахуалын ескерсек, бұл қалыпты жағдай, – деп өз сөзін өзі ақтап алғандай әрмен қарай жалғастырды... Олардың тегі – Комбер. Ертеректе Йоркширедегі жер телімдері осы әулетке тиесілі еді. Кейіннен әлеуметтік жағдайы төмен дровяндар санаты кіріп кетті. Қалай және қайтіп ондай дәрежеге түскенін мен білмеймін. Бірақ арғы атамның балалық шағының естелігі ретінде ол маңда бір мұнара ғана бар-тын Ал, сол кең жазықтағы қарапайым ғана жалғыз фермерлік үй осылардікі еді. Әлі есімде, біз ол жерге он жыл бұрын барғанбыз. Көлігімізді жолда қалдырып, үйге дейін жаяу жүргенімізді ешқашан ұмытпаймын. Себебі, бірде-бір көлік баратын жол жоқ. Көлікті қойшы, айнала қаңырап бос қалған. Үйге жақындай бере, қабырғаларына дейін жабайы шөп басып кеткенін көрдік. Ол аз десең, бөлме ішінде жабайы тауықтар салтанат құрып жүр ғой, шіркін. Үйдің түгелімен иесіз қалғаны бірден байқалады. Сол мұнарадан бір тастың ұшып кеп алдыма түскені жадымда әлі күнге дейін сайрап тұр, – деді де, сәл кідіріп қалды.
– Міне, сол қаңыраған үйде кезінде шал, әйел, сосын бір бала мекен еткен. Ол әйел не шалдың жұбайы емес, не баланың анасы емес. Тек шал кемпірінің көзі қайтқан соң, өзіне қолғабыс етуі үшін фермада жұмыс істейтін келіншекті үйіне тұрғызуға рұқсат берген көрінеді. Бәлкім сол үшін бе, ол үйге бөтен кісілер жиі келе бермейтін, ал кемпірінің көзі болып қалған осы үй шал жанарының алдында қабырғасы сөгіле бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Тағы бір есімде қалғаны - есік маңдайыңдағы Комбер әулетінің таңбасы, сосын парағы сарғайып, мүк басқан қараусыз кітаптар. Ол білімді тек осы кітаптардан ғана іздейтін еді. Арғы атам маған осы кітапты дамылсыз қалай оқығандарын және кітапқа деген махаббатының шексіз екенін мақтанышпен айтатын. Ол ескі кітаптарын үй маңындағы мұнараға апарып тығып қоятын әдетін тастаған емес. Тіпті, шіріген арқан жібі мен сынған сатысына дейін көненің көзі болып тапжылмай әлі тұр. Қабағын түйіп, жел тұрса өзінен-өзі ашылып кететін терезенің алдында оның жазу үстелі мен орындығы да әлі күнге дейін иесін күтіп жүргендей.
Ол осы бір оқиғаны жалғастыру үшін ашық терезе алдына барып, қырат-қырдың шексіз тұңғиығына көз жүгіртіп тұрып қалды.
– Бірақ біз сол күйі телескопты іздеп таба алмадық, – деді.
Мейманхана ішінде ыдыс–аяқтардың сылдыры естіліп жатса да, балконда отырған қонақтарға Айвими ханым телескопты таба алмағаны үшін абыржып тұрғандай көрінді.
– Неге телескоп?, – деді, қонақтар арасынан бір кісі өзінің әуелгі таңдасын жасыра алмаған қалпы.
– Неге дейсіз бе? Себебі сол телескоп болмағанда, мен мұнда отырмас едім, – деді өзіне тән сабырлы қалпымен сәл ғана жымиып.
Егде тартқан ханым иығына көк орамал жамылып, шынымен де бір құдіреттің күшімен осында отырғандай.
– Телескоп ол жерде болуы тиіс, – деп, қайтадан әңгімесін жалғастыра бастады.
– Себебі ол әр түн сайын үй үлкендері ұйықтап қалған уақытта, терезе алдына жайғасып, сол телескоппен аспан төріндегі жұлдыздарды бақылайтынын үнемі айтып отыратын. Юпитер, Альдебаран, Кассиопия... – қолын созып, «аспан қожайынының» құшағында пайда болған жұлдыздарды көрсете бастады. Айналаға ымырт түсіп, түн өзінің қанатын жая бастаған уақыт еді. Енді бағанағы прожектор анық көріне бастады. Әр сәт сайын жұлдыздарға тамсанып, олармен тіл табысқысы келген жарық атаулының барлығы көкке жебелері жетпесе де, семсерлерін сілтеп жатқандай болып көрінді.
– Ол жұлдыздарға үнемі қарап отыратын, – деді үзіліп қалған әңгімесін қайтадан жалғап. – Сосын менің арғы атамнан жанағы үйдегі жас бала «Мынау не? Не үшін керек? Әлде мен кіммін өзі?» деп жалғыз қалған уақытта аспанға қарап, өз-өзінен сұрайтын көрінеді.
Ол қайтадан үндемей қалды. Жайқалған ағаштар басында енді көзін ашып келе жатқан жұлдыздарға кіл қонақтар да қарап қалыпты. Жұлдыздар ешқашан сөнбейді, олар мәңгілік қытық қысқан күлегеш келіншектей жымың қағып тұратындай боп көрінеді. Лондон өткенді еске алып мұңайып қалған секілді. Қазіргі бір сәттік сағыныштың салмағы арадағы жүз жылдың салмағынан әлдеқайда ауыр еді. Аспанға құмар кішкентай бала да қонақтармен бірге жұлдыздарға қарап тұрды. Олардың барлығы мұнара басында қара аспанның таңғажайып көріністеріне тамсанып тұрған болатын.
Кенет осы керемет сезімнің жетегінде өзге әлемге сапар шеккен қонақтардың қиял қамалын арт жақтан келген бір кісінің дауысы бұзып жібергендей болды:
– Әрине, өте дұрыс. Осы жұмада...
Олар болса, мұнарадан балконға қайтадан ұшып келгендей селк ете қалды да, өз орындарына жылжи бастады. Ешкім ештеңе ұғар емес.
– Оған ешкім де ештеңе айта алмас еді, – деп, Айвини ханым әлсіз ғана сөйлей бастаған шақта қонақтар арасындағы ерлі-зайыптылар орнынан тұрып, жинала бастады. Оларға ешқандай көңіл аудармастан:
– Ол жалғыз болатын, – деп үзілген әңгімесін қайта жалғады. – Жаздың мамыражай күндерінің бірі еді. Маусым айы. Тауықтар аулада өздеріне себілген дәнді асқан ұқыптылықпен теріп жүр. Ыстыққа шыдай алмай, қорадағы ат та әлсін-әлсін кісінеп қояды. Үй иесі болса, ештеңеден хабары жоқ, жартылай бос стаканды алдына қойып ұйықтап жатыр. Осы шаңырақтың бар ісі әйелдің мойнына жүктелгендей, ас бөлмесінде шелегін жуып жүрген. Мүмкін, мұнара басынан тас құлаған шығар. Белгісіз. Әйтеуір, сол күн шексіз әм өтіп болмастай көрінді. Ал оның сөйлесетін адамы да, істейтін ісі де жоқ. Бейне бір осынау самиян сар даланы құшағына алып, бір мағына іздегісі келгендей көзін сығырайтып жататын.
Алагеуім уақытта қонақтар қауымына Айвими ханым терезе кернеуіне жантайып ап, биік мұнарадан кең алқапқа көз тігіп отырғандай болып елестеді.
– Тек қана аспан мен жер, аспан мен жер... шегі мен шеті жоқ, – деді қиялға берілген күйі.
Кенет көзіне бірдеңе көрінген болуы керек, бейнебір қанатын жайған періште секілді қос қолын көтере қойды.
– Телескоптан жер беті қалай көрінеді екен, ә? – деп бала кезінде шалдан сұрай-тұғын.
Ханым ауадағы бір сұлбаны бұрып жібергендей саусақтарын бағытсыз сілтеп жіберді.
– Ол бір сәтке телескоптың дүрбісін жерге бағыттады. Сөйтті де жерден бәрін көріп тұрды. Тіпті, орманды... ондағы әр талды... шырылдаған құстардың өзін де... мұржадан шыққан түтінше тербелген бағандарды да... анау талдардың арасындағыны да... сосын... сосын... төмен қарай... төменірек(ханым көзін төмен түсірді)... енді міне, алдында үй... орман арасындағы үй... ферма... тіпті, әр тасына дейін анық көрініп тұр... тіпті, есіктің екі жағындағы шығыс гүлдеріне ұқсас көкшіл һәм алқызыл түсті гүлдері де... – ол сәл кідіріп қалды – ...үйден бір бойжеткен шықты... көк көйлекте... сосын құстарға жем шаша бастады... кептерлер... барлығы бойжеткенің етегіне тығыла бастағандай... сосын... бір уақытта... бозбала... ия... ия, бозбала! Ол да үйдің артынан сап ете қалды. Сосын ол оны құшақтады! Екеуі ең нәзік сезімнің ырқына жығылып... жігіт жай ғана бойжеткенің ернінен сүйе бастады... сүйе бастады...
Айвими ханым құшағын айқара ашып әлдекімді сүйіп жатқандай болып көрінді.
– Ол өмірінде алғаш рет қыз бен жігіттің сүйіскенін көрді. Телескоп арқылы бірнеше шақырымды артқа тастап осындай оқиғаға куә болды.
Ханым телескоптан көзін тайдырып әкеткендей басын бұрып, бойын тіктеп тұра қалды.
– Ол еш ойланбастан текпешектен жүгіріп отырып жерге түсті. Сосын... жазық даланы бетке алып жүгіре берді... жүгіре берді... қайда, неге, не үшін, ол ештеңе білмеді, тек жүгіре берді. Қанша уақыт жүгіргенін өзі де білмейді, әйтеуір ағаш басына алғашқы жұлдыз қонақтағанда ғана, терге малшынған күйі үйіне оралды.
Ханымның қарсы алдына әлдебіреу жүгіріп келгендей, төмен қараған күйі үндемей қалды.
– Ал сосын, сосын... сосын не болды? Ол не деді? Ал қыз ше...- деп оны барлығы алқымнан алып, тыныштық берер емес.
Кенеттен Айвими ханымның бетіне телескоптан жарық түскендей болып еді, сөйтсе әуе шабуылына қарсы оқу жаттығу кезінде жау ұшақтарын іздеген прожектордың жарығы екен. Сосын ол иығын аймалап түсіп бара жатқан көк орамалын түзеп алды да, стол басынан тұруға ыңғайланды. Бір мезет, бейне бір жау алдында тұрғандай қос қолын көкке созып көтере салмасы бар ма?! Бұл жолы ол періштеге ұқсамады. Білем, неге өйткенін өзі де ұққан жоқ.
– Қыз ба? Енді ол... – «Ол қыз мен едім» деп айтқысы келді де, дереу тілін тістеген күйі үндемей қалды. Бірақ сәлден кейін өз-өзіне келіп – ол менің арғы әжем болатын, – деп аяқсыз қалған сөзін жалғады.
Енді ханым жан-жағынан орындықтың жақтауына қойылған жамылғысын іздей бастады.
– Бірақ айтыңызшы, үйдің артынан шыққан бөтен ер адам ше? Оған не болды? – деді қонақтар әңгіменің аяқсыз қалғанына ренжіген кейіпте.
– Бөтен ер адам? А, ол ма... ол... Айвими ханым жамылғысын алып жатып мұрынының астынан: «жоғалып кеткен болуы керек», – дей салды.
Ал бұл уақытта прожектор жарығы алыстап кеткен еді.
– Жарық – тек бір сәтке ғана өзінің шынайы нұрын түсіреді, – деп, жамылғысын арқасына ілген қалпы Айвими ханым кері бұрылды.
Ендігі кезекте прожектор Букингем сарайының жалпы қасбетіне жарығын түсіріп тұрған бола-тұғын. Ал қонақтарға театрға баратын уақыт та таяп қалды...
Файзулла ТӨЛТАЙ
Ұлт порталы