Фото: видеодан алынған кадр
Қостанайда такси жүргізушісін пышақпен қорқытқан ер адам "ізін суытпай" ұсталды.
Облыстық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын баяндады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
7 қаңтарға қараған түні Рудный қаласының екі тұрғыны облыс орталығына таксимен барған. Жолаушылардың бірі қалаға кіреберісте такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, ақша талап етіп, оны басқа елді мекенге жеткізсін деген. Ал такси жүргізушісі полицейлердің қызметтік көлігін көріп, назарын аудару үшін әдейі соқтығысқан. Осы сәтті пайдаланып, ол қауіпсіз қашықтыққа қашып кеткен. Сол кезде күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан. Бірақ патрульдік полицейлер оны тез арада ұстаған.
"Тонауға оқталу" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады" - делінген хабарламада.
Ведомство қақтығыс нәтижесінде ешкім зардап шекпегенін атап өтті. Қызметтік автокөлікке елеусіз материалдық залал келтірілген.