15 нау, 2018 сағат 11:17

Қостанайда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басу қаупі бар

2018 жылы Қостанай облысында төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға 461 млн теңге бөлінді, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" tobyl-torgai.kz сайтына сілтеме жасап.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Талғат Кәкімов жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын айтты. Арнайы құрылған топ Арқалық қаласындағы Үштөбе, Ашутасты, Ақжар өзендерінің аңғарын және қар суы жиналатын сайларды қарап, тексеріп шыққан. Қараторғай, Сарыторғай, Саба өзендеріне жақын орналасқан елді мекендерде жыл сайын су тасқыны болатын. Биыл ондай қауіп жоқ деп отыр құтқарушылар. Аманкелді ауданына қарасты Амантоғай, Үрпек, Қарасу ауылының маңындағы Жалдама және Торғай өзендері де арнадан аспауы тиіс.

Жалпы алғанда, Қостанай аймағында су тасқыны болжанып отырған жоқ. Синоптиктердің хабарлауынша, түскен қардың қалыңдығы нормаға жетпейді.

Өткен жылы облыста көктемгі су тасқыны 97 елді мекенді әлекке түсірген еді. Соның ішінде 40 елді мекен қар суынан зардап шексе, қалғаны су қоймаларының тасуынан әбігерге салынды.

– 2017 жылдың соңында Қостанай облысының әкімімен «2018 жылдың облыстағы тасқын кезеңінде төтенше жағдайларды алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары» әзірленіп, бекітілді. Қазір ол барлық қала мен аудандардың әкімдіктеріне орындалу үшін жіберілді. Осыған сәйкес олар тасқынға қарсы штабтарды құру бойынша жұмыс атқаруда, – деді ТЖД басшысы.

«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Лариса Кузьминаның мәліметінше, облыста қыстай жауған қардағы су қоры былтырғының 40% ғана құрайды екен. Ал су қоймаларындағы су оның 68% толтырып тұр, 449 млн текше метр су сыятын орын бар. Алайда, су тасқыны ылғи қардың көптігінен бола бермейді. Су өткізгештердің бітеліп қалуынан кептелген су ойдағы ауылдарды басатын.

Қостанай қаласында шамамен 8 мың тұрғыны бар екі мыңнан астам тұрғын үйді қар суы басуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары оған да дайынбыз деп сендіреді.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе су басуы мүмкін алқаптардағы осал учаскелер анықталып, тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Облыстың Денсаулық сақтау басқармасы су басу қаупі бар аймақта тұратын жүкті әйелдерді есепке алды (97 адам). Су басу аймағынан эвакуацияланған азаматтарды уақытша орналастыруға 152 нысанды дайындап отырмыз (жатақхана, қонақ үй, білім нысандары, т.б.), 30 шатыр мен 32 киіз үй де бар. Одан басқа 3 мың 248 кереует, 6 мың 67 төсек орын жиынтығы және 5 мың 798 тонна азық-түлік дайындалған. Сондай-ақ үй жануарларын айдауға 46 орын әзір, – дейді Талғат Кәкімов.

Қысқасы, биліктегілер жағымсыз «тосынсый» болмайды деп отыр. Тасқын суға қарсы қимылға Қостанайда 2 262 адам және 826 техника бірлігі тартылады. Су басуы мүмкін аймақтарда 488 инженерлік техника, 221 жүк көлігі, 137 автобус, 83 жүзу құралы, 245 суды сорып алатын арнайы техника бірлігі дайын тұр.