Фото: ашық дереккөз
Қостанай облысының денсаулық сақтау саласында анықталған қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қадағалау органының ақпаратынша, сыбайлас жемқорлыққа негізделген қылмыстық схема медициналық ұйымдардың қажетсіз жабдықтарды негізсіз жоғары бағамен сатып алуымен байланысты болған. Коррупциялық сипаттағы мемлекеттік сатып алулар салдарынан мемлекеттік бюджетке ірі көлемде залал келтіріліп, оның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асқан.
Аталған деректер бойынша Қостанай облысының прокуратура органдары қылмыстық істер тіркеген.
Бұған дейін Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаевтың, Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевтің және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экс-орынбасары Ерболат Доспановтың ұсталып, қамауға алынғаны жөнінде хабарлаған еді.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңіп алып, ауруханалар мен клиникаларға жабдықтарды қымбат бағамен жеткізген мердігердің де ұсталғаны белгілі болды.
Тергеу аясында өзге де тұлғалар, оның ішінде бірқатар медициналық ұйымдардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмей отыр.
