© Sputnik / Абзал Калиев
Қостанай қаласында бөтеннің мүлкін жымқыру арқылы бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы наурызға дейін сотталушы мектептердің бірінде мұғалім әрі кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жұмыс істеген.
Ол қызметкерлердің дербес деректеріне қол жеткізе отырып, солардың атына түрлі микроқаржы ұйымдарынан онлайн-қарыз рәсімдеген. Кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсету сылтауымен және өзге де ойдан шығарылған негіздермен қызметкерлерді сендіріп, микроқаржы ұйымдарында онлайн бейне-верификациядан өтуін ұйымдастырған.
"Алынған қаржы сотталушының банктік шотына түсіп отырған. Алынған ақшалай қаражаттың болмашы бөлігі мектеп қызметкерлеріне материалдық көмек ретінде беріліп, қалған соман айыпталушы өз қалауынша жұмсаған", - дейді сот.
Нәтижесінде 3,6 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Сотта ол өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
"Сот оның жеке басын, жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың ішінара өтелуін ескере отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын, жаза мерзімінің бүкіл кезеңіне пробациялық бақылау белгілеумен, сондай-ақ 5 жыл мерзімге кәсіподақ басқарма төрағасы лауазымдарын атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.
Рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес ол түпкілікті өтеуге 2 жыл 9 ай 18 күн
бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
